Қоғам • 26 Тамыз, 2020

Ырғыз-Торғай резерваты қамқорлыққа зәру

2251 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Елімізде өсімдіктер мен жануарлар дүниесіне аса бай өңірлердің бірі – Ырғыздың ұшы-қиыры жоқ кең даласы. Ырғызда өсімдіктердің 423, құстың 250 және аңның 42 түрі бар. Қызыл кітапқа енгендері де едәуір.

Ырғыз-Торғай резерваты қамқорлыққа зәру

 

Құйқалы өңірдің баға жетпес қазынасын сақтау мен қорғау, қам­қорлық жасау үшін 1986 жы­лы халықаралық маңызы бар респуб­ликалық дәрежедегі кіші қорық жасақталды. Қорық аумағы аңы мен құсы жыртылып айырылатын, балығы шы­пырлаған 378 мың гектарды қамтыды. Ал арада жиырма бір жыл өткен соң, яғни 2007 жылдың 14 ақпаны күні кіші қорықты қалпына келтіру мен ауқымын өсіру үшін Үкімет қау­лысына сәйкес «Ырғыз-Тор­ғай» мемлекеттік табиғи резерваты» респуб­ликалық мемлекеттік ме­ке­месі құрылған.

Ата Заңымызда табиғат қой­науының байлығы мемлекет мен­шігі екені айқын көрсетілген. Осы орайда резерват өз қызметін республика Конституциясына және өзге де тиісті нормативтік-құқықтық актілерге, сондай-ақ атал­ған мекеме туралы ереже­ге сәйкес жүзеге асырады. Оның өз төлқұжаты мен рә­міз­­дері жә­не басқару жоспа­ры бекі­тіл­ген. Табиғи резерват­тың құ­рылтайшысы – Үкімет. Сон­дық­тан да бұл мекеме негізінен рес­пуб­ликалық бюджеттен, сон­дай-ақ белгіленген заңнама шең­берінде басқа да қаражат көзде­рінен қаржыландырылады.

1

Резерват ұғымы екінің біріне бірдей мәлім, түсінікті бола бер­меуі де мүмкін. Осы орайда бұл жө­нінде қосымша дерек бере кеткеннің артығы жоқ. Бір сөзбен айтқанда, мұның өзі табиғи ке­шендердің биологиялық сан­алуандығын әрі олармен байланысы бар табиғи нысандарды қорғауға, қалпына келтіруге жә­не сақтауға арналған біртұтас экологиялық жүйе десе де болады. Бұл ретте Ырғыз-Торғай та­биғи резерватында ерекше қор­­ғалатын табиғи аумақ көлемі жө­нінен тек елімізде ғана емес, әлем бойынша алдыңғы қатарда тұ­ратыны атап айтуға тұрарлық мәселе.

Аталған ауқымды құрылым елі­міз­дің Ақтөбе, Қостанай, Қа­ра­ғанды және Қызылорда секілді төрт бірдей облысының шалғай шекараларымен шек­теседі. Оның бас әкімшілік кең­сесі Ақтөбе облы­сындағы Ыр­ғыз ауданының орталығында орналасқан. Осы­нау теңдесі жоқ далалық эко­жүйенің басты ерекшелігі – өр­кениет құ­ры­лымдарынан, соның ішінде өн­ді­ріс ошақтары мен автокөлік дәліздерінен және темір жол бойымен елді мекендерден тыс­қары, қашық орналасуында. Мұн­дай тылсым, тұмса табиғат өсім­діктер мен жануарлар дүниесінің табиғи жағдайда емін-еркін өсіп-өнуіне қолайлы жағ­дай туғызады. Биоло­гиялық алуантүрлілік ұғымының бір тар­мағы осы арадан туындайды. Резерват аумағында ережеге сәйкес шаруашылық қызметтерді жүргізуге рұқсат етілмейді.

Флора мен фаунаның тіршілік етуіне ең қажетті фактордың бірі – құлазыған қу дала емес, сыл­ды­раған су, айнадай жарқыраған өзен­дер мен көлдер. Бұл бағытта Ырғыз-Торғай резерваты аумағы Мұ­ғалжар тауы мен Ұлытау ара­лығындағы 200 млн-нан астам шар­шы шақырым аумақта млрд-таған текше метр еріген қар суын жинайтын Ырғыз, Торғай, Өлкиек және Телғара өзендері аумағында көлбей орналасқан. Сексеннен астам көл бар. Осы өзен-көлдер жүйесі бір арнаға тоғысып, ел-жұрт арасында Құрдым деп аталып кеткен Шалқар теңізі алабына бет түзейді. Бұл табиғаттың бейнебір артық су жинайтын ала­­пат қоймасы тәрізді. Сулы-бат­пақты осынау таңғажайып таби­ғат кеңістігі дүниежүзілік орни­тологиялық маңызға ие.

Кейінгі кезде Торғай мемле­кеттік табиғи зоологиялық қау­ма­лының (Заказник) 296 мың гектар жері резерваттың басқаруына бекі­тіліп берілді. Сөйтіп, оның аумағы бұдан үш жыл бұрын тағы да 410 мың гектарға ұлғай­тылды. Қазір резерватқа қарас­ты ЕҚТА-ның барлық жер көлемі – 1 млн 643 мың гектар. Бұл рес­­публикадағы алты резер­ват­тың ең ауқымдысы екен. Сон­дай-ақ бұл дерек резер­ваттың алатын жері Ырғыз ауданы аума­ғының 39,6 және тұтастай облыс аумағының 5,5 пайызын құрайтынын көрсетеді.

