Аймақтар • 20 Тамыз, 2020

Офицерлер ұстаханасы

254 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Офицер мамандардың ұста­ханасына айналған Ұлттық ұлан әскери институты Үкі­мет қаулысымен өз есігін 1997 жылдың 18 наурызында Петропавл қаласында ашқан болатын. Сол жылдың 20 желтоқсанында оқу орнына еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев келіп, жеке құрамға Жауынгерлік туды табыстаған еді. Сол кезде сардарлар мен кур­санттар алдында сөз сөй­леген Елбасы: «Сол­түс­тік өңірдің қатаң климатын­да білім алып, тәр­бие­ленген курсанттар әбден шыңдалып, еліміздің офицерлер корпусын лайықты толықтыратынына сенім­дімін» деген болатын. Осы уақытқа дейін әскери оқу орны 3,5 мыңнан аса офицер маманды даярлап, ел әскері қатарына қосты. Олар­дың дені бүгін Ұлттық ұлан әскери бөлімдері мен батальон звеносында қыз­мет етсе, кейбір алғашқы тү­­лектер полковник шеніне жетті.

Офицерлер ұстаханасы

Биыл оқу орны өздерінің 20-шы түлектерін үлкен әс­ке­ри өмірге қанат қақтырды. Біз жар­қыраған ауласының өзі­нен қатаң әскери тәртіптің, тазалық­тың лебі есіп тұрған оқу орнына соғып, институттың бастығы, PhD доктор, генерал-майор Бауыржан Әбжановпен әңгімелескен едік. Генералдың айтуына қарағанда, осынау әскери институттың елі­міздің теріскейі – Қызылжар өңірінде орын тебуі бекер емес. «Мұның ең басты себебі болашақ офи­церлердің солтүстіктің қа­таң климаттық жағдайында шың­далып, төзімділігінің қалып­тасуын ескеруден туын­даған. Қы­тымыр қыста сыналған сар­дардың сын сағатта сыр бер­месі анық. Білім ордасында курсант­тар төрт жыл оқиды. Осы уақыт олардың білімі мен білік­тіліктерінің қа­лып­тасуына жеткілікті екенін көрсетті. Біз әр уақыт түлектердің қызметтік жолын саралаймыз. Бүгінгі таңда әскери оқу орнын бітірген офицерлердің дені рота, батальон, полк сияқты әскери звенода қызмет етуде», деді Б.Әбжанов.

Бүгінгі таңда бұл инсти­туттың түлектері тек Ұлттық ұлан­да ғана емес, барлық әлеу­етті органдарда қызмет етеді. Ашылғаннан бері оқу орнын 3500-ден аса тү­­лек аяқтаған. Олардың 254-і оқуын үздік бітіріпті. Ал 45 курсант «Әскери оқу орнын үздік аяқтағаны үшін» кеуде белгісімен марапатталыпты. Мұ­ны офицердің алғашқы медалі деп айтуға болады. Қазіргі кезде 40 түлек Ұлттық ұланның Бас қол­басшылығында, 70 түлек өңір­­лік қолбасшылықтарда қыз­мет атқаруда, төрт түлек өңірлік қолбасшылықтардың орынбасары болған. Ал 18 офицер институтта ұстаздық етуде.

Генерал Б.Әбжанов өзінің сөзінде ұстаздардың отандық және шетелдердің әскери академияларында білімдерін шың­дауды әрдайым назарда ұстай­тындығын да жеткізді.

Әрине оқу орны материал­дық-техникалық базамен заманауи талаптарға сай қамтамасыз етілмесе, курсанттардың бі­лімді толық алуы мүмкін емес. Осыны ескерген институт бас­­шылығы курсанттардың алаң­сыз білім алуларына бар­лық жағдайды жасаған. Мате­риалдық база талапқа сай, қару-жарақ және техникамен жа­рақ­тандырылған. Далалық жағ­дайда жаттығу үшін оқу орталықтары мен әс­кери атыс алаңдары тиімді жұмыс істейді. Әрине бұдан біз түлектердің оқуды аяқтаған соң әскери бө­лімдерге келгенде, іс жүзінде жинаған тәжірибесін қиналмай қолдануына негіз бар екенін аңғарамыз. Сонымен бірге кур­санттардың командирлік дағ­дыларды меңгеріп, еліміздің жалынды, білікті әрі патриот азаматы ретінде қалыптасуына оқытушы-профессорлық құрам үнемі көңіл аударып отырады.

