Экономика • 21 Тамыз, 2020

Теріскейдегі өндіріс өрісі

543 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облысында биылғы жеті айда бюджет 25 пайызға ұлғайып, 324 млрд теңгені құрады. Облыс өнеркәсіптің дамуы бойынша республикада алдыңғы орынға шықты. Бұл туралы облыс әкімдігінің отырысында айтылды.

Теріскейдегі өндіріс өрісі

Ауыл шаруашылығы, инвестиция тарту және құрылыс бойынша да өңірдің даму қарқыны жоғары. Соңғы айда бюджет шығындары белгіленген межеден 2 млрд теңгеге артты. Мұның бәрі әлеуметтік-экономикалық дамудың оң динамикасын сақтап отыр. Бұл динамика жыл соңы­на дейін сақталады деген үміт бар, оған қол жеткізуге резерв жеткілікті.

Облыс әкімі Құмар Ақса­қалов әр саладағы экономи­ка­лық өсімдерге тоқталды. Атап айтқанда, ауыл шаруа­шы­лығының өсімі былтырғы сәй­кес кезеңмен салыстырғанда 102,8%-ға артқаны айтылды. Өндірілген өнім көлемі – 103,9 млрд теңге. Бұл – былтырғыдан 10 млрд теңгеге артық деген сөз. Өсімдік шаруашылығы өнімдері былтырғыдан кем емес. Мал ша­руашылығы өнімдері 102,9%-ға артқан.

Дегенмен, кейбір аудандар­да өндіріс көрсеткіштері был­тырғымен салыстырғанда төмен. Мәселен, облыс орталығының іргесіндегі Қызылжар ауда­нын­дағы ауылшаруашылық өнімі былтырғымен салыстырған­да 92,7% болып отыр. Яғни өнім көлемі 15,1 млрд тең­ге­ге төмендеді деген сөз. Өнді­ріс­тің төмендеуі негізінен жұмырт­қаның азаю себебінен болып отыр. Дегенмен, биыл маусым айымен салыстырғанда шілдеде 13 пайызға артты.

Облыстағы өңдеу кәсіпорын­дары жақсы нәтиже көрсетуде. Мәселен, «Маслодел» ЖШС өні­мін былтырғы сәйкес мерзім­мен салыстырғанда 46%-ға арт­тырып, 45 мың тоннадан ар­тық өнім шығарды. Соның ішін­де сүт, айран, қаймақ, май және тағы басқалары бар. Кә­сіп­­орында 340 адам жұмыс іс­тейді, еңбекақылары биыл 20 па­йызға жоғарылады. Деңгейі осы кәсіпорынмен қарайлас «Молпродукт» ЖШС-да 220 адам жұмыс істейді. Компания жыл басынан бері 41,5 мың тонна өнім шығарды.

Ет өңдеу кәсіпорындарының қарқыны көңіл қуантады. Айта­лық «Казмясопродукт» ЖШС-сы жоспарлы межені 108 пайызға орындады. «СК – Мясопродукт» ЖШС да қалысар емес, кәсіпорын жыл басынан бері 135 млн тең­генің 180 тоннадан артық шұ­жығын өндірді.

Отырыста айтылғандай, жеті айда 80 млрд теңгенің азық-түлігі шығарылды. Бұл был­тырғыдан 16 млрд теңгеге артық. Әкімдік жыл қорытындысы бойынша өсім 4 пайыз болады деп межелеген, бірақ көрсеткіш асып түсетін түрі бар.

Өнеркәсіптің былтырғы жыл­дың сәйкес мерзімімен салыс­тырғандағы өсімі 108,1 па­йыз болды. Ал республика бойынша орташа көрсеткіш 101,3 пайыз екенін айта кетейік. Яғни өсім 27 млрд теңгеге артты.

– Оң динамика біздің зауыт­тардың алған тапсырыстарының өсімінде де байқалды. Ол 16%-ға артып, 38 млрд теңгеге жетті. Соның ішінде «Мұнаймаш» ком­паниясының өсімі 106,1%-ды, «Петромашзаводтың» өсімі 125,7%-ды құрады. «Петропавлдың метал­конструк­ция зауыты» 1,7 млрд теңге­нің 2,5 мың тонна өні­мін шығарды. «Един­ство» ЖШС өндіріс көле­мін 42 пайызға дейін ұлғайт­ты, – деді облыс әкімі.

Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі де биыл 18,8%-ға артты. Соның нәти­жесінде 120 млрд теңге өндіріске құ­йы­лып, былтырғымен салыс­тырғанда 19 млрд теңгеге артық болды.

Облыс әкімдігінде өткен оты­рыста көз жеткізгеніміздей, жаман індеттің қыспағына қа­рамай еліміздің терістігінде эко­номиканың барлық саласы бойынша өсім бар. Облыс әкімі бұл динамика жыл соңына дейін сақталатынына сенім білдірді.

 

Солтүстік Қазақстан облысы