
Грузияның билігі жақын күндерде енді Еңбек туралы кодекске әкелердің де бала күтімімен отыратын декреттік демалыс алуы заңдастырылатын түзету енгізу мәселесін қарастырып жатыр. Бұл туралы «Лента.Ру» хабарлады.
«Бізге Грузия үшін мүлдем жаңалық болып табылатын осындай мәселе ұсынылды. Бұл отбасы табысына кемірек залал келуі үшін, бала туғаннан кейін ата-аналардың қайсысы бала күтімімен қалатыны жайын заңдастырып беретін бап болады», - деді осыған орай әділет министрі Теа Цулукани.
Осымен бірге, министр әзірге әңгіменің ұсыныс қалпында тұрғанын да ескертіп өтті. Ол парламентке ұсынылғанға дейін әлі бірқатар жергілікті және халықаралық ұйымдар, сондай-ақ бизнес құрылымдары өкілдерінің талқылауларынан өтіп, кеңестері тыңдалады.
Ал осы тұста Грузия парламентіне декреттік демалыстың уақыты мен ақысына қатысты өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде бұдан да басқа заң жобасы келіп түсті. Жобаға сәйкес, оның мерзімі қазіргі 477-нің орнына 730 күнтізбелік күн болуға тиіс. Сондай-ақ ақы төленетін демалыс күндері саны 126-дан 183 күнге дейін өспекші. Мұның соңы декреттегі кісілердің алатын ақыларының 1 мың лариге (600 доллар шамалас) дейін көбейетінін білдіреді. Жоба алдағы 2014 жылдың 1 қаңтарынан заң болып жүзеге асады деп күтілуде.
Мұрат Айтқожа.