Экономика • 21 Тамыз, 2020

Шикізат емес экспортқа басымдық беріледі

739 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Соңғы 2 жылда ішкі тауар айналымы 11 пайызға өсіп, 37,5 трлн теңгеге жетті. Алайда осы жылдың алғашқы 6 айында көрсеткіш 6,9 пайызға төмендеп кетті. Дүние жүзін шарпыған пандемия ішкі және сыртқы нарыққа кері әсерін тигізбей қоймады. Сауда және интеграция министрлігінің хабарлауынша, соның салдарынан сауда саласындағы инвестициялар көлемі 48 пайызға азайды.

Шикізат емес экспортқа басымдық беріледі

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

1,4 млн адам жұмыс істейді

Құрылғанына бір жыл толған министрлік ка­рантин шараларымен байланысты кедер­гі­лермен хал-қадерінше күресіп келеді. Әлем­дік сұраныс құбылып жатқан тұста сауда тіз­бек­тері үзіліп қалуына жол бермеуге тыры­суда.

Бұл саланы өз алдына дербес ведомствоға бөліп шығару маңызды шешім болғаны дау­сыз. Содан бергі аралықта сауда саласының үлесі ІЖӨ-нің 17 пайызына жетті, эконо­ми­каның ірі секторының біріне айналып үлгер­ді. Республика бойынша 1,4 млн адам осы са­­лада жұмыспен қамтылған. Басқа сала­лар сияқ­ты пандемия сауда саласындағы мүм­кін­­дік­­терді де барынша шектеп жатқаны түсінікті.

Ведомство басшысы Бақыт Сұлтановтың айтуынша, министрлік бір жыл ішінде Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде саудадағы 16 кедергіні жойды. Келіп түскен өтініштерді Еуразия экономикалық комиссиясында қарау мерзімін 3 айға дейін қысқартып, сауда байланысын ұлғайтты. Бұрын осы процесс жыл бойы созылатын.

– Қазақстанда бәсекелес өнім­ді жасау мәселесі ғана емес, сондай-ақ оны шетелге – жердің қиыр шетіне Еуро­паға немесе Америкаға жеткі­зіп, сату мәселесі тұр. Мұн­­дай шалғай елдерге маман­дан­дырылған тауар­ларды ғана шығарған тиімді. Өкінішке қарай, көптеген жеңіл өнімдер бойынша бә­секелесу бізге қиындық тудыруда. Сондық­тан әрқашан жақын жердегі көр­ші­лермен сау­даласуға бейілміз, – дейді ол.

Министрдің айтуынша, көп­теген инте­грациялық бірлес­тік­тер сауда белсенділігін артты­руда. Ал Еуразиялық эконо­ми­калық одақтың ішкі сауда көрсеткіші өте төмен.

Бұдан бөлек, Нұр-Сұлтан қала­сы сериялық өнімнің шығу тегі туралы сертификат жүйе­сін енгізуге қол жет­кізді. Ендігі уақытта экспорт­тау­­шылар жарты жылда бір рет сер­тификатын растаса жеткі­лікті. Қазақстандық экспорт­тау­шыларға, мысалы, сүт өніміне әр экспорттық айран партиясына сертификат алып керегі жоқ.

Қазіргі таңда еліміз шикі­заттық емес экспорттаушыларды қолдаудың белсенді саясатын жүргізуде. Алдын ала талдау нәтижелері көрсеткендей, негізгі 16 түрлі тауар бойынша экспорттық әлеует 17 млрд доллардан асады.

Өткен жылы министрліктің көмегімен 300-ден астам қазақстандық компания шет мем­лекеттерде өткен 50 көрме­ге қатысып, жалпы көлемі 114 млрд теңгені құрайтын 63 экспорттық келісімшарт жа­састы. Өңделген өнім өнді­рушілерді мемлекеттік қолдау 2 жыл ішінде экспортқа бағдар ұстанған 277 кәсіпорының көлік шығыстарын 6,8 млрд теңгеге төмендетуге мүмкіндік берді. Ал босатылған қаражатты кәсіпорындар өндіріс көлемін ұлғайтуға инвестиция ретінде салды. Нәтижесінде, олардың салық аударымдары 45 пайызға өскен.

Экспорттаушылар, сондай-ақ жеңіл­детілген кредиттер мен келісімшарттарға сақтандыру қолдауын да алады. Мысалы, өткен жылы Kazakhexport компаниясы 82 экспорттаушының 97,1 млрд теңге сақтандыру міндеттемелерін қабылдапты. Биылғы көрсеткіш те алдын ала болжамдар бойынша бұдан кем болмауға тиіс.

 

Ұлттық тауар өткізу жүйесі құрылады

Отандық өндірісті дамыту, экспорттық әлеуетті арттыру бағытында жүзеге асыры­латын бір бастама бар. Сауда және инте­грация министрлігінің хабар­лауынша, сауда саласын жаңғырту шең­берінде бір­тұтас және тиімді сауда-логис­тикалық инфрақұрылым – ұлт­тық тауар өткізу жүйесін құру бо­йынша жұ­мыс қолға алы­ныпты. Бұл өндірушіден тұты­ну­шыға дейін өнім жеткізу тізбе­гін оңтайландыруға мүм­кін­дік беретін бастама. Оған қоса әлеуметтік маңызы бар азық-тү­лік тауарларының баға­сын 45 пайызға дейін төмен­детуге жол ашады.

