Әуелде бұл бокс кеші шілде айында өтуі керек еді, алайда елде карантин шектеулері енгізілген соң ұйымдастырушылар жекпе-жек уақытын 23 тамызға шегерді. «МТК Global Kazakhstan» менеджерлік компаниясының сол шілде айында шаршы алаңға ұйымның қазақстандық боксшылары өз отандастарымен жекпе-жек өткізетінін жариялағанда, бокс жанкүйерлері әлеуметтік желілерде «қалайша қазақ пен қазақты рингке шығарып отырсыңдар?», «жақын шетелдің боксшыларын неге әкелмедіңдер, басқа қарсылас құрып қалды ма?», деп біраз сын тезіне алған еді. Бірақ ұйымдастырушылар тарапынан кері жауап болмады. Десе де, бұған алыстан жауап іздеудің де қажеті жоқ. Өйткені қазіргі пандемия жағдайында шетелден боксшы шақырту өте қиын. Екінші жағынан, жол шығыны, жекпе-жек гонорары бар. Одан да шетелдік боксшыға кететін азын-аулақ қаржыны қазақ боксшыларына берейік деген ой болған шығар. Сондықтан бокс кешінде тек қазақ боксшылары жұдырықтасты.
Жалпы, бокс мамандары бұндай жағдайдан трагедия жасаудың қажеті жоқ деп есептейді. Әлемдік додалар былай тұрсын, ішкі біріншіліктерде де бір ұлттың өкілдері бір-бірімен айқасып жүр. Тіпті АҚШ-та өтетін кәсіпқой бокс кешінің басты жекпе-жектерінде де америкалық, мексикалық, канадалық және тағы басқа елдердің боксшылары бір-бірімен жұдырықтасып жүргені баршаға мәлім. Қазақтар да бұл жағдайға көзқарасын өзгертіп, қалыпты жағдай екеніне көз үйрету керек деп есептейді.
Ал жуырда осы бокс кеші туралы қазіргі таңда АҚШ-та өнер көрсетіп жүрген кәсіпқой боксшы Мадияр Әшкеев өз ойын ортаға салып, қазақ боксшыларының бір рингте қарсылас болып, жұдырықтасқанына қарсы екенін айтты. «Пандемия жағдайында Қазақстанда кәсіпқой бокс кеші өтетініне қуаныштымын, алайда ұйымдастырушылар неге қазақ боксшыларын бір-біріне қарсы қойғанын түсіне алмадым. Шаршы алаға шығатын жігіттердің барлығы дерлік карьерасында жеңілмеген. Бірақ осы бокс кешінде олардың бірі жеңілетіні анық. Ал карьераңда жеңіліс болса, белдікке шығу мүмкіндігің төмендейді және табатын табысың да азаяды. Бокс кешін ұйымдастырар алдында осы жағын ескеруі керек еді», дейді М.Әшкеев.
Ауыр салмақта әлемнің экс-абсолютті чемпионы украиналық Александр Усик шаршы алаңға шыққанда боксшы қарсыласының ұлтына, дініне мән бермеу керек екенін айтады. «Себебі Құдай бұл спорт түрін жаратқанда қарсыласыңды өлтіру үшін жаратқан жоқ. Тек бір-бірімен қарсыласу үшін ғана жаратты. Сондықтан мен қарсыласымның кім екеніне мән бермеймін», деген болатын.
Сонымен, Алматыдағы айқасқа тоқталсақ. Кәсіпқой бокс кешінің шымылдығын жартылай орта салмақтағы Рай Сейітжанов пен Талғат Бертілеуов ашып берді. Алты раундқа созылған жекпе-жекте Сейітжанов төрешілердің бірауыз шешімімен жеңіске жетті. Сондай-ақ осы салмақта өнер көрсеткен Нұрдос Төлебай да қарсыласы Нұржан Мақашбаевтан ұпай саны бойынша басым түсті.
