«Сын шын болсын, шын сын болсын», деген Мұхтар Әуезовтің сөзін тағылымына алып, өмірлік зерттеу тақырыбын қазақ театры мен әдебиетінің сынына бұрған қайраткерлер некен-саяқ. Сол аз топтың алдында кім тұр десек, ауызға бірінші алынатыны, әрине, Әшірбек Сығай. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақ Ұлттық өнер университетінің профессоры, театр сыншысы, педагог Ә.Сығайдан жақында «Хабар» арнасында дүниеге келген «Жансарай» жобасы туралы әңгімелеп беруін сұраған едік.
«Сын шын болсын, шын сын болсын», деген Мұхтар Әуезовтің сөзін тағылымына алып, өмірлік зерттеу тақырыбын қазақ театры мен әдебиетінің сынына бұрған қайраткерлер некен-саяқ. Сол аз топтың алдында кім тұр десек, ауызға бірінші алынатыны, әрине, Әшірбек Сығай. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақ Ұлттық өнер университетінің профессоры, театр сыншысы, педагог Ә.Сығайдан жақында «Хабар» арнасында дүниеге келген «Жансарай» жобасы туралы әңгімелеп беруін сұраған едік.
– Бұған дейін де сіз телеарналарда көп адамдармен сұхбаттастыңыз, сырластыңыз. «Хабар» арнасындағы өзіңіз жүргізетін «Жансарайда» сондағы идеяларыңызды қайта жаңғыртқыңыз келе ме?
– Шынын айтқанда, «Жансарай» менің ойымда жоқ нәрсе болатын. Мені «Қазақстан» телеарнасы «Сахна» деген хабарды жүргізу үшін шақырып, осы жобаның дүниеге келуін тағатсызданып күткен едім. Бірақ олардың уәдесі ұзаққа созылып кетті де, сол арада жоспар өзгеріп шыға келді. Ал жалпы мен өзім театрдың патриотымын. Көзімді ашқалы көрген-баққаным тек театр. Рас, сонау 70-ші жылдары осындай бір хабарды жүргізген болатынбыз. С.Оразалин, С.Әбдікәрімов, марқұм Ә.Тауасаров, төртеуміз көп еңбек сіңірдік. Жұлындай жас жігіт едім онда. Содан қоғамда талай өзгерістер орын алды, 90-шы жылдардың басында балапан басымен, тұрымтай тұсымен кетті дегендей, «Сахна» үзіліп қалды.
Араға қаншама жылдар уақыт салып, міне, «Хабар» арнасынан Ринат Думанов есімді бас продюсер жігіт хабарласты. Телеарналар өзімнен түрлі сұхбат алады, «Аймақтар аламаны» деген біраз жобаға қатысқаным тағы бар, қысқасы, үлкен-кішісі ойласа келіп, мені бұл жобаны жүргізуге лайық адам деп тапқан екен. Бұларына рахмет. Телеарналарда ток-шоулар, шектен тыс көңілді хабарлар көбейіп кетті ғой қазір. Кісінің айызын қандырмайды. Жеңіл-желпі, не болса соны күлкіге айналдырып, оған ток-шоу деп айдар тағады, өздерімен өздері бір желпініп, келін түсірген ауылдай болып жатады. Ал мына хабар мүлде бөлек болса дейді ғой енді жобаны ұйымдастырушылар.
– Атын неліктен «Жансарай» деп қойдыңыздар?
– Атын бірден тапқанымыз жоқ. «Әшағаңмен әңгіме» деп көрсек қайтеді деп те ұсыныс айтты. «Толғам» деп атасақ қайтеді деді. «Мағыналы әңгіме», «Салиқалы сөз» дейміз бе дегендері шықты арасынан. Сосын әйтеуір «Жансарай» деген суырылып ортақ ат туды. Алдымен бір рет шығармашылық топпен жолығып, алдағы жұмыстарымызды, бағыт-бағдарымызды айқындап алдық. Ринат, шетелде оқыған Мұрат есімді озық ойлы жігіттер, бір сөзбен айтқанда, телеарнада түрлі жобаларымен бағын сынап жүрген жастар баршылық екен. Олар: «Ал енді неден бастаймыз?» деген сұрақ төтесінен қойылғанда, сөз сайыс та, басқа сайыс та бар, неше түрлі ток-шоулар жетеді, ал мынау тереңнен лықсып шығатын, бүгінгі білімді, парасатты, ел алдында жүрген арқалы, адуын деген азаматтардың не ойлайтынын халыққа жеткізу үлкен мәселе болып отыр», деді. Содан тез арада іске жұмыла кірісіп кеттік. Қазір біразы жазылып дайын тұр.
– Сонда «Жансарайға» жай адамдарды шақырмай, тек белгілі тұлғалармен ғана сұхбат жүргізесіздер ме?
– Мұнда үлкен-үлкен азаматтардан бастауды жөн көрдік. Жаңағыдай әлгі екі-үш ән жаза салып композитор, бір-екі кітаппен дардай жазушы болып жүргендер емес, кәдімгі елге мойындалған, ел арасында белгілі бір брендке айналған, атақ-абыройы зор, айтатын ойы да мағыналы, салиқалы азаматтарды таңдап, тізімін жасап, алдымен тоғыз адамды бірінші жазуға бекіндік. Олардың ішінде Әкім Тарази, Мырзатай Жолдасбеков, Төлен Әбдік, Дулат Исабеков, Есмұхан Обаев, Кеңес Дүйсекеев, Қайрат Байбосынов сияқты халыққа танымал жандар бар. Бұлардың бәрімен сұхбат жүргізіп үлгердік. Біріншісінде Әкіммен әңгіме қозғадық. Екіншіде Дулат Исабековпен әңгімелестік. Хабар сенбі сайын сағат 13.10-да тұрақты түрде беріліп тұрмақ.
Алдағы уақытта тағы да сол деңгейдегі Шота Уәлиханов, Тоқтар Әубәкіров, Ескен Сергебаев, Асқар Жұмаділдаев, Ескендір Хасанғалиев, Мәмбет Қойгелді, Нұрғали Нүсіпжанов, Сәбит Оразбаев, Талғат Теменов сияқты әртүрлі саладан тұлғалар қамтылатын болады. Өмір дегеніңіз көшпелі, бүгін бар адам, ертең жоқ. Бір жағынан белгілі адамдардың «Алтын қорға» дауыстарын, бейнелерін жазып алып қаламыз. Құдай әрдайым жақсылыққа бастағай, игі жайсаңдар өмір сүре бергей, бірақ десе де, міне, кеше ғана өзіміз көрген Қанапия Телжановтар бүгін жоқ қой арамызда. Күні кеше Дүкенбай Досжановты ғайыптан жоғалтып алдық. Сол кісілер осы хабардың білдей бір қатысушылары бола алар еді-ау. Сондықтан өліп қалғаннан кейін жылап-сықтап, «әттеген-ай» деп бармақ тістеп қалатын әдетімізден арылуымыз керек. Мына хабар соған да жауап беретін сияқты. Барымызды бардай, тарландарды таудай етіп асқақтату әрдайым парыз. Олардың арасы саусылдаған ақсақалдардан ғана тұрмауы керек және ылғи ер-азаматтар болып кетсе тағы бір түрлі өрескел. Мысалы, Фариза Оңғарсынова, Ақұштап Бақтыгереева, Күләш Ахметова сияқты халықтың сөзін сөйлеп жүрген ақын қыздарымыз, Асылы Османова сынды елдің, жердің, халқымыздың тағдырына байланысты айтатын уәжі, мәмілесі бар саңлақтарды тартсақ айып па?!
Айналып келгенде, бұл жоба салиқалы сөз, мағыналы әңгіме деген философияға бағынуы керек. Әлгі бір: «Қанша әйелің бар, ақшаңыз көп пе, өтірік айтқан жоқсыз ба?» деген сыңайдағы сылдыр-сұйық сұрақтар қойылатын хабарлар бар емес пе? Көріп жүрміз. Ыңғайсыз, сөкет сұрақтарды үлкен адамдардың көзін бадырайтып қоятынын қайтерсің. Мен қалай өтірік айтамын. Жасым жетпіске таяп қалғанда. Сұрақтың да сұрағы болуы керек қой. Кіммен сөйлесіп отырсың, алдыңда отырған кісі қандай деңгейдегі адам? Мұны білмей, көп алдына қорықпай қалай шығады? Алдыңғы екі хабарды тамашалаған адамдар өте жақсы пікір айтып жатыр.
– «Жансарайдың» жаңалығы неде сонда?
– Мұнда енді біз аспандағы айды жерге түсірмейтін шығармыз. Қарапайым күнделікті әңгіме. Бірақ оның негізгі мақсаты – кейіпкерді сөйлету. Мен әлгі жүргізуші екенмін деп, әркімнің шамына тиіп, ойын бұзып кетіп, сөзін кесіп отырудан бойымды аулақ салғым келеді. Сөйлеп кетсем, менің де бір кісідей шешендігім бар. Мақсат өзімді көрсету емес. Шақырылған адамның жан-дүниесін ақтару, сол не ойлайды, қонақты алдыңғы кезекке шығарып, айтқан сүбелі, салмақты ойлары болса, соны ел-жұртқа ұсыну.