Айта кететін жайт, оқу орны 6 бағыт бойынша мамандар дайын­дайды. Атап кетер болсақ, олар Ұлттық ұланға тактикалық басшылық, тәрбие және әлеу­меттік-құқықтық жұмыстар, тыл­­мен қамтамасыз ету, байланысшы, техника және қару-жарақ, инженерлік-техникалық қамтамасыз ету мамандары. Жыл сайын оқуға 200-ге тарта курсант қабылданады. Ал ниет білдіріп, сынаққа қатысатындардың саны бұдан 3-4 есе көп. Оқуға тек мек­теп бітіруші түлектер ғана емес, жасы 24-ке дейінгі мер­зімді қыз­меттегі сарбаздар, ке­лісімшарт бойынша қызмет істейтін 25-тен аспаған әскери қызметшілер қабылданады. Әр талапкер оқуға түсу үшін өзінің тұрғылықты мекенжайы бойын­ша Ұлттық ұланның әскери бө­лімдері немесе Қорғаныс істері жө­ніндегі департаменттеріне өті­ніш білдіре алады. Биыл институт 219 маманды еліміздің қор­ғаныс қуатын арттыруға, қауіп­сіздігі мен тыныштығын күзетуге аттандырды.

Біз Бауыржан Әбжановтан Ұлттық Ұлан курсанттары мен офицерлеріне мемлекет та­­ра­­пынан қандай жеңілдік­тер қарастырылған деп сұраға­ны­мызда ол: «Мемлекет оқуға түскен курсанттың тегін білім алуы­н қамтамасыз етеді. Сонымен бір­ге оқуын, жатын орны, киім-кешегі мен тамақтануын да то­лық өз қамқорлығына алған. Сон­дай-ақ оларға ақшалай үлес те қарастырылған. Жазды күні 30, қыста 14 тәулікке дейін дема­лысқа баруына рұқсат етіледі. Демалыс орнына барып-келу жолақысының да тегін екенін айта кеткен жөн. Оқуды аяқтаған курсант «лейтенант» әскери шенін алып, Ұлттық ұланның әскери бөлімдеріне, сондай-ақ еліміздің басқа да әлеуетті құрылымдарына сұраныс бойын­ша жолдама алады. Оқуды тәмамдаған түлектер бірден 10 жылға әскери қызметке ке­лісімшартқа отырады. Қа­зір түлектерді, жалпы Ұлт­тық ұлан­­ның барлық әс­кери қыз­­мет­шілерін баспанамен қам­­­та­масыз ету мәселесі де жақ­сы жолға қо­йылған. Мем­лекет әскери ма­манның қыз­мет ететін орны бойын­ша сол ай­маққа тиесілі тарифке сәйкес оның арнайы есепшотына ақша аударады. Бұл оның әр отбасы мүшесіне де тиесілі екенін айта кеткен жөн», деп жауап берді.

Айта кететін жайт, бұл оқу орны ҰҚШҰ аясындағы халық­аралық келісімдерге сәйкес 2009 жылдан бастап Қырғызстан және Тәжікстан елдерінің әскерлеріне жыл сайын 10 сардардан даяр­лайды. Көрші елдердің курсанттары бір үйдің баласындай біте қайнасып кеткен. Олардың мемлекеттік мейрамдарын атап өту де институтта игі дәстүрге айналды.

Институттың 20-шы түлек­терін ұшыру әскери салтанатты жағдайда аталып өтті. Оқу орнының болашағы зор, еліміздің өркендеуіне тигізетін пайдасы мол екеніне сенімдіміз.

 

ПЕТРОПАВЛ