Әлем • 26 Тамыз, 2020

Қара теңізден газ қоры табылды

421 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған Қара теңізден газ қоры табылғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, «Фатих» бұрғылау кемесі теңіздің Анадолыға тиесілі бөлігінде көгілдір отынның мол қоры бар екенін анықтаған.

Қара теңізден газ қоры табылды

Сарапшылар газ қоры­ның көлемі 320 млрд тек­ше метрді құрай­тынын болжап отыр. Бірақ Түркия президенті Қара теңіздің қойнауында қазба-байлық бұдан да көп деп есеп­тейді. «Бұл – мол қордың бір бө­лігі ғана. Алланың қалауымен оны да табамыз», деді ол. Сондай-ақ Р.Т.Ердоған энергетикалық ресурс­тарды шетелден сатып алуды доға­рып, керісінше экспорттау­ға көш­кенге дейін тиісті жұмыстар тоқта­май­ты­нын жеткізді. Жоспар бойынша, газды өндіру 2023 жылдан басталмақ.

Анадолыға тиесілі теңіз бөлі­гі­нен газ табылуы Түр­кия үшін аса ма­ңызды. Бұл қадам бауырлас мем­лекеттің Ресейдің, Иранның және Әзер­байжанның көгілдір отынына мұқтаждығынан құтқарады. Мәселен, былтыр Түркия газ импорттауға 41 млрд доллар жұмсаған. Ел эко­но­микасының әлеу­еті мен лира­­ның құны арзан­даға­нын ес­керсек, бұл – өте көп сома. Ал­да-жалда газ өндіру жұ­мы­сы сәтті аяқталып жат­са, Ана­долының шығыны да азая түсетіні айтпаса да түсінікті.

Дегенмен, елдегі газды игеру Түркияны біржола шетелдік импорт­қа тәуелді­ліктен құтқарады дегенге сену қиын. Өйткені Қара теңізден табылған көгілдір отынның қоры аса көп емес. Сондықтан шығар, өткен аптада Р.Ердо­ған газ табылғаны туралы хабар­лағанда лира­ның құны өсіп, оның көлемі 320 млрд текше метрді құрай­тыны ай­тыл­ғанда ұлт­тық валютаның баға­сы қайта төмендеді.

Оның үстіне, сарапшылар газды өндірудің қиындығын, оны жүзеге асыруға 10 жыл кететінін айтып отыр. Ал кен орны­ның құрылысын жүр­гізуге мил­лиардтаған қара­жат қажет екені айтпаса да түсінікті.

«Фатих» бұрғылау кемесі көгілдір отынды 2,1 шақы­рым тереңдіктен тапқан. Түркияның энергетика ми­нистрі­нің сөзіне сүйенсек, газды өндіру үшін тағы 1,4 шақырым қазуға тура келеді.

Түркия тарапы талай жылдан бері Қара теңіздің өзіне тиесілі бөлі­гінен де, Жерорта теңізінен де жер­асты байлығын іздеп келеді. Бірақ Анадолының Жерорта теңізін игерсем деген арманына гректер мен кипр­ліктер қарсы. 10 тамызда түрік­тердің бұрғылау кемесі Грекия мен Кипр арасындағы суларда барлау жасап жүргені анықталып, екі тараптың арасында дау тағы қызған. Осыған байланысты Франция Элладалар еліне көмекке бірнеше фрегат жіберді.

Бірқатар елдің басшы­лары Түр­кияны қазба-бай­лыққа кезік­кені үшін құттық­тап үлгерді. Палес­тинаның президенті Махмуд Аббас оқиғаға байланысты Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанға телефон ша­лып, арнайы құттықтаған. Ол Түр­­кия­ның жетістігі Палес­тинаның жетістігі деп есеп­тейтінін жеткізсе, Р.Ер­до­ған Анкара билігі әрда­йым Палестина халқын қолдай­тынын айтқан. Сонымен қатар екі елдің басшысы қарым-қатынасты нығайтып, аймақтық ынты­мақ­тастықты дамыту­ға уағдаласқан.

Украина президенті Вла­димир Зе­ленский де Р.Ердоғанды телефон ар­қылы құттықтады. Украина прези­денті әкімшілігі баспасөз қызметінің ха­бар­лауынша, Зеленский мен Ердо­ған аймақ­тық даму жөнінде әңгі­ме қоз­ғап, екіжақты қарым-қаты­насты ны­ғайтудың ма­ңызды екенін атап өткен.

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев те бауырлас Түркияны жерасты байлығын тапқанымен құт­тықтап, бұл қор елдің өнеркәсіп әлеуе­ті мен әл-қуатын арттыратынына екпін берген, сондай-ақ энергетика импортына тәуелділігін азайтатынына сенім білдірген. Бұдан бөлек, түріктерді бірқатар Араб елдері де құттықтады.