– Әңгіме белгілі бір тақырыпты ашуға арнала ма?
– Мұнда белгілі бір шеңбер деген атымен жоқ. Мақсат кейіпкерді жан-жақты ашу болып табылады. Оның өмірдегі, өнердегі болмысы, әдебиеттегі, саясаттағы орны, жалпы әлеуметке кім ол, халық үшін қандай кісі алдыңызда отырған адам, мейлі ол ұшқыш, ғарышкер, филология ғылымдарының докторы, профессор, ғалым, әйтпесе, аузымен құс тістеген музыкант, математик, кім болса ол болсын, мамандығына байланысты да, адамдығына байланысты да халыққа құнды ойлары қажет. Ал енді мұны қандай формада айтқызамыз, бұл мәселе енді жүргізуші, маған да көп байланысты. Тіпті, ол қолы қалт еткенде немен айналысады? Жүргізуші ретінде мен кейіпкерімнің барлық жан сырын ашуға тиістімін. Мысалы, Асқар Жұмаділдаев мықты математик екенін жұрт білуі мүмкін, ал сол есептің білгірі және өлең жазатын ақын екенін білеміз бе? Өлеңін оқытуым мүмкін. Сол сияқты, Кеңес Дүйсекеевке домбыра тартқыздым. Есмұхан Обаевқа ән айтқыздым. Композитордың домбыра тартқаны, актердің, математиктің өлең оқығаны қандай ғажап! Ылғи қара сөз қара қазақтың ұйқысын келтіруі мүмкін, сол үшін динамика беріп отыру керек. Қалай болғанда да тартымды болуы үшін салмақты, салауатты сөз қозғай отырып, тұлғаның ішкі, біз білмейтін қырларын ашуым маңызды.
– Билік, тірлік қуып жүрген жандар не дейді? Бізді неге шақырмайсыздар деп қолқа салып жүрмей ме?
– Бірақ әзірге тізімде ондай адамдар жоқ. «Қызмет – қолдың кірі», бірде бар, бірде жоқ, бүгінгі істеп отырған қызметіне қарай таңдап, табан астынан ел-жұртқа кереметтей етіп көрсету асығыстық па деп ойлаймын. Әрине, ел үшін қабырғасы қайысып, ісі мен сөзі сәйкес келетіндерді сөйлетуден қашпаймыз. Ал енді жоғарыдан кім не айтса, соған бас шұлғып, жай отырғандармен, шынын айтқанда, менің сөйлескім келмейді. Және оны өзім сынап та жіберуім мүмкін.
– Жаңа бағдарламаның тағы қандай ерекшеліктерін бөліп айтасыз?
–Бағдарлама 40 минөтке шақталған. Мен сұрақ беремін. Ол кісі жауап беріп отырады. Жауабын мен мейлінше шектемеймін. Тіпті ұзап бара жатса есебін тауып, әңгімесін биязы түрде бөлемін. Ойын басқа нәрсеге ауыстырамын. Бірақ сол сұраққа сыймай, «әттеген-ай» деп айтуға үлгере алмай қалған ойлары болса, өзім ел-жұрттың ортасына барып отырамын да, ал кейіпкерімді ортаға шығарамын. Арнайы жарық түсіріледі. Оған ол үшін 3 минөт уақыт бөлінеді. Ерекше бір атмосфера беріледі. Өзінің бүкіл түйінді ойларын қорытып, айтып шығады. Осымен хабар аяқталады. Студияға көп көрерменді жинаймыз. Кәдімгі отбасын ұстап отырған ардақты аналарға дейін қатысады. Ғылыми орта, магистрант студенттер отырады. Және көрермен тарапынан сұрақ қойылады. Оған мүмкіндік беремін. Мысалы, Дулат Исабековке, Есмұхан Обаевқа ащы сұрақтар қойылып жатты.
– «Жансарайды» ашу үшін адамның қолында кілт болуы керек қой. Сол айтқандай, осы тұлғалардың қыр-сырын өзіңіз жақсы білесіз бе?
