25 Қазан, 2013

Алматыдағы жайма базар басқа жерге көшірілмейді

625 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

25 10-BarakolkaАтышулы «Барахолка» базарының болашақта жаңаша кейiпке енетiнi белгiлi болды. Бірақ, ол сүрiлiп тасталмайды. Тек, ретсiз орналасқан базардың iшкi құрылысы бұзылып, сатушыға да, халыққа да қолайлы етiп жасалынбақ. Бұл туралы «Алматы ақшамы» газеті жазды.

Бүгінгі кезде ішінара өзгеріс енгізілетін базардың жобасы дайын. Алайда, «Сәлем» сауда нүктесінен басқасының құрылыс жобасы әлi бекiтiлмеген. Жалпы, атқарылатын жұмыстар жөнінде Жетiсу ауданы әкiмi Талғат Разақовтың төрағалығымен өткен базар басшыларымен басқосуда мәлім болды.

«Барахолка» болашақта жаңа кейіпке енетін болғанымен, бұл ретте әңгiмемiз Жетiсу ауданына қарасты бөлiгi, яғни батыс жағының ғана нобайы жөнiнде болып отыр. Ал ондағы базарлар ғимараттарының нобайы бекiтiлген бетте, құрылыс жұмыстары да басталатын болады. Жалпы, ондағы сауда орындары орналасу жағдайына қарай «қызыл сызықты» басып кеткен және бұл қателiк базардың басынан бастап, аяғына дейiн жалғасады. Ендi осы жөнсiздiктi жөнге келтiру үшiн жаңа нобайға сай, базарлар жолдың екi жағында да 60 метрге шегiну керек. Осылайша, көлiк жолының кеңдiгi 120 метрге ұлғаяды. Бұл төңiректегi сауда орындарының iшiнде тек «Адем» сауда үйi ғана тәртiпке сай орналасқан екен. Ендi одан арғыларының бәрi осы «Адем» тұрған деңгейде бiр сызыққа реттелуi тиiс.

Жаңа нобайға сай базар ортасында алты жолақты көлiк жолы пайда болады. Жол шетiнен екi жағынан тағы 2 жолақты асфальт салыну көзделуде. Бұлар көлiктердiң базарларға кiрiп-шығуына қолайлы жағдай туғызады. Ал алты жолақ сәйкесiнше үш-үштен қарсы бағыттағы көлiк қозғалысына қызмет етедi. Одан кейін базардың сыртында, iшкi қуыстарында да көлiк тұрақтары мейлiнше жеткiлiктi деңгейде орын алады.Мұнан өзге, жолүстi өткел көпiрлерiн салу да жоспарланып отыр. Бүгiнге дейiн тек бiреуiнiң ғана құрылысы аяқталған. Базардың соңына дейiн тағы сондай төртеуi пайда болмақ. Сондай-ақ, базарға жүк таситын келiмдi-кетiмдi көлiктер үшiн артқы жағынан тағы 4 жолақты (яғни, қарсы бағытты екi жолақты) жол салынатын болды. Сонымен бірге, «Сәлем» базарына жақын тұстан ұзын сауда орындарының арасынан өтетiн тағы бiр жол түспек.

Бақытбек Кенешұлы.

Соңғы жаңалықтар