Әлем • 24 Тамыз, 2020

Малидегі мазасыздық

172 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Малидің мазасы қашып тұр. Таяуда елде көтеріліс бұрқ ете түсіп, президент Ибраһим Кейта президенттік лауазымынан бас тартты. Бұл көтерілісшілерді қуантса да, халықаралық қоғамдастық Малидегі жағдайға алаңдаушылық білдіруде.

Малидегі мазасыздық

И.Кейта мемлекеттік теле­арна арқылы өз лауазымынан бас тар­татынын және ұлттық кеңесті тара­татынын мәлім­деді. Соның алдында ғана көте­рі­ліс­шілер президент пен премьер-министр Бубу Сиссені тұт­қын­дағаны туралы ақпарат тараған еді.

ORTM арнасы арқылы халық­қа үндеу жасаған И.Кейта мерзі­мінен бұрын қызметінен кетуінің себебін түсіндіріп, «билігімді сақ­­тап қалу үшін қан төгілгенін қала­маймын. Сондықтан прези­дент­тік мандатымнан бас тар­туға шешім қабылдадым», деді.

Президенттің өкілеттігін тоқ­та­туы шерушілерді бір сер­пілтіп тастады. The Guardian басы­лы­мының хабарлауынша, нара­зы­лар қазіргі үкіметтен шар­шаға­нын жеткізген. Көп ұза­май көтері­лісшілердің басшы­лары телеарна арқылы мәлім­деме жасады. «Біз би­лікті ұстап тұрғанымыз жоқ, біз елдегі тұрақтылықты қамтама­сыз етеміз. Бәріміз бірлесіп қана елдің ұлылығын қайтара ала­мыз», деді Мали әуе күште­рі қызметі бас­шы­сының орын­ба­сары Исмаил Ваге. Сондай-ақ ол ел шекарасы жабыл­ғанын, кеш­кі 9-дан таңғы 5-ке дейін ко­менданттық сағат енгізілгенін хабарлады.

«Бұл қадам аз уақыт ішін­де Малидегі билік пен халық ара­сын­дағы сенімділікті қалпы­на келті­ріп, күнделікті өмірі­мізді жақ­сы жағына жетелей­тін әлеуетті инс­ти­тут қалыптас­ты­ратын жалпы сай­лау өткізуге мүмкіндік береді», деді И.Ваге.

Жалпы, Малидегі ахуалдың шие­ленісуі маусымда басталған-ды. Оқиғаның өршуіне биылғы пар­ла­менттік сайлау түрткі болды. Үкі­метке наразылар көшеге шы­ғып, президенттің қызметінен кетуін талап еткен. Ел президенті И.Кей­та ше­ру­шілермен келіссөздер жүргі­зіп, сайлауды қайта өткізуге уәде берген. Бірақ бұл наразы тарап­­ты тоқтатқан жоқ.

Өткен аптада Кати айма­ғын­дағы сарбаздар қолдарына қару алып, жоғары шенді офицер­лерді тұт­қындады. Үкіметке наразылар олардың әрекетін құп көріп, әділет министрлігінің ғимаратын өртеді.

Оқиғаның бұлай өршуіне алаң­даған премьер-министр Б.Сиссе сарбаздарды қаруын тас­тауға ша­қырған. Бірақ көте­рі­лісшілер алған бетінен қайт­қан жоқ. Осылайша, олар прези­дент И.Кейтаны, премьер-министр Б.Сиссені және қаржы министрі Абдулла Даффені тұтқындады.

Малидегі жағдайға халық­ара­лық қоғамдастық та алаңдап отыр. Оқиғаға байланысты БҰҰ Қауіп­сіздік Кеңесі жабық есік жағ­да­йында жиын өткізген. Айта ке­тер­лігі, Малиде БҰҰ бей­бітшілік мис­сиясының 15600 өкілі қызмет етеді.

БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гу­тер­риш Малидегі жағдайды консти­туциялық тәртіп пен заң ере­жесін өрескел бұзу деп айып­тады. Африка ұйымының төраға­сы Мусса Факи Махамат та көте­ріліс­шілердің әрекетін заң бұзуға балап, президент пен пре­мьер-министрді босатуға шақырды.

Францияның сыртқы істер министрі Жан-Ив ле Дриян мұн­дай ауыр оқиғаны Франция қатаң айыптайтынын жеткізді. Қытайдың сыртқы істер минис­трі Бейжің билігі үкіметті күш­пен ауыстыруға қарсы деп хабарлады. Еуропалық одақ кө­терілістің Малиді ғана емес, өңір­дегі бүкіл ахуалды қиында­та­тынын мәлімдеді.

Бір қызығы, И.Кейтаның қазіргі тағдыры Малидің бұған дейінгі президенті Амаду Туреге өте ұқсас. 2012 жылы осы елде әскери көтеріліс болып, Туре қызметінен кеткен еді. Көтеріліс салдарынан елдегі ахуал қиын­дап, бірқатар аймақта экстре­мистік бағыттағы қарулы топтар күшейе түсті.

Кейінірек Франция әскерінің көмегімен экстремистерді тал­қан­даудың сәті түскен. Деген­мен Ибраһим Кейтаның басшы­лығы кезінде аталған топтар қайта күш жинаған сыңай­лы. Оның үстіне, кей топтар­дың ДАИШ террористік ұйы­мына қатысы бар екені айты­лады. Халықаралық қоғамдас­тық­тың қауіптеніп отырғаны да осы.