Парламент • 26 Тамыз, 2020

Сенатор су қоймасын жөндеу жұмыстарын қатаң сынға алды

231 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сенатор Дүйсенғазы Мусин еліміздің шығысында орналасқан су қоймаларының бірінің жай-күйін тексерді, деп хабарлайды Egemen.kz. 

Сенатор су қоймасын жөндеу жұмыстарын қатаң сынға алды

ШҚО Жарма ауданындағы "Шар" су қоймасы "Казгипроводхоз" институтының жобасы бойынша 1978 жылы салынған, жалпы көлемі 80,0 млн. м3-ді құрайды. Су қоймасы салынғаннан бері жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. 2016 жылы нысанды күрделі жөндеуден өткізу мақсатында республикалық бюджеттен бір миллиард жарым теңге қаржы бөлінген. Алайда бүгінгі күнге тиісті жөндеу жұмыстары жүргізілмеген, су қоймасы мақсатқа сай пайдаланылып тұрған жоқ.

"Қазсушар" ШЖҚ РМК ШҚО филиалының басшысы Р.Нигмеджановтың айтуы бойынша жобалаушы ұйымының тарапынан жіберілген қателіктер салдарынан жобаның сметалық құнында сәйкессіздіктер орын алған. Аудан әкімі "Шар" су қоймасы негізінен ауыл шаруашылығы өнімдерін суаруға пайдаланылатынын, бұл ауданның ғана емес, өңірдің де экономикасына тікелей әсер ететінін жеткізді. 

Сенатор Дүйсенғазы Мусин су қоймасының тұралап, көптеген күрделі мәселенің туындауына себеп болғаны үшін шаруашылық кәсіпорынын сынға алды. Депутат жергілікті әкімдік мамандарына жобалау есептерін талапқа сай келтіру, ал мердігерге жөндеу жұмыстарын сапалы аяқтап, тапсыру қажеттігі туралы айтты. Дүйсенғазы Мусин аудан және кәсіпорын басшыларының жауапкершілігі туралы ескертіп, жағдайды өзі тұрақты бақылауда ұстайтынын жеткізді.