Аймақтар • 18 Тамыз, 2020

Алматы облысында жер комиссияларының құрамын түбегейлі қайта қарау тапсырылды

595 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Індетпен күрес жағдайындағы карантин кезеңінде қызмет түрлерін цифрландыруға деген қажеттіліктің күрт өскені байқалады. Соған сәйкес жыл соңына дейін Алматы облысында мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру деңгейін 90 % жеткізу көзделіп отыр. Бұл біріншіден, тұрғындардың мемлекеттік қызмет алудағы уақытын үнемдеуге әсер етсе, екіншіден қызмет көрсетудің ашықтығына, қолжетімділігіне және жемқорлық фактілерінің алдын алуға ықпал ететін фактор. Бұл туралы бүгін Алматы облыстық сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында айтылды, - деп хабарлайды Egemen.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Алматы облысында жер комиссияларының құрамын түбегейлі қайта қарау тапсырылды

Бүгінде Алматы облысының әкімдігі тарапынан 170 мемлекеттік қызмет көрсетілсе, соның 141-і, яғни 82,9 %-і автоматтандырылған. Өңірлік геоақпараттық жүйе аясында Алматы облысында жер қатынастары мен сәулет салаларындағы 21 мемлекеттік қызметті автоматтандыру жұмыстары аяқталуға жақын. Сол сияқты білім мен спорт салаларындағы тағы 12 қызмет түрі де автоматтандырылуда. Тұрғын үй-коммуналдық салаға, қоғамдық көлік қатынасына цифрлық жаңалықтар енгізу мақсатында бірқатар жобалар қолға алынуда.  Облыстық цифрландыру басқармасының басшысы Талғат Омаров Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың төрағалығымен өткен комиссия отырысында осындай мәліметтер келтірді. Жиын барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департамент басшысы Е.Мақажанов департамент тарапынан жасалған талдау жұмыстарының қорытындысы бойынша бірқатар мәселелер көтерді. Мәселен, жыл басынан бері Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 137 құқық бұзушылықты анықтаған, соның 75,2 %-і немесе 103 заңбұзушылық - сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстар. Осы мерзім ішінде сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне барғаны үшін 87 адам қылмыстық жауапқа тартылған. Олардың қатарында жергілікті атқарушы орган қызметкерлерінің үлесі біршама. Әсіресе, жер қатынастары саласында жер комиссиясы жұмыстарына ерекше қырағылықпен қарап, қажет болса комиссия құрамын түбегейлі жаңадан қалыптастыру қажеттігі де ұсынылды. Бұл орайда Е. Мақажанов жемқорлық қылмыстың алдын алу шараларына көбірек көңіл бөліп, әр мекеме өзінің ішкі бақылауын күшейтуі тиіс екенін атап көрсетті.

Жиын барысында облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Сәбит Сәдуақасов та өз тарапынан жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шаралары туралы толықтырып өтті. Оның айтуынша, 2015 жылы жердің 7 санаты енгізілген және жер учаскелерінің паспорттарын қарау мүмкіндігі бар электрондық карта жасалды. Қазіргі уақытта жер картасының қабаттары мен объектілерінің құрамы кеңейтілді. 2017 жылы электрондық картаны мемлекеттік тізіліммен және облыс басқармаларының деректер базасымен интеграциялау жүргізілді.

Сол сияқты 2019 жылы көрсетілетін мемқызметтерді цифрландыруға облыстық бюджеттен 508,0 млн. теңге бөлініп, игерілген. Алматы агломерациясын қамти отырып, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің геопорталын, «Жылжымайтын мүлік тіркелімі» мемлекеттік деректер қорының ақпараттық жүйесін, халыққа қызмет көрсету орталықтарының ақпараттық жүйесін интеграциялау жұмыстары жүргізілуде. Бұл мақсатқа 272,6 млн. теңге сомасына бюджеттік өтінім беріліп, жұмыстар Алматы қаласына жақын орналасқан 5 аудан орталығында жүргізіледі деп жоспарланған.

Жиын соңында облыс әкімі Амандық Баталов оқылған баяндамалар мен айтылған ұсыныстарды қорыта келе:

- Бүгінгі көтеріліп отырған мәселелердің бәрі де өзекті. Біз Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментімен бірлесіп, жемқорлық әрекеттердің алдын алу, түсіндіру жұмыстарын үздіксіз, қажет болса департаменттен жан-жақты әдістемелік көмек ала отырып атқаруымыз керек. Әр мекеме-ұйым өзінің ішкі бақылауын күшейтуі керек. Аудан, қала әкімдеріне жер мәселесінде заңсыздықтарға жол бермеу туралы қатаң ескертемін. Орынбасарым Серік Тұрдалиевке аудан, қалалардағы жер комиссиялары жұмысын егжей-тегжейлі зерделеуді тапсырамын. Кемшіліктерге, заң бұзушылыққа жол бергендердің комиссия құрамында қалуына жол берілмейді.  Түгелдей қайта жасақтап, жаңарту керек. Расында, коронавирусқа байланысты шектеу кезеңі бізге цифрландыру ісімен түбегейлі айналысу қажеттігін айқын көрсетті. Қызмет түрлерін автоматтандыруды одан әрі үдетуіміз керек, - деді А. Баталов.