ДДҰ басшысы Женевада өткен баспасөз мәслихатында қаңтар айының соңында құрылған серіктестік платформасы елдерге қаржылық проблемаларды, сондай-ақ тәжірибелі медицина кадрларына тапшылықты және қажетті заттардың болмауына байланысты қиындықтарды жеңуге көмектесіп жатқанын еске салды.
"Бұл ретте, мемлекеттер басшылары ең алдымен, өз азаматтарын қорғағысы келеді. Алайда, пандемияға қарсы іс-қимыл шаралары ұжымдық сипатта болуы тиіс. Бұл қайырымдылық туралы мәселе емес. Сабақ боларлық тәжірибеден түсінгеніміздей, пандемияны тоқтатудың және экономикалық дамуды қалпына келтірудің ең қысқа жолы – бұл жекелеген елдердің барлық тұрғынын емес, тәуекелі жоғары топтарды мүмкіндігінше жедел қорғау", – деп атап өтті ДДҰ бас директоры.
Оның айтуынша, бұл тәсіл барлық мемлекеттің мүддесіне жауап береді. Себебі бір ғана адам қорғаудан тыс қалса, ешкім өзін қауіпсіз сезіне алмайды. Тедрос Гебрейесустің сөзінше, бірлесіп жұмыс істей отырып, біз «алғы шептегілердің» барлығын қорғаныс құралдарымен, ал емдеуді қажет ететіндерді дексаметазон сияқты тиімді препараттармен қамтамасыз ете аламыз.
Сондай-ақ ДСҰ басшысы диагностиканың жаңа құралдарын, дәрі-дәрмектер мен вакциналарды әзірлеу жүріп жатқан қазіргі кезде өткен қателіктерді қайталамай, "вакциналық ұлтшылдықтан" аулақ болуға шақырды. ДСҰ басшысы мәлім еткендей, әділеттілік және теңқұқылық қағидаттарын негізге ала отырып вакциналарды үлестіру жоспары екі кезеңнен тұрады.
Бірінші кезеңде, вирустың таралуының жалпы тәуекелін төмендету үшін вакцина оны әзірлеу бойынша жаһандық механизмге қатысып жатқан барлық мемлекетке тең көлемде және бір мезгілде жеткізіледі.
Екінші кезеңде қауіп-қатер мен осалдық ауқымы назарға алынатын болады. Бұл жерде мәселе, ең алдымен, медицина қызметкерлері мен әлеуметтік қызметшілер, сондай-ақ қарт және созылмалы аурулары бар адамдар туралы болып отыр.
"Егер біз тәуекел тобындағы адамдарды бір мезгілде қорғай алмасақ, денсаулық сақтау жүйелерін жылдам тұрақтандыра алмаймыз және жаһандық экономиканы қалпына келтіру мүмкін болмайды", - деді ол.
Қазақстандағы және әлемдегі соңғы жаңалықтарды бірінші болып оқу үшін Telegram желісінде бізге жазылыңыз.