Экономика • 25 Тамыз, 2020

Үкімет 5 жылдық әлеуметтік-экономикалық даму болжамын әзірледі

351 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан экономикасының дамуын халықаралық рейтингтік агенттіктер оң бағалауда. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов айтты, деп хабарлайды Egemen.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

Үкімет 5 жылдық әлеуметтік-экономикалық даму болжамын әзірледі

Отырыста елдің 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын жариялаған министрдің айтуынша, ол 2019 жылғы жалпы ішкі өнім бойынша есептік статистикалық деректер, осы жылдың қаңтар-шілдесіндегі экономиканың даму қорытындылары сынды факторлар ескере отырып әзірленген.

Әлемдік экономиканың өсуі бойынша халықаралық қаржы ұйымдарының жаңартылған болжамдары да қаперге алынған.

"Коронавирус індеті аясында биыл әлемдік экономика 4,9 пайызға төмендеп, 2021 жылы 5,4 пайызға дейін өседі деген болжам бар. Әлемдік тауар нарықтарындағы үрдістер де ескерілді. Халықаралық қаржы ұйымдарының 2021-2022 жылдарға арналған мұнай бағасына консенсус-болжамы бір барреліне тиісінше 45 және 55 долларын құрайды. Қазақстан экономикасының дамуын халықаралық рейтингтік агенттіктер оң бағалауда. Moody's және FitchRatings рейтингтік агенттіктері Қазақстанның рейтингін инвестициялық сенімділік деңгейінде растады. Олардың ішінде, жақында, осы жылдың 21 тамызында FitchRatings агенттігі "тұрақты" болжамымен "BBB" деңгейінде рейтингті нақтылады. FitchRatings пікірінше, Қазақстанның рейтингі экономиканың фискалдық тұрақтылығын, экономиканы қолдаудың тиімді шараларын және ақша-кредит саясатын сәтті жүргізуді көрсетеді", - деді Руслан Дәленов.