Қоғам • 25 Тамыз, 2020

Сұраныс саябырламай тұр

122 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елімізде жыл басынан бері автоХҚО-да 1,7 млн-ға жуық мемлекеттік қызмет көрсетілді. «Аза­маттарға арналған үкімет­тің» ресми мәліметіне сәйкес биыл­ғы жеті ай ішінде Қазақстанда жүр­гізуші куәлігін беру және ауыс­тыру бойынша 400 мыңнан астам қызмет, ал көлікті тіркеу бо­йынша 1,3 млн мемлекеттік қызмет ұсынылған.

Сұраныс саябырламай тұр

«Азаматтарға арналған үкімет» мем­лекеттік корпорациясының төрайымы Әсемгүл Балташеваның айтуынша, был­тырға қарағанда биыл egov.kz арқылы алынған онлайн қызметтердің саны артқан. «Бұл үрдіс азаматтардың цифр­лы сауаттылығын арттыруға оң әсерін тигізгені анық. Мәселен, биыл электронды портал арқылы 145 мыңнан астам адам жүргізуші куәлігін ауыстырса, 90 мыңға жуық кісі көліктерін онлайн түрде қайта тіркеген», деді ол.

Бүкіләлемдік пандемия салдарынан жарияланған төтенше жағдай мен ка­рантиндік шектеулерге, соның ішінде халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмыс уақыты қысқарғанына қарамастан, қазақстандықтардың автокөлікке қа­тысты қызметтерге деген сұранысы өте жоғары. Айта кетсек, биыл жүргізуші куәлігіне қатысты қызметтердің саны былтырға қарағанда 70 мыңға өскен, ал көлікті қайта тіркеу бойынша қызмет небәрі 150 мыңға қысқарды.

Айта кетелік, елдегі карантиндік жағ­дайға байланысты халыққа қызмет көрсету орталықтарында көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді алу үшін ал­­дын ала броньдау арқылы кезекке тұ­ру қажет. «ХҚО-ға кезекті броньдау қыз­меті тегін және ресми түрде egov.kz порталы, телеграм және 1414 байланыс орталығы арқылы ұсынылады. Бұл орайда алаяқтарға алданбауларыңызды сұраймыз», деді Әсемгүл Балташева.

Қазіргі таңда аймақтардағы бас сани­тарлық дәрігерлердің шешімімен халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмыс тәртібі біртіндеп ұзартылып жатыр.