Пікір • 24 Тамыз, 2020

Жасандылықтан, бірізділіктен құтылсақ...

387 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақтың қазіргі тойы көп өзгеріске ұшырағанын, бұрынғы қалпын жоғалтқанын үлкен буын біздер әр жерде айтып та, жазып та жүрміз. Қазіргі тойларда көзге ұрып тұрған елеулі кемшілік – жасандылық, жаттандылық.

Жасандылықтан, бірізділіктен құтылсақ...

Той дастарқаны қуанышқа жайылатыны белгілі. Тойға баратын адамдар да арнайы дайындалады. Қуанышты бөлісуге асығады. Бірақ, сөйте тұра тойдан шаршап қайтады. Неге? Өйткені біздің қазіргі тойларымыз тойдан гөрі жиналысқа ұқсайды. Сөз көп. Бір тойда жиырма-отыз адамға сөз бері­леді. Бұл тым артық. Әдемі, сазды әуендерден гөрі даң­ғырлақ музыканың басымдығы, оған қоса асабаның жаттап алған сөздерді, жөнсіз әзіл-қалжыңдарды тықпалай беруі қонақтарды шаршататыны рас. Тойдың бұл қалпы өзгеруі керек деген ойдамын.

Егер жуық арада тойға реформа жасалатын болса, өз басым ең алдымен жалдамалы асабалардан құтылу керек дер ем. Қазақ табиғатынан ырымшыл халық. Бұрынырақта тойын басқаратын кісіні де ырымдап таңдайтын. Сырттан келген бөтен адамға емес, ағайын-туыс ішінде сол әулетке жаны ашитын, шақырылған кісілерді жақсы танитын, тілге жүйрік бір мықтыға тойын басқартатын. Өйткені тойдың жақсы өтпегі ең алдымен той басқарушыға байланысты. Ол қонақтарды елемей, өзін көрсетуге ниеттенсе немесе ретсіз әзіл-қалжың айтып қонақтардың көңіл-күйлерін бұзса, тойдың берекесі қашады. Екіншіден, тойдағы көпсөзділіктен құтылу керек. Тойда екі-үш аузы дуалы үлкен кісілерге сөз беріп, ары қарай өнермен жалғауға әбден болады. Ертеректе ирандықтар­дың тойын көрдім. Сол жердегі өзіміздің қандастардың да то­йына қатыстым. Сонда олардың тойды думанды мерекеге айналдыра білетінін байқағам. Өзіміздің тойлар да бұрын жақсы өткенін білеміз. Оның шет жағасын біздер көрдік. Бала кезімізде аналарымызға еріп тойға баратынбыз. Әр сөздің қа­дірі бар, әр қонақтың орны бар сол тойларда ән мен жырдан шашу шашылып жатар еді. Қыз бен жігіт ай­тысының тамаша үлгілері бар-тын. Тек бір жұп қыз бен жігіт емес, топ-топ бо­лып айтысып, тойдың сәнін келтіретін.

Әрине, бұрынғы тойды қай­тару керек демейміз. Оның қа­жеті де жоқ. Заман өз­гер­ді, тал­ғам өз­герді. «Тек дәс­түр­лі өнер­ді наси­­хатта» дей ал­май­сың. Бі­рақ, тойды жасанды қа­лып­­тан, біріз­ділік­тен шығаруды құп­­тай­­мыз. Той иелерінің де, қо­нақ­­тар­дың да шынайы ризалығы бірінші орында.

 

Сейіт ҚАСҚАБАСОВ,

академик, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты