Руханият • 20 Тамыз, 2020

"Композитор" фильмі Ванкувер кинофестивалінің 4 бірдей жүлдесіне ие болды

332 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан мен Қытай кинематографистері бірігіп түсірген "Композитор" көркем фильмі VIII Ванкувер қытай киносы халықаралық фестивалінде 4 бірдей жүлдені жеңіп алды, деп хабарлайды Egemen.kz

"Композитор" фильмі Ванкувер кинофестивалінің 4 бірдей жүлдесіне ие болды

Орайы келіп тұрғанда алғашқы бірлескен қытай-қазақ картинасы бұған дейін де жүлдесіз болмағанын, өткен жылы да Лос-Анджелесте аса беделді Golden screen Аwards кино додасында да 4 бірдей марапатқа қатар ие болғанын еске сала кету керек.

Айтқандай, VIII Ванкувер қытай киносы халықаралық фестивалінінің (Vancouver Chinese Film Festival) жабылу салтанаты мен жүлдегерлерді онлайн-марапаттау алдыңғы жұмаға сәйкес келіп, 14 тамыз күні жеңімпаз картиналар анықталды.

Сонымен "Композитор" картинасы "Қызыл үйеңкі жапырағының" 4 марапатына ие болса, сонымен қатар "Үздік фильм", "Үздік режиссер", "Үздік әйел рөлі" және "Үздік ер адам рөлі" атаулы жүлдерін жеңіп алды.

Аталмыш картина әйгілі қытай композиторы Сянь Синхайдың Екінші дүниежүзілік соғысына тап келген Алматыдағы тағдыры, қазақ композиторы Бақытжан Байқадамовпен терең, тамаша достығы туралы көркем киноның тілімен баяндайды. "Композитор" екі халықтың талантты өкілдерінің ғана емес, ежелден көрші мемлекеттердің татулығы туралы десек те болады. Фильм режиссері ­– Қытай режиссері Сирзат Яхуп. Басты рөлдерді қазақ актерлері Берік Айтжанов, Аружан Жазылбекова пен қытай актерлері Ху Цзюнь, Юань Цуань сомдаған. Сол сияқты фильмнің премьерасы 2019 екі елде, Қазақстан мен Қытайда қатар жүргенін де атап өткен жөн.

Жоғарыда атап өткендей, фильм жарыққа шыққалы бері Қытай, АҚШ, Бразилияда өткен бірқатар халықаралық кинофестивальдің назарын өзіне аударып, жүлделі орындардан көрінді.

Сондай-ақ Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин шығармашылық топты қабылдап, аталған картинаның маңыздылығы мен түсіру тобының жұмысына жоғары баға берген болатын.

Өз кезегінде мұндай фильмдер Қазақстан мен Қытайдың ынтымақтастығына септесіп, өнердегі алыс-берісіне жол аша бермек.