Қоғам • 21 Тамыз, 2020

Трансшекаралық өзендерді пайдалануда Орталық Азияға ортақ келісім қажет

525 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Белгілі қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы, жазушы Мырзагелді Кемел өзекті мәселелерге «Egemen Qazaqstan» газеті арқылы үн қосып тұратын. Көзі тірісінде қағазға түсіріп, редакцияға жолдаған соңғы мақаласын оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.


Редакциядан

Трансшекаралық өзендерді пайдалануда Орталық Азияға ортақ келісім қажет

Суармалы жерді сумен қамта­масыз ету – өте өзекті мәселе. Көк­тем­де Сардоба суқоймасында бол­ған оқиғадан кейін Қазақстан мен Өзбекстан трансшекаралық өзен­дердің ресурсын пайдалануға қатыс­ты өзекті мәселелермен бетпе-бет кездесті. Апат себебі неде? Себеп суқой­ма құрылысының ғылыми негіздел­мегенінде және халықаралық ортақ суды пайдалану ережелеріне мән бермеуде болып отыр.

Бағзыдан келе жатқан үрдіс бо­йынша қандай да бір жағдай орын алған кезде көрші мемлекеттер ортақ қиындықтарды ел болып еңсеруге әрекеттенеді. Кемшілікке себепші мен айыптыны іздемейді, тығырықтан шығар жол іздейді. Осы жолы да мемлекет басқа түскен нәубетті жеңу жолында, пандемияға да, шекара­дағы карантиндік кедергілерге де қарамастан, бар қарекетін жасады. Жалпы, халықаралық ережелерде көршілес елдер арасындағы дау келі­сім арқылы шешімін табады. Алайда Сардоба су қоймасын салу туралы шешім Өзбекстан тарапынан біржақты шешілген.

Жалпы, Орталық Азия елдерінде трансшекаралық өзендерді пайдалану­ға қатысты барлық қатысушы мемлекеттер қол қойған келісім жоқ. Жаңа ғасыр басталғалы аймақта шешімін таппаған маңызды сұрақтың бірі – трансшекаралық өзендерді дұрыс пайдалану мәселесі. 1998 жылы Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан арасында (кейінірек Тәжікстан да қосылды) Сырдария өзенін пайдалану туралы келісім қабылданды. Алайда бұл құжаттың Орталық Азиядағы шекараларды кесіп өтетін сулардың мәсе­лесіне қатысты тармақтары толық орындалмады. Тәжікстан өзін электр энергиясымен қамтамасыз етіп, артығын көршілеріне сату үшін Вахш өзеніне Рогун ГЭС-ін салмақ болды. Вахш Әмударияға құятын болғандықтан, егер бұл ГЭС салынса, онда Өзбекстанның мақталы аймақ­тарына су жетпеуі мүмкін еді. Сол кездегі Өзбекстан басшысы Ислам Кәрімов гидростансаны салуға қатты қарсылық көрсетті. Тіпті Өзбекстан шетелдерден ГЭС құрылысына келе жатқан материалдарды өз территориясында себепсіз бірнеше ай ұстап, жобаның іске асуын тоқтатты. Осы жанжалдан кейін Орталық Азиядағы трансшекаралық өзендерді бірлесіп шешу процесі тежелді.

