"Қыста "Көкжайлау" курорты құрылысына жұмсалған барлық қаражатты тексеру туралы тапсырма түсті. Өкінішке орай, қысқы уақытта таулы аймаққа барып, бақылау шараларын жүргізуге мүмкіндік болмады. Менің білуімше, бұл тексеру қолайлы жағдай туындағаннан кейін жүргізілді. Тиісті аудиторлық шаралар заңнаманы бұзудың жекелеген фактілерін анықтады. Материалдар құқық қорғау органдарына, нақты айтқанда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қалалық департаментіне процессуалдық шешім қабылдау үшін берілді", - деді Ержан Мыңжасаров Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихаты барысында БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Естеріңізге сала кетсек, 2019 жылдың 3 сәуірінде Іле Алатауы ұлттық паркі аумағындағы 5 жер учаскесі жалға беру үшін тендерге қойылғаны белгілі болды. Бұл жобаға қоғам тарапынан наразылық туындап, кейіннен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Көкжайлау тау шаңғысы курорты жобасымен айналысуға тыйым салған еді.