Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов бастаған қазақстандық делегация өкілдерінің Санкт-Петербург қаласына сапары аяқталды. Ресейдің солтүстік астанасында ТМД мемлекеттері, ЕурАзЭҚ Парламентаралық Ассамблеялары мен Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы Парламенттік Ассамблеясы ұйымдастырған шаралар аясында Достастық елдері кеңістігіне ортақ, өзекті мәселелер жан-жақты сараланды.
Бірнеше күнге созылған сапар барысында ТМД елдері мен ЕурАзЭҚ Парламентаралық Ассамблеялары, ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясы өкілдерінің көкейінде жүрген мәселелер өзінің айтарлықтай салмақ-жүгімен ерекшеленетініне тағы бір көзіміз жетті. Олай дейтініміз, аталған Ассамблеялар шеңберінде талқы таразысына түскен саяси, халықаралық ынтымақтастық, қорғаныс және қауіпсіздік, құқық, білім және ғылым, экология және табиғатты пайдалану, сауда және шекаралық саясат, кедендік реттеу сынды мәселелердің қай-қайсысы болса да, өзара тиімді үнқатысу жолымен жедел түрде шешуді қажет ететіні анық. Мәселен, бүгінде көптің назарында жүрген Кедендік одаққа қатысты жәйттер Ассамблеялар өкілдерінің қызу талқысынан сырт қалмады. Мәселен, Еуразия экономикалық қоғамдастығының Бас хатшысы Тайыр Мансұров бүгінде өз күшіне еніп үлгерген Кедендік одақ жұмысын посткеңестік кеңістіктегі маңызды интеграциялық үдеріс ретінде бағалайтынын жеткізді. Ол өз сөзінде бұл үдерістердің қиындықсыз болмайтынын, сол себепті де бірлескен ауқымды жиындар өткізіп тұру қажеттігін атап өтті.
Санкт-Петербургтегі жиындарға арқау болған ауқымды мәселелер еуропалық қауіпсіздікті нығайту төңірегінде де өрбіп отырды. Ассамблеялар ұйымдастырған шаралардың соңғы күні “Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 65 жыл және еуропалық қауіпсіздік болашағы” атты халықаралық парламенттік конференцияның пленарлық отырысында қауіпсіздік тетігін нығайтудың жолдары жан-жақты қарастырылды. Бұл отырыс барысында сөз сөйлеген еліміз Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов адамзат тарихына айтарлықтай ізін қалдырған екінші дүниежүзілік соғыс, еуропалық қауіпсіздік қалқанын күшейту төңірегінде өз ой-пайымымен бөлісті. “Екінші дүниежүзілік соғыстың суық лебі Еуропа ғана емес, Азия мен Африка елдерін шарпып, Жаңа Зеландия мен Аляска, Египет пен Австралия жерлеріне жетті. Бірақ ең адам төзгісіз әрекеттер мен айрықша драматизммен айқындалған оқиғалар Кеңес Одағы аймағында шоғырланды. Бірақ, Кеңес Одағының қайсар-жігері арқасында неміс фашистерінің араны жабылды. Алайда бұл жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Миллиондаған адамның өмірі қиылып, ондаған миллион жан жақындары мен туыстарынан айрылды. Бұл сөзсіз әлемдік қасірет, жалпыадамзаттық күйзеліс еді”, – деді О.Мұхамеджанов.
Осылай дей келе ол, ақпан айында өткен Мюнхен халықаралық конференциясы Еуропадағы қауіпсіздіктің жаңа шеңберін іздеу қажеттігіне көптің көзін жеткізгенін атап өтті. “Еуропалық қауіпсіздік – ол еуразиялық қауіпсіздіктің негізі. Қазақстан өзінің ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезінде Еуропаның ТМД кеңістігіндегі, Орталық Азия мен мұсылман әлеміндегі сенімді серіктесі ретіндегі беделін айқындап үлгерді”, – деді еліміз Парламенті Мәжілісінің Төрағасы. Бұл ретте ол парламенттік дипломатияның рөлі күн санап арта түскендігіне, Қазақстанның парламентаралық ынтымақтастықты саяси үнқатысудағы басты құрал ретінде ұстанатындығына да тоқталды.
Еуропалық қауіпсіздікті нығайтудағы парламенттік дипломатияның рөлі ТМД Парламентаралық Ассамблеясы Тұрақты комиссиясының бірлескен отырысында де кеңінен айтылды. Мәселен, Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты Уәлихан Қалижан трансшекаралық қауіпсіздік, оның ішінде терроризм, жаппай қырып-жою қаруын таратпау, Шығыс пен Батыс, Оңтүстік пен Солтүстік арасындағы шектен тыс миграциялық ағын, есірткі заттарының саудасы секілді күрмеулі мәселелер әлемдік қоғамдастықты көп жәйтті қайта саралауға мәжбүрлейтінін жеткізді.
Бір атап өтерлігі, күрделі мәселелер өзек болған ауқымды шаралар кезінде оған қатысушы делегат өкілдерін марапаттауға да уақыт табылды. Олардың арасында қазақстандық делегация өкілдері де бар. Мәселен, ТМД Парламентаралық Ассамблеясы Кеңесінің “Достастық” орденімен сенатор Ғ.Қасымов, Мәжіліс депутаттары С.Ибрагимов, Г.Қарағұсова, В.Нехорошев, К.Сағадиев, У.Елеубаев, ал аталған Парламентаралық Ассамблеяның Құрмет грамоталарымен сенатор Т.Мұхамеджанов, Парламент Мәжілісінің депутаттары Б.Әлімжанов, Б.Бекжанов, Қ.Бисенов, Р.Сәрпеков, сондай-ақ Мәжіліс Аппаратының мемлекеттік қызметкерлері А.Сейтақ, А.Оразов және Б.Ботабаева марапатталды. Сондай-ақ, Парламент Мәжілісінің депутаттары В.Рогалев, Р.Шаекин, Г.Сейітмағамбетова, сенаторлар Ж.Сәрсенқұлов пен Ж.Нұрғалиев, Сенат және Мәжіліс Аппаратының қызметкерлері А.Сырғабаева, Ж.Байтілесов, И.Мамашеваларға ЕурАзЭҚ Парламентаралық Ассамблеясының Құрмет грамоталары тапсырылды.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.