Сұхбат • 25 Тамыз, 2020

Арт терапия мамандарына сұраныс бар

615 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Startup жобалардың басым бөлігін IT, инновация саласына қатысты жобалар құрайтыны белгілі. Ал әлеуметтік бағыттағы startup жобалар сиректеу кездесіп жатады. Десек те, әлеуметтік startup жобаларға ден қойып жүрген жастарымыз да соңғы кездері көбейіп келеді. Солардың бірі – Айзада Жайыққызы. Ол Британ кеңесі мен Chevron энергетикалық компаниясы ұйымдастырған конкурста топ жарып, әлеуметтік startup жобасын жүзеге асыруға 3000 АҚШ доллары көлемінде грант жеңіп алды. Бүгін біз аталған жобасын әрі қарай іске асыру үшін еріктілердің қолдауына сүйене еңбек етіп жүрген А.Жайыққызын әңгімеге тартқан едік.

Арт терапия мамандарына сұраныс бар

– Әлеуметтік жобаларды қолдау­ға бағытталған Британ кеңесі мен Chevron энергетикалық компаниясы ұйым­дастырған конкурсқа қаты­суы­ңызға не түрткі болды? Оған кімдер қатыса алады?

– Британ кеңесі мен Chevron энерге­тикалық компаниясы әлеуметтік жоба­лар байқауын республикамыздың түр­лі қалаларында жыл сайын өткізіп тұ­рады. 2017 жылы аймақтар тізіміне Атырау өңірі енгізіліп, атыраулықтар да ойдағы жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік алды. Негізі, жоба туралы былтыр естідім. Алайда құжат тапсы­руға кеш қалып, қатысудың реті биыл туды. Жобаның мақсаты еліміздің түк­пір-түкпіріндегі өз мақсаты мен идея­сы бар жастарға қолдау көрсету. 18 бен 29 жас аралығындағы кез келген қазақстандық технология, ғылыми инновация, ауыл шаруашылығы мен әлеуметтік мәселелерге қатысты жобасын ұсына алады. Ең бастысы, жоба халыққа пайдалы болуы керек.

Іріктеу 15 шілдеде басталып, 1 айға созылды. 100-ден астам жобаның ішінен 25 үздігі таңдалды. Одан әрі 3 апта бойы арнайы тағайындалған менторлармен жұмыс істеп, жобамызды қорғадық.

Грант алу үшін жобамен қатар мен­­­тордың да маңызы зор. Менің мен­­­торым Атыраудағы тәжірибелі биз­­­нес тренерлердің бірі – Бибігүл Шахиева. Ол жобам туралы естігеннен бастап, жан-жақты көмек көрсетіп, да­йындады, нақтылай айтқанда жобам­ды қазылар алдында қорғауға, қо­сым­ша сұрақтарға жауап іздеуге, карантин секілді дағдарыс кезеңдеріндегі жұ­мысты ұйымдастыруға, аймақтағы бәсекелестерді зерттеуге көмектесті.

Жалпы, жобаның өз талаптары мен ережелері бар. Арнайы тапсырмалар беріліп, қадағаланады. Қатысушылар жұмысы апта сайын бағаланып отырады. Тапсырмалардың уақтылы орындалуы міндеттеледі.

Жоба аймақтағы өзекті мәселелерді шешуге ықпал ететіндей болуы тиіс, оның халыққа пайдалы болғаны абзал. Жобаның ерекшелігі де назарға алынады. Мен ерекше балаларға арналған арт терапия жобасын ұсындым.

– Сіздің жобаңыз несімен ерек­шеленді? Жоба идеясы қалай туды?

– Менің жобам өнермен емдеуге, яғни арт терапияға қатысты. Менің таң­дауым соның ішіндегі құм терапиясы. Жалпы, құм терапиясының адамның пси­хикасына, сезу мүшелеріне тигізер пай­дасы мол: депрессия, психологиялық шаршаудағы адамдардың дертіне бір­ден-бір ем. Ол көптеген тәжірибе не­гі­зінде дәлелденіп жүр. Балалардың ұсақ моторикасын дамытуда үлесі көп. Ал ерекше күтімді қажет ететін балалар үшін тіптен пайдалы. Ұсақ моторикасын дамыту арқылы дұрыс сөйлеуіне, омыртқа жүйесінің қалыпты жұмыс істеуіне әсер ете аламыз. Дұрыс сурет салуды үйрету арқылы ойын жинақтауға, қиялын кеңейтуге көмектесеміз.

Атырауда ерекше балаларға арналған орталықтар бар. Оларға белгілі бір жас­тағы балалар ғана қабылданады. Бұл жағдай арт терапия орталықтарының қажеттілігін білдіреді. Сонымен қатар 13-18 жас аралығындағы балаларға көп көңіл бөлінбейді. Ал олар әлі де дамуды қажет ететін топ. Өзімнің тәжірибемді, білі­мімді жинақтап, менторыммен кеңе­сіп жоспар құрдық. Жоба осылай пайда болды.

Былтыр Атырау облыстық Ішкі саясат басқармасының Азаматтық орталығына жұмысқа орналастым. Үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс істегендіктен әлеу­меттік бағдарламалардың басы-қасын­да жүреміз. Аймақтағы әлеуметтік мәсе­ле­лерден хабардармын. Атырауға кел­генімде, арт терапия орталықтарын іздей бастадым. Өкінішке қарай, жақсы ор­талық табу қиынға соқты.

– Демек атыраулықтар сіздердің ор­талығыңызда тегін арт терапия са­бақ­тарын ала алады ғой?

– Иә, ерекше күтімді қажет ететін бала­лар орталық жұмысын бастағаннан кейін тегін сабақтарға қатыса алады. Арнайы мамандар құммен, сумен сурет салуды үйретіп, қажетті білім­мен бөліседі. Сабақтардың барлығы тера­пияға негізделген. Орталықта дефектолог-логопед, психологтар да жұмыс істейді. Яғни, орталық жай ғана бос уақытын өткізетін жер емес, олардың денсаулығын түзейтін орталыққа айналса деген ойымыз бар. Құрал-жабдықтар­ға тапсырыс берілді, мамандар да дайын. Қазан айында жұмысымызды бастаймыз деген ойдамыз.

Атырау қаласында арт терапия бо­йынша 2 маман ғана бар. Олар ерікті түрде көмектесіп жатыр. Мамандардың қатарын толықтырсақ деген ой бар. Сондықтан келешекте волонтерлерді шақырып, оларға да арт терапияны үйре­туді жоспарлап отырмыз.

 

Әңгімелескен

Светлана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»