10 Сәуір, 2010

АҒАЙЫНДАҒЫ АЛАЛЫҚ БӘРІМІЗГЕ БАТАДЫ

557 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Көрші елдегі қолайсыз жағдай біз­дің елге де ауыр тиіп отыр. Ежел­ден “төсекте басы, төскейде малы” қосылып, тату отырған, ба­рын­ша жақын ағайын жұрттың ішін­дегі алалық бізге батпай қоя ма? Осындай бір рет шыққан бү­лік­тің өзі халықтың есінде мәңгі қа­латын, ал мына оқиға алдыңғы­сына көп уақыт өтпей жатып тағы да қайталанып отырғаны өте өкінішті. “Шыққан қол ойнамалы” дегендей, халықтың мыңдаған жылдар бойы аңсап, зорға қолы жетіп, өз алдына ел болып жат­қанында қайта-қайта  көтерілуі жақсылыққа апармайды. Әрине, мұны экономикалық қиын­дық­пен түсіндіруге болар. Бірақ со­ның ішінде кейбіреулердің тіршілік мүдделері де жағдайды ушықтыра түсуге себеп болатын секілді. Мен бұл халықты өте жақсы білемін, онымен жапсарлас жатқан өңірде туып-өстім. Кейінгі өмірде де қоян-қолтық араластық деуге болады. “Манастың” мың жылды­ғын өткізуге сол жылдары мен басқар­ған Жамбыл облысы үлкен көмек көрсетті.   “Манасқа – 1000 жыл” ат­ты мерекелік алтын медальдің бірін де қырғыз ағайындар маған тақ­қан болатын. Сол кездегі қыр­ғыз басшылары А.Ақаев, А.Жұма­ғұ­ловтармен жақсы араластым. Асқар Ақаев өте мәдениетті, ха­лыққа шын  жаны ашитын, мінезі жұмсақ, өте жәйлі адам еді. Оның қызметтен төңкеріс жолымен кеткеніне өкініш білдіруші едім. Ал Қ.Бакиев жалпы халыққа жақсы белгілі емес адам еді. Ол қолындағы билігі нығая бастаған соң-ақ халыққа берген уәдесін ұмытты, қайта өзімен бірге болған әріп­тестерінің көбін қудалап, кей­бірін тіпті түрмеге жапқызды. Ха­лық­тың жағдайы жақсарудың орны­на бұрынғыдан да төмендеп кетті. Халық мұн­дайға шыдамады, “Шөлмек күнде сынбайды, бір-ақ күнде сынады” дегендей, осындай жағдай орын алды. Енді арты тыныштығымен тынсын дейік. Қ.Бакиевтің өз еркімен, елдің арасын ашпай отс­тавкаға кеткені дұрыс. Қазақстан қолдан келген моральдық, мате­риал­дық жәрдемін жасап, ағайын елде тұрақтылықтың орнауына ықпал етуі керек. Өмірбек БАЙГЕЛДИ, сенатор. АЛДЫН АЛМАСА — АПАТ Қырғызстандағы оқиғалар сияқты қантөгіске ұласқан   жағ­дай­лар әлеуметтік тұрғыдан аз қам­тылған елдерде орын алады. Көрші елде, бізбен туысқан елде осындай қанды оқиғаның орын алғаны өте өкінішті. Біздің Президент Нұр­сұлтан Назарбаев бұл оқиғаларға дұрыс баға берді және Қазақстан ондағы жағдайды реттеуге ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуші ел ретінде де ық­пал ете алатынын айтты. Қырғызстан басшылығы мұн­дай­дың алдын алуы керек еді. Он­сыз да тұрмыс деңгейі өте төмен халыққа коммуналдық төлемдердің тарифін бірден биікке көтеру аса қауіпті екенін олар болжауға тиісті болатын. Елде қан төгілуін, соның ішінде жас адамдардың өмірінің қиы­луын ешқандай себеппен ақтай алмайсың. Қандай жағдайда да ха­лыққа қарсы әскери оқ атуға бол­май­тын еді, тұрғындардың нара­зы­лығы күш көр­сетуге ұласса, оған қар­сы қолданы­латын толып жатқан осы заманғы жетілдірілген жарақ­тар бар емес пе?!  Мәселен, су ша­шу, газ қолдану, т.б. сияқты. Ал тағы да қайталап айтамын, кісі өліміне әкелетін оқ атуды ешқандай да ақтауға болмайды. Елдегі конституциялық тәр­тіптің бұзылуына ешқандай жол берілмеуі тиіс. Қырғызстандағы жағдайды реттеуге халықаралық ұйымдар белсенді қатысулары керек. Соның ішінде ЕҚЫҰ-ның төрағасы ретінде Қазақстан көрші туысқан елде тұрақтылықтың орнауына қолдан келген көмектің бәрін жасап, оған Ұйымның әлеуетін толық пайдалануы қажет. Ал енді Қ.Бакиевтің қайтадан мемлекет басына келетініне күмәнім бар. Өйткені, өз халқына қарсы оқ атқан адамның қайтадан елді басқаруға келуі маған мүмкін емес секілді көрінеді. Ғани ҚАСЫМОВ, Қазақстан патриоттары партиясының төрағасы.