Сырдарияның су мөлшерін дәл бөлу қиынның қиыны. Сыр суының бастауы Қырғыз жерінде  қалыптасып, Тәжікстан мен Өзбекстан аумақтары арқылы өтіп, Қазақстанға келеді. Тау­дан келетін судың сапасы төмен қарай аққан кезде күрт нашарлай­ды. Оның құрамында көрші елдер­дің егін алқабында қолданатын химия­лық заттар – гербицидтер, пестицид­тер, минералды тыңайтқыштар көбе­йе­ді. Қазақстан Сырдарияның ең төменгі бөлігінде болғандықтан, бірде Қырғызстан, бірде Өзбекстан суды жолай жырып алғысы келеді. Мәселен, жаздың суармалы маусымында кейде Өзбекстан үкіметі суын қысып, оңтүстік өңірдегі мыңдаған гектар жерді құрғатып тастап, шаруаларды шығынға батыратын. Ал қыста Қырғызстан Тоқтағұл суқоймасында жиналған судың жартысын төмен ағызып, төмендегі ауылдарды су ша­йып кететін. 2008 жылғы сел Қазақстан аумағында 3 мың үйді басып, шығын 130 млн долларды құрады. Осы­дан соң Қазақстан үкіметі Оңтүстік Қазақстанда Көксарай суқоймасын салуға шешім қабылдады. Бұл артық суды жинап, қажет кезде Сырдарияға жіберу үшін салынды. Алайда кей кездері Шардара мен Көксарай суқой­маларының сыйымдылық мүмкіндігі жеткіліксіз. Бұдан бөлек, Шардарадан Арнасайға су жіберу мәселесі де реттелмеген. Арнасайдан жіберілетін су келісілген көлемнен асып кетсе, Өзбекстан артық су жібергені үшін ақы талап етті. Бір сөзбен айтқанда, екі ел арасында трансшекаралық сулар­ды бірлесіп қолдану бойынша халық­аралық нақты келісім қажет.

Бізде ешкім ешқандай қағазға қол қойғысы келмейді. Себебі қол қойған қағазы шешуші рөлдегі бір немесе бірнеше кісінің ықыласы болмаса, жай ғана қағаз болып қалады. Сөйте-сөйте ешкім жауапкершілікті мойнына алғысы келмейтін шенеуніктер армиясы құрылды. Және де жауапкершілікті мойнына алғаннан оның бағасы артпайтыны, ақшасы көбеймейтіні, абыройы артпайтыны түсінікті. Бұл жерде де соның кері келді.

«Қиындық жалғыз жүрмейді» деген орыс мәтеліндегідей, Түркістан облысының Төлеби ауданында толассыз жауған жауын салдарынан Қасқасу өзені арнасынан асты. Жағаға жайылған су Қасқасу ауылындағы 4 көпірді шайып өтті. Содан соң тасқын Киелітас ауылдық округі, Сұлтан-Рабат ауылы, Сауран көшесінде және Достық елдімекені Жылқыбаев көшесінде орын тепкен жүздеген үйдің ауласына кірді. Табиғаттың тосын жағдайынан Қазығұрт және Сайрам ауданының тұрғындары да жапа шекті.

Қазақстанның су ресурстары көп­теген басқа мемлекеттермен салыс­тырғанда шектеулі, сондықтан су ресурстарын ықпалдасқан басқару қағидасы мен тәжірибесін нығайту, су ресурстарын басқару жөніндегі меке­мелерде персоналдың біліктілік деңгейін көтеру бойынша мемлекеттік қолдауды кеңінен қамтамасыз ету, сон­дай-ақ халықаралық-құқық­тық келі­сім­дерге негізделген трансшек­ара­лық ынтымақтастықты дамыту аса маңызды. Су ресурсының тап­шы­лығы мен пайдалану жүйесінің осал­дығы жағдайында су қауіпсіздігі проб­лемасы мемлекеттің ұлттық қауіп­сіздігімен қатар тұр деуге болады. Қазіргі таңда Қазақстан су ресурс­тары­ның жетіспеушілігін сезіне бас­тады, болжам бойынша 2040 жылға қарай сұраныстың 50%-ы көлемінде тапшылыққа ұшырауымыз мүмкін.

Суды тұтынудың тиімділігін көтеру және қолжетімді су ресурс­тарын ұлғайту жөнінде жеткілікті шара­лар қабылданбаған жағдайда су тап­шы­лығы ауыл шаруашылығында, сон­дай-ақ гидроэнергетикалық салада, өнеркәсіпте экономикалық мақсат үшін су тұтынуды лимиттеуге мәжбүр болуымыз мүмкін. Оның үстіне елді мекендерді сумен қамтуда іркілістер болуы ықтимал. Сонымен қатар су ресурстарын ықпалдасқан басқару принципі мен тәжірибесін нығайту, су ресурстарын басқару жөніндегі мекемелерде персоналдың біліктілік деңгейін көтеру бойынша мемлекеттік қолдауды кеңінен қамтамасыз ету, сондай-ақ халықаралық-құқық­тық келісімдерге негізделген транс­шек­ара­лық ынтымақтастықты дамыту барынша маңызды.

