Барлық құқық қорғау органдары, оның ішінде прокуратура да бұл іске белсенді қатысып, азаматтардың карантин талабын сақтауын бақылап отырады. Жуырда Петропавл қаласы прокурорының орынбасары Қайсар Әбішев өз ведомствосы рейдтерінің барысымен таныстырды. «Рейдтік іс-шаралармен 364 нысан, түрлі қызмет түрлері (қоғамдық тамақтану объектілері, көлік, мейрамханалар, базарлар, сауда үйлері, дүкендер, демалыс аймақтары, кешенді монша объектілері) қамтылды. Барлығы бойынша 287 бұзушылық анықталды. Оның ішінде: қоғамдық тамақтану объектілері (дәмхана, тойхана, асхана) - 13 бұзушылық; үйлену тойы - 1 іс-шара ( 2 кінәлі адам); шағын автобустар мен таксилер – 18 бұзушылық; себепсіз жүру - 36 бұзушылық; базарлар, сауда үйлері – 8 бұзушылық; дәріхана - 2 бұзушылық; монша - 1 бұзушылық; демалыс аймақтары - 3, лотерея клубтары – 1, дүкендер – 37 бұзушылық; пәтер бюросы-1 бұзушылық; отбасылық іс-шараны ұйымдастыру, оның ішінде демалыс аймақтарында – 8. Сондай-ақ бетпердесіз көшеде болу немесе бетпердені дұрыс тақпау бойынша – 99 адам жазаланды», деді ол.
Сонымен қатар кейбір нысандарда санитайзерлердің, бетперделер мен қолғаптардың болмауы, кәсіпорын қызметкерлерінде температураны өлшеуді бақылау жүргізілмегені 37 жерде анықталған.
Облыстық бас мемлекеттік дәрігерінің қаулысына сәйкес ойын-сауық, спорттық іс-шаралар, көрмелер ұйымдастыру, форумдар мен конференциялар, сондай-ақ отбасылық естелік іс-шаралар (банкеттер, үйлену тойлары, мерейтойлар, еске алу) өткізуге тыйым салу белгіленген. Соған қарамай рейдтік іс-шаралар барысында "Восточный берег" кафесінің жанында 16-23 жас аралығындағы бетпердесіз жастар тобы, оның ішінде 11 ересек және 5 кәмелетке толмағандар тойлап жатқандығы анықталған. Қазір материалдар жиналып, карантин режімін бұзғанына байланысты жауапкершілікке тарту үшін уәкілетті органға жіберілген.
Сөзінің соңында Қ.Әбішев тұрғындардан карантиндік режімді бұзу фактілері анықталған жағдайда 109 немесе облыс прокуратурасының кезекшісіне 36-03-83 телефон нөміріне хабарласуды сұрады.