Бүгінде Ырғыз-Торғай ре­зер­­ва­­тында штаттық кестеге сәй­кес 120 адам жұмыс істейді. Бақы­лау қызметінің басты арналары – табиғи кешенді қорғауға, ғылыми-ақпараттық тұрғыда мо­ни­торингтік зерттеулер жүргі­зуге, өсімдіктер мен жануарлар дү­ниесін қалпына келтіруге, жә­не экологиялық ағарту мен туризм ісін ұйымдастыруға бағыт­талған.

Осы орайда резерват жұмысын жедел жүргізу үшін мемлекет қазы­насынан 321 млн теңгеге қа­зіргі заманғы қондырғылармен жабдықталған әкімшілік ғима­раты кешені салынған. Оған орна­ластырылған DAVIS ауа райын бақылау бекеті қондырғысы резер­ват аумағындағы ауа райы жө­нінде толық мәлімет жинақтай алады. Сонымен бірге жануарлар мен өсімдіктер дүниесінің есебін алуға арналған ареалдар да бар. Оны картаға түсіруде GARMIN және MARINFOW бағдарламалары қолданылады. Соның ішінде киіктердің Бет­пақдала таралымындағы әуе са­на­ғына резерват инспекторлары қаты­сып келеді. Бұл істе жекелеген киік үйірлеріне спутниктік бақылау қарғылары орнатылған.

Жер бетінде жойылып кету қау­пі бар, ерекше қорғауға алын­ған жануарлардың бірі – ақбөкен. Бетпақ дала таралы­мындағы бұлар­дың басты мекендеу ортасы мен миграциялық жолы – Ырғыз-Тор­ғай резерваты аумағы. Бұл мекеме құрылған кезден бері киіктер саны он еседей өсіп, 220 мыңға жуықтады.

Ырғыз-Торғай мемлекеттік та­биғи резерваты қызметінің тиім­­ділігін көтеру ісінде толық­тай ше­шімін таппаған мәселелер де бар. 1,5 млн гектардан асып түсетін ауқымды аумақты күзету мен қорғау шараларын қамту үшін қосымша штаттар мен техникалар қажет. Сайып келгенде оның қаржыландыру мә­се­­лесіне тірелетіні түсінікті. Бұл тұрғыда қосымша қаржы көздерін қарас­тыру керек. Резер­­ваттағы елді мекендердің бір бірінен 120-140 шақырым шал­ғайда орналасқаны, ауа райы­ның қолайсыздығы күзет-бақы­лау жұмыстарын жан-жақты жүргізуге кедергі келтіреді. 65 мем­­лекеттік инспектордың қыз­мет етуіне лайықталған бір ғана үй­дің аздық ететіні де рас. Оның салын­ғанына он жылға таяп қалды. Ал ғылыми-техникалық негіз­демеге сәйкес, кем дегенде ай­далада арнайы салынған қызметтік үйлердің үшеуі болуы қа­жет көрінеді. Бұған тиісті қар­жы қарастырылмағаны қын­жылтады.

Резерват қызметінің басты бір арнасын ғылыми жұмыс­тар құрайтындықтан, мекеме бас­шы­лығы өңірдегі және Нұр-Сұл­тан мен Алматы қалала­рын­дағы жоғары оқу орындарымен және ғылыми мекемелер­мен байланыс орнатқан. Соның нәтижесінде Білім және ғылым министрлігінде тіркелген ғы­лыми тақырыптық зерттеу жұ­мыс­та­рын жүргізуге мүмкіндік жа­салды. Осы тәртіппен бес жыл­дық мониторингтік зерттеу нәтижелері хатталып, «Табиғат жылнамасы» топтамасына енгі­зілген. Алматы қаласындағы «Ұлт­­­­тық ғылыми-техникалық» ақпа­­рат орталығындағы біртекті элек­тронды базаға тіркелген. Десе де далалық ғылыми жұмыстарды тереңірек жүргізуге қажетті заманауи құрал-жабдықтар – дрон, GPS,бейнетұзақ пен бейнекамералар жетіспейді.

Бекітілген аумақта өрт және басқа да төтенше жағдайлар болмасына ешкім кепілдік бере алмайды. Осы орайда өрт сөндіру техникаларының да жетіспейтіні, ал қыс кезінде қар қалың түскен жағдайда, қар шаналардың болмауы да қолды байлайды. Ең бас­ты қайшылықты қараңыз: бра­коньерлердің астында желдей жүйткіген шетелдік жол талғамайтын авто­көліктері. Мем­лекеттік инспекторлар оларды «УАЗ»-бен қуып жетіп ауыз­дықтай ала ма? Ырғыз-Торғай мемле­кеттік табиғи резерваты бас директорының мін­детін ат­қарушы Мейірхан Дуан­беков­тың айтуына қарағанда, мем­лекеттік инспекторлардың бәрі бірдей қызмет қаруларымен және кеудеқаптар (броньжилет) қамтамасыз етілмеген. Сондай-ақ инспекторлардың жалақысы небәрі жетпіс мың теңгенің төңі­ре­гінде. Бұл көрініс тек Ырғыз-Тор­ғай емес, еліміздегі барлық ре­зер­ват­тар инспекторларына тән көрініс.

 

Ақтөбе облысы,

Ырғыз ауданы