Үшінші болып шаршы алаңға көтерілген отандасымыз Әли Балоев Беларусь боксшысы Юрий Быховцевпен сегіз раунд бойы жұдырықтасып, кәсіпқой бокстағы 10-шы жеңісін тойлады. Төрешілердің шешімі бойынша Балоев 80-72 есебімен жеңіске жетті. Бір қызығы Быховцев 2019 жылы да Қазақстанға келіп, Руслан Мырсатаевтан жеңіліп қалған еді.
Жуырда ғана кәсіпқой боксқа ауысқан 2018 жылғы жасөспірімдер арасындағы жазғы Олимпия ойындарының күміс жүлдегері Талғат Шәйкен дебюттік жекпе-жегін 2016 жылдан бері кәсіби шаршы алаңда өнер көрсетіп жүрген тәжірибелі боксшы Берікбай Нұрымбетовке қарсы өткізді. Алты раундқа созылған айқаста Шәйкен төрешілердің шешімі бойынша жеңіске жетіп, Нұрымбетов алғаш рет жеңіліске ұшырады.
Бокс кешінің бесінші жұбында жеңілістің кермек дәмін татпаған екі боксшымыз – Сапарбай Айдаров пен Абай Төлеш жұдырықтасты. Екеуі де 75 кило салмақта Қазақстан чемпионы атанған және кәсіпқой бокста біршама тәжірибе жинап үлгерген. Тартысты өткен кездесуде Айдаров екінші раундта қарсыласын бір рет нокаутқа жіберді. Тез арада есін жиып үлгерген Төлеш жекпе-жек соңына дейін жұдырықтасқанымен, ұпай саны бойынша Сапарбайға есе жіберді.
Тағы бір дебютант, 2019 жылғы Азия чемпионы және әлем чемпионатының қола жүлдегері Тұрсынбай Құлахмет кәсіпқой бокстағы тұсаукесер кездесуін сәтті бастады. Ол бұған дейін әйгілі Top Rank промоутерлік компаниясының боксшысы болған отандасымыз Сағадат Рахманқұлмен кездесіп, техникалық нокаутпен жеңіске жетті. Сағадат төртінші раундтан көзінен алған жарақатқа байланысты жекпе-жекті жалғастыра алмады. Әйтпесе С.Рахманқұл Тұрсынбайға біраз қарсылық көрсетіп еді. Сондай-ақ жеңіл салмақтағы жерлесіміз Виктор Коточигов Беларусь өкілі Андрей Исаевпен жұдырықтасып, еш қиындықсыз үшінші раундта-ақ техникалық нокаутпен жеңіс тойын тойлады. Бұл 27 жастағы Коточиговтың 11 жекпе-жектегі 11-ші жеңісі.
Ал бокс кешінің басты жекпе-жегі бокстан ұлттық құраманың капитаны, ауыр салмақтағы саңлағымыз Қамшыбек Қоңқабаев пен кәсіпқой бокста 20-дан жоғары дәрежелі жекпе-жек өткізіп үлгерген Иса Ақбербаев арасында өрбіді. Қоңқабаев дебюттік жекпе-жегін өткізіп тұрса да тәжірибелі қарсыласынан еш қаймыққан жоқ. Бірінші нөмірмен жұдырықтасқан ол сәт сайын қарсыласын соққының астына алумен болды. Бірінші раунд Қамшыбектің пайдасына жазылды. Екінші раундты екі боксшы да ширақ бастап, соққылармен алмасып жатты. Раундтың орта тұсына келгенде Қоңқабаев сол қолымен Ақбербаевтың бүйірінен соғып, нокдаунға жіберді. Төреші сегізге дейін санағанымен, Исаның жекпе-жекті жалғастыра алмайтыны белгілі болды. Осылайша Қамшыбек кәсіпқойдағы дебютті жекпе-жегін сәтті бастады. Десе де ол алдағы уақытта Ұлттық құрама сапында қалып, әуесқой бокста да өнер көрсете береді. Бәлкім, келесі жылғы Токио Олимпиадасынан кейін толыққанды кәсіпқой боксқа ауысуы да ғажап емес.