– Олардың бәрі замандастарым ғой. Менен 4-5 жас үлкен, болмаса кіші әйтпесе, қатар дегендей, бәрі бір дастарқаннан дәм татып жүрген жақын азаматтар. Мырзатай Жолдасбековпен кезінде қызметтес болдым. Әкім Таразимен, міне, әлі күнге дейін бірге сабақ беріп жүрміз. Төлен Әбдікпен Орталық комитетте бірге қызмет істедім. Е.Обаевпен, Қ.Байбосыновпен 40 жыл өнерде бірге келеміз. Кеңес Дүйсекеевпен осында көрші тұрамыз. Бірі ағадай, бірі інідей. Әрі сыншы ретінде олардың бәрінің шығармашылығынан хабарым бар. Театр сыншысы болғаныммен әдебиетті біреуден кем білемін деп айта алмаймын. Және кейде пікір де білдіріп жүрмін. Драматургия – әдебиеттің жанры. Ал драматургияны Рымғали Нұрғалиев екеумізден басқа соңына түсіп жазған қазақ жоққа тән. Менің қай кітабымды алсаңыз да бір тарауы драматургия туралы. Театрдың негізі – әдебиет. Қай өнер түрінің болсын негізі – әдебиет. Киноңыз әдебиетсіз не істей алады? Театр не істейді? Әдебиетсіз, мәтінсіз композитор қандай ән шығара алады? Операңыз либреттосыз жүре ме?
– Сіздің айтқан сөздеріңіздің өзін сол күйінде қағазға түсіріп ала беруге болады. Дап-дайын дүние. Сұрақтарыңызды әуелі жазып алып барып қоясыз ба?
– Қай нәрсеге болсын бет бұра білу керек. Ішкі дайындық өте-мөте қажет. Әйтпесе, дөрекі тілмен айтқанда, базарда картошка саудалап жүріп барып хабар жүргізе салуға болмайды. Тіпті киіміңе дейін студияда еркін отыратын, өзіңді еркін сезінетін жайлы болғаны жөн. Әртүрлі хабарда әртүрлі көйлек, әртүрлі костюм киюге тура келеді.
Рас, М.Жолдасбековке беретін сұрақты Т.Әбдікке қоя алмайсыз. Кімге не сұрақ береріңді біліп баруға тиіссің. Және маған редакторлар көмектеседі. Алдыма жоспарлы сұрақтарды ұсынады. Әрине олар жастар емес пе, кей сұрақты сәл өткірлеу қойып жіберуі мүмкін. Оны мен жұмсартамын. Яғни, мына хабарға зиян тигізбеймін. Ел-жұрттың алдында бет жыртысып, кінәласып жатудың керегі жоқ деп есептеймін. Өте мәдениетті, серпінді, қызықты диалог динамикалық тұрғыдан өрбуі керек. Сондықтан кейбір бей-берекеттеу қойылған сауалдар болса, оны өзгеше қырынан беріп жіберемін. Өзім жанымнан қосып отырамын. Таза мәтін сол қалпында кетпейді. Себебі, мен жазатын адаммын. Мағына қалады, бірақ берілу үлгісі менің өзіме тән, Әшірбек Сығайдың деңгейінде берілуі керек. Үлкен ғалымға, мойындалған тұлғаға еңбек жолын жаңа бастаған редактордың ойымен сұрақ берсем, менің өзім бір түрлі халықтың көзіне оғаш болып көрінуім мүмкін. Сондықтан алдымда отырған кісімен деңгейім тең болуын қатты қадағалаймын. Одан кем түсіп жатсам, «мына байғұстың бұл хабарды жүргізіп несі бар?» деп айтпай ма халық. Ал мен қолымда жүргізушілік тетік бар екен деп, алдымда отырған адамды асып та, басып та кетпеуім керек, шаң қаптырып, сәл тасада қалдыруға тағы болмайды, ол кісіні және өзімнен оздырып та жібермеуім керек. Қысқасы, ішкі тепе-теңдік сақталып отырады. Бірақ ол кісі айтпай кеткен нәрсені толықтырып отыруға құқым бар.
– Бұл жобаның өмірі ұзақ боларына сенесіз бе?
– Айналайын, жер бетінен бұл түгілі ұлы империялар да құрып кетіп жатады. Мұны дәл айта алмаймын. Алла қанша ғұмыр береді, соған байланысты. Формасын, құрылымын, мазмұнын өзгертпейтін ештеңе жоқ. Белгілі бір кезеңге дейін бұл хабар жүреді. Халық, тұлғалар аман тұрғанда, неге ұзақ жасамайды. Бірақ, жүргізуші жұртты сөзге тым тойғызып жібермеуі керек. «Ой, мына кісінің ойы еш өзгермейді, бір сарынды, сол баяғы ескі сүрлеу» деп отырса маған да жаман. Сондықтан әр хабардан шеберлік, тапқырлық қырлар қылаң беріп қалуы керек. Кейде шұқылап отырмасаң сөйлемейтін кісілер болады, ал біреулер әңгіменің сәл шетін сөксең, әрмен қарай іліп әкетеді, онымен тағы жағаласа кетпеу керек. Ойлана білудің, сөйлей білудің өзінің бір теледидарға тән нышандары бар, соны сақтай білген ұтады.
Әңгімелескен
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан».