Аймақтар • 22 Тамыз, 2020

Теріскейде телеайтыс мәресіне жетті

236 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қызылжарда үш айға созылып, жаман індеттің кезінде халықтың рухын көтеріп, өнермен сусындатқан «Қызылжар аламаны» телевизиялық айтысы өзінің мәресіне жетті. Қазақтың айтыс өнерін ұзақ жылдар бойы өрге сүйреп келе жатқан ақтаңгер ақын, Халықаралық айтыс ақындары мен жыршы термешілер одағының төрағасы Жүрсін Ерман бастаған қазылар алқасы төрелік еткен айтыста Есіл ауданының жас ақыны Абзал Жұмабек бас жүлдені жеңіп алды. Онымен ақтық сайысқа шыққан Жұмабек Рахымовқа  бірінші жүлде бұйырды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Теріскейде телеайтыс мәресіне жетті

Екі ақын да алдына қара салмай қатарласып шауып жарасымды, тартысты айтыс көрсетті. Тікелей эфир арқылы өткен айтысқа 2000- нан астам адам дауыс берді. Жас ақындардың арыны мен қарымына разы болған Жүрсін Ерман екі ақынға да алдағы республикалық ақындар айтысына жолдама берді.

Сонымен айтыс қорытындысына сәйкес ақтық сынға шыққан екеуден басқа Нұрислам Әбділ – 2-ші, Мұхаммед Қонқай – 3-ші орынды иеленді.

Айтыс соңында өңірімізге келген құрметті қонағымыз Жүрсін Ерманға М.Қозыбаев атындағы солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің "құрметті профессоры" деген ғылыми куәлік табысталды.

Жүлдегерлерге облыс әкімінің орынбасары Ғани Сақтағанов, осы айтыстың демеушісі, қызылжарлық атымтай-жомарт Жомарт Омаров, ақын Қайырлы Ғафуров сыйлықтарын тапсырды. Айтысты ұйымдастырып, тер төгіп жүрген азамат Жарқын Жұпархан өзінің сөзінде «төл өнерді төрге оздырған облыстық мәдениет басқармасы мен өңірлік теле арна әкімшілігіне зор алғысымызды білдіремн. Теріскейдің сөз ұстаған ақырдары мен айтыссүйер ақкөңіл ағайынға айтар алғысымыз шексіз», деді.

Солтүстік Қазақстан облысы