Конкурсты ұйымдастырушылардың мақсаты – адамзаттың санасына ой салып, жануарларға деген қатігездік пен қоршаған ортаға немқұрайлы қарамауды бала кезден бойға сіңіру. Байқау діттеген мақсатына жетті десе болады. Туындымен бірге эссе жазып жіберген жас суретшілер, үлкендерді аң аулауды доғарып, табиғатты аялауға шақырды.
– Бұл көз – халық көзі. Табиғаттың ластанып бара жатқанын көріп тұрған елдің көз жасы. Әр адам өз елінің көркейуіне үлес қосуы қажет. Табиғатты қорғау – парыз. Кей адамдар оны түсінбейді, түсінгісі де келмейді. Айналаны ластап, денсаулыққа зиян әкелуде. Бүкіл халық болып экологияны, қоршаған ортаны тазартуға тырыссақ, ауа таза болар еді. Әр сенбі сайын сенбілікке шықсақ, көктем мезгілінде бұтақ отырғызсақ, өз қоқысымызды әр жерге емес, қоқыс жәшігіне лақтырсақ жеріміз де қалдыққа толмас еді. Сол себепті табиғатты қорғауға шақырамын, – дейді 11 жасар атыраулық Руслан Джаббаров.
1 сәуірде бастау алған байқауға Қазақстанның түкпір-түкпірінен 4 мыңнан астам бала қатысты. Жеңімпаздар төрт жас тобы бойынша марапатталады. Ұйымдастырушылар онлайн марапаттың ерекше болатынын алға тартады. Бас жүлдемен қатар, барлық қатысушыға арналған сыйлық бар.
– Жануарларды қорғау тақырыбы қазір өте өзекті. Осынша бала атсалысып, тақырыпты аша білгені қуантады. Кейбір туындылар қатты таңғалдырды, тіпті оны бала салды дегенге сенбейсің. Неге десеңіз, суреттер сапалы және онда терең ой жатыр, – дейді қазылар алқасының мүшесі, БҰҰ қоршаған ортаны қорғау бағдарламасының қызметкері Олжас Атымтаев.
Қазылар мүшесінің құрамында Қазақстанның көркемөнер академиясының академигі, график, иллюстрациялаушы Бубэ Нелли, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы Бейнелеу өнерінің тарихы мен теориясы кафедрасының профессоры Ольга Батурина, Қазақстан Республикасындағы БҰҰ Ғаламдық коммуникация департаментінің жетекшісі Властимил Самек, эко-белсенді, балалар мен жасөспірімдер фестивалінің кураторы, «Балалар әлемді бейнелейді» қоғамдық қорының директоры Мөлдір Бекжан бар.
Конкурс Қазақстан Президентінің қамқорлығымен БҰҰ қоршаған ортаны қорғау бағдарламасының Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні аясында Білім және ғылым министрлігі, Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен, «Балалар әлемді бейнелейді» қоғамдық қоры, бас серіктес «Edu Stream» компаниясының және «Технодом» мен «Настоящий Буратино» серіктестерінің қатысуымен өтеді.
Жас суретшілердің туындыларымен www.alembala.kz және www.drmfund.com сілтемеден таныса аласыздар.