Қазақстанда басқа мемлекеттермен салыстырғанда су ресурстарын пайдаланудың тиімділігі төмен: елдің экономикасына Ресейге немесе АҚШ-қа қарағанда ІЖӨ-нің бір долларына алғанда үш есе артық, Аустралияға қарағанда алты есе артық су қажет. Тіршілік нәрі тапшылығы қаупін азайту мақсатында соңғы жылдары су ресурстарын басқаруда оң үрдіс байқалды. Атап айтқанда, ең үздік халықаралық тәжірибелерге сәй­кес келетін су ресурстарын бас­сейндік принципте басқаруға көшу, сондай-ақ су шығынын төмен­детуге және инфрақұрылымның қауіпсіз­дігін арттыруға септігін тигізе­тін су ша­руашылығы мен гидро­мелио­ративтік инфрақұрылымды қаржыландыру көлемі артты.

Әлемдік тәжірибе су тапшылығын қысқарту тетіктері туралы мынадай негізгі тұжырымдар жасауға мүм­кіндік береді: келісімдердің табыс­ты болуы ондағы қол жеткізілген уағ­да­ластықтарды іске асыру мен мониторингтеудің қажетті тетіктерін егжей-тегжейлі етуге байланысты. Алайда көптеген келісімдер негізгі қажет өлшемдерді ескермейді: келі­сім­дердің жартысынан астамында мони­торингтеу тәсілдері айтылмайды және 80%-ында санкциялар қолдану тетіктері қамтылмаған.

Су ресурстарын пайдалануды жақ­сарту және суармалы жер көлемін ұлғайту мақсатында, 2018 жылы 23 желтоқсанда Үкіметте Суармалы жерлерді дамытудың 2028 жылға дейінгі жоспары қабылданды. Мақсат – 3,5 млн га суармалы жерді сумен қамтамасыз ету. Бүгінгі таңда суармалы жерлердің ауданы 1,4 млн га-ны құрайды. Жоспарды іске асыру айналымнан шыққан, алайда қажетті 600 мың га суармалы жерлерді қалпына келтіріп, жаңа 1,5 млн га суармалы жерлерді іске қосуды көздейді.

Бүгінгі таңда елімізде пайдаланы­лып жатқан суармалы жер барлық егістік алқабының 7%-ын құрайды. Бұған қарамастан, ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы өнімінің 40%-ы осы суармалы жерлерде өседі.

Ауыл шаруашылығы министр­лігінің Су ресурстары коми­тетінің  хабарлауынша, суармалы жерлердің 3,5 млн гектар аумағын суландыру жоспарланған. Соның нәтижесінде айналымнан шыққан 600 мың гектар суар­­малы жер қалпына келіп, қосым­ша ұлғая түседі. Алдын ала есептеулер бойынша жаңа суармалы жерлердің 1 гектарынан 1,6 млн теңгеге дейін кіріс алуға мүмкіндік бар.

Қазақстандағы су пайдалану тиім­­ділігі орташа алғанда жекеле­ген сала­лар бойынша да, тұтас эко­но­ми­ка бо­­­йынша да төмен: ІЖӨ-нің 1000 долларына 97 м3 су қажет. Бұл Аустралияның (15 м3), Бразилия­ның (26 м3), АҚШ-тың (31 м3), Ресей­дің (33 м3), ҚХР-дың (67 м3) көрсет­кіштерінен едәуір асып түседі.