Қазақстан фермерлер қа­уым­­­да­с­ты­ғының төрағасы Жигули Дайрабаев бұл бастама тұты­ну­шылар үшін таптырмас шешім екенін айтады.

– Ұлттық тауар өткізу жүйесі – өнімді сақтау, тиімді бөлу және өткізу үшін қажетті жағдайлар жасайды. Тауар шы­ғын­дарын азайту фермерлерге өнімді­лікті арттыруға қо­сымша инвестиция­лау мүм­кіндігін қамта­масыз етеді. Бұдан басқа жеке өндірушінің өткі­зу нарықтарына және сату алдындағы сауда инфра­құ­рылымына толық тікелей қол жеткізуі меншік иесінің де, жалпы саланың да кірістерін арттырады. Ең бастысы наурыз-сәуір айларында көргеніміздей, маусымдық тапшылықтарды болдырмауға мүмкіндік беруі­мен маңызды, – дейді Ж.Дай­рабаев.

Сонымен қатар министрлік Ұлттық банк­пен бірлесіп төлем жүйесі арқылы элек­трондық коммерцияны дамытуды ынта­­ландырмақ. Осы ретте жыл соңы­на дейін онлайн сатып алу ел­дегі барлық бөлшек сауда­ның 900 млрд теңгесін құрауы мүмкін.

Электронды коммерцияны дамытудың маңызы ерекше екенін сарапшылар да айтып отыр.

– Қазақстанда 18 миллион тұтынушы бар. Осы 18 миллион адам тауарлар мен қызметтердің сапасын талап ететін бақы­лаушы екенін ұмытпағанымыз жөн. Осы салаға қатысты заң­намаға енгізілген соң­ғы өзге­рістер нарықтағы тауарлар мен көр­сетілетін қызметтердің сапа­сын қоғамдық бақы­лау құ­ралдарын кеңейтіп қана қойған жоқ, сондай-ақ тұтыну­шы­лардың құқық­тарын қорғаудың толыққанды ұлттық жүйесін құруға жол ашты, – дейді экономист Диас Бабаш.

 

43 компания Alibaba-да сауда жасайды

Бүгінгі таңда 43 қазақ­стан­дық компания аса ірі Aliba­ba платформасында сауда жасайды. 2022 жылдың соңы­на қарай Wildberries компа­ния­сы Қазақстанда жаңа инвес­ти­циялық жобаны іске асырмақ. Бұл Нұр-Сұлтан және Алматы қа­лаларында 5 мың жұмыс ор­ны құрылады деген сөз. Әрі осы жобаның аясында жалпы көлемі 100 мың шаршы метр­ге жуық логистикалық орта­лық­тар салынады.

Министрліктің есебі бойын­ша, жыл соңына дейін онлайн сауданың көлемі 900 млрд теңгеге жетуге тиіс. Ал 2022 жылға қарай оның үлесі барлық бөлшек сауданың 13 пайызын құрап, 2 трлн теңгеге теңелмек. Бес жыл ішінде электронды ком­­мерцияның үлесі жалпы на­рық­тың 15 пайызына жетеді деген болжам бар.

Сауда және интеграция ми­нистрі Бақыт Сұлта­нов­тың есеп беру жиынын­да айтыл­ғандай, былтыр еліміздегі тұты­­ну­­шылардың құқықтарын қор­ғау органдарына 6 мыңнан ас­там өтініш түсіпті. Жыл басы­нан бері тоқтатылған концерттер, тойлар немесе туристік сапа­р­лар үшін ақша қайтару мә­се­лесі бойынша арыз-ша­ғым­дар өте көп. Ал жалпы 1,5 жыл ішінде тұтынушылардың құ­қық­тарын қорғау комитетіне 12 мың­нан астам шағым түскен екен.

– 6 ай ішінде жалпы сома­сы 709 620 теңгеге бас тар­тылған іс-шаралар үшін 23 өтініш түсті, оның ішінде 449 620 теңге қайтарылған. Нұр-Сұлтанда ресейлік өнер­паз­дардың концерттеріне, Белго­родта өтуге тиіс болған «На­родное творчество» фести­валіне, «Астана-Опера» театры­ның қойылымдарына және басқа іс-шараларға билеттер «ticketon.kz» сайты, Ян­декс пошта арқылы, концерт залда­ры­ның кассалары арқылы сатып алынған. Мейрамханалар мен дәмханаларда өтпей қал­ған әртүрлі отба­сылық салта­наттарға жалпы 8 млн 810 мың теңгеден астам сомасын қайтару мәселесі бойынша 50 өтініш түскен. Оның ішінде 7 895 мың теңге қайтарылды, қалған өтініштер бойынша жұмыстар жүргізілуде, – деді ведомство басшысы Б.Сұлтанов.

Оның айтуынша, тұтыну­шы­лардың құқықтарын қорғау комитеті бас тартылған рейс­тер үшін билеттердің құнын қай­тару бойынша SCAT, Air As­tana және FlyArystan әуе­ком­панияларымен келіссөздер жүргізуде.