Індет індеп бара жатқан соң шектеу шараларын мықтап күшейткеніміз амандығымыздың басты кепілі болды. Дауасы табыла қоймаған дертке қарсы тұрар амалымыз – әзірге алдын алып, қорғану ғана.
Карантиннің аяқталғанын жұрт асыға күткені жасырын емес. Дей тұрғанмен, сақтық шараларын барынша ұстанып, дәрігерлер мен медицина мамандарының айтқан кеңестерін естен шығармауымыз керек. Себебі індеттің ізі өшті ме, өшпеді ме ол жағы бір Аллаға аян. Сондықтан осы елдің бір азаматы ретінде Қазақ елін, отандастарымызды осал болмауға, карантин бітті екен деп босаңсымауға, той-томалаққа, адам көп шоғырланатын жерлерге бармауға шақырамын. Осыған дейін орын алған қайғылы оқиғалардан сабақ алып, маскамызды тағып, жақынымызға жанашыр болуды жадымыздан шығармасақ деймін. Қызық пен қуанышқа, той мен думанға баратын шаттыққа толы шақтар әлі алда. Ол үшін осынау қиын кезеңде қиылып түспей, ел болып еңсемізді тіктеп, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарар күнде бірлігімізді танытып, бір-бірімізге қол ұшын берейік. Тұғырлы еліміздің ғұмырлы болашағына сенейік. Іргеміздегі індетті бірге жеңейік.
Айбек БЕКБОСЫН,
күйші-композитор,
Ә.Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармониясының директоры
СЕМЕЙ