Өңірлер бойынша, жекелеген облыстарда суармалы жердің көлемі былайша қысқарған: Ақмола облысында – 95 пайызға, Костанай облысында – 80 пайызға, Шығыс Қазақстан облысында – 60 пайызға, Алматы облысында – 11 пайызға, Жамбыл облысында – 32,7 пайызға, Қызылорда облысында – 23,7 пайызға және Түркістан облысында 16,8 пайызға кеміген. Суармалы жердегі ауыл шаруашылығы дақылдарының өнім­ділігі бойынша қазақ­стан­дық фермерлердің көрсеткіші шетел­діктерден 2-4 есе аз.

Сардоба оқиғасы нені көрсетті? Орталық Азияда өзен суын пайдалану­дағы халықаралық келісімдер­дің жоққа жақын екенін,  көршілес мемле­кет­­тердің өзімбілемдік саясатының игілікке бастамайтынын көрсетті. Мұндай жағдайда аудан, ауылдың ресми басшыларының лидерлік қабі­летінің төмендігі байқалды. Олар­дың жоғарыдағы нұсқауға байланып қалғаны, өз бетінше мәселе шешу­дегі олақтығы сезілді. Жоғарыға жал­тақ­тап, нұсқау күтіп қана қимыл­дай­тын әкімқаралар қайда барарын, қайда тұрарын, қиыншылық жағдай­да істі неден бастарын, қалай ұйымдас­тырарын да білмейтін болып шықты.

Сөзім жалаң болмауы үшін Мақтарал мен Жетісай аудандарынан бір-бір мысал келтірейін. Целина деген ауыл екі мемлекет арасындағы суы Арнасай ойпатына барып түсетін коллекторға ең жақын ауылдардың бірі. Жанындағы үш ауылды су молынан басқанда ол ауылға бір литр де су өткен жоқ. Сонда қалай, мұнда қандай сиқыр бар?

Сиқыр жоқ, еңбек бар, жігер бар, жана­шырлық бар. Сол ауылдың тумасы, алматылық бір азамат пен ауыл­дағы бір әлеуетті жігіт екеуі қаржы беріп, Целинаның төңірегіне тез арада 2,5 метрлік биік дамба жасап, оның іргесін қаппен бекітіп, нөпір судан сақтап қалған. Ауыл жігіттері де ұйымшылдық көрсетіп, бірін-бірі тыңдаған, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарған. Қоғалыда осындай еңбекті басшылар емес, қарапайым тұрғындар өздері ұйымдастырды. Қоғалы халқының дабылына сол төңі­рек­тегі азаматтар жұмылып, мың­даған қаппен тосқауыл жасады.

Кеңес кезіндегі менталитеттің өзгеруіне 30 жылда  үлес қосылмады. Құлдық психология. Жоғары айтса ғана орындау, онда да уақытша. Жеке басына тиімді болса ғана жасау. Жоғарыдағы айтқандарымыздың бәрі бізде «сана революциясы» керек дегенге саяды. Басты себеп неде? Ауыл әкімдерінің көбі білімсіз. Олардан білім сұралмайды, сондықтан білімді өз­дері де керек етпейді. Өзін өзі бас­қару – қағаз жүзінде ғана. Не істерін біл­ме­гендіктен – жоғарыдағы нұсқау­ға байланып қалған.

Президенттің «халық үніне құлақ асатын мемлекет» құруды өмір тәжі­рибесіне енгізу ауылдық әкімдік­терді, жергілікті өзін өзі басқару ұйымдарын қамтуы керек. Өкінішке қарай, жер­гілікті басқарушылардың формал­ды есеп беруге құмарлығы, өздері ат­қаруға тиіс міндетті бірер айдан кейін ұмытып, жаңа ұранды мадақ­тайтын әдеті әлі күнге өзгерген жоқ.

Сөз соңында айтарымыз: Шардара мен Көксарай суқоймаларының сыйымдылық мүмкіндігі жеткіліксіз. Демек, трансшекаралық суларды бірлесіп қолдану жөнінде Нұр-Сұлтан мен Ташкент арасында жаңа нақты құжат керек және  оның орындалуы ұдайы бақыланып тұруға тиіс.