Аймақтар • 26 Тамыз, 2020

Коронавируспен ауырған алматылықтарға жәрдемақы беріледі

819 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы билігі кейбір мұқтаж азаматтарға әлеуметтік көмек төлеуді жоспарлап отыр. Әзірге жоба бойынша көмек мөлшері - 50 мың теңге, деп хабарлайды Egemen.kz.

Коронавируспен ауырған алматылықтарға  жәрдемақы беріледі

Айта кету керек, бір реттік көмек әлеуметтік жағынан аз қамтылған және коронавируспен дерттенген алматылықтарға беріледі. Әзірге бұл көмек болжам бойынша  5 мың азаматқа беріледі деп күтілуде. Алматы қалалық мәслихатының тиісті шешімі ашық нормативтік құқықтық актілер порталында орналастырылды.

"Коронавирус инфекциясы (CVI) және пневмониямен ауыратын адамдарға 50 мың теңге көлемінде ақшалай төлем түрінде біржолғы әлеуметтік көмек халықтың әлеуметтік осал топтарынан төленеді. Әзірге оптимистік болжам бойынша  815 адам,  5 мың адам (пессимистік сценарий бойынша) көмек ала алады", делінген түсіндірме жазбада.

Сондай-ақ, Алматы билігі тарапынан  мұқтаж жандарды үнемі тамақпен қамтамасыз ету жоспарлануда.

"Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес анықталған сауда топтары арқылы мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына азық-түлік пакеттері  әлеуметтік көмек ретінде ұсынылады. Әзірге жоспар бойынша мұндай көмек 120 мың адамға беріледі", делінген құжатта. Мәслихат шешімінің жобасына қосымша мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттары көрсетілген.

Қоғамдық талқылау 10 қыркүйекке дейін жалғасады.

Естеріңізге сала кетейік, 22 шілдеде Дүниежүзілік банктің аға экономисі Самсу Рахарья ұзаққа созылған дағдарыс Қазақстандағы кедейліктің өсуіне және теңсіздіктің артуына әкелуі мүмкін  екенін айтқан болатын.  Банктің алдын-ала бағалауы бойынша, Қазақстанда кедейлік деңгейі 2020 жылы болжанған 8,3% -дан 12,7% -ға дейін немесе қосымша 800 мың адам кедейшілікте өмір сүруі мүмкін. 18,7 млн ​​халқы бар (2020 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша) кедей адамдардың саны шамамен 2,3 млн адам болуы мүмкін.

Тамыз айында Хьюман Райтс Вотч Қазақстан үкіметіне COVID-19 пандемиясының салдарынан халықты қолдауға арналған қосымша шараларды қабылдауға кеңес берді. Үкіметтік емес ұйымда айтылғандай, егер бұл жасалмаса, онда жүздеген мың қазақстандықтар кедейлікке душар болуы мүмкін.