Аймақтар • 26 Тамыз, 2020

Қарағандылық үздік мұғалімдер миллионер атанады

231 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биыл Қарағанды облысының мұғалімдері ұстаздардың кәсіби мерекесінде құрмет медальдары мен ірі көлемде ақшалай сыйақы алатын болды, деп хабарлайды Egemen.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қарағандылық үздік мұғалімдер миллионер атанады

Бұл туралы онлайн режімде өткен тамыз мәслихатында мәлімдеген өңір басшысы Жеңіс Қасымбек биыл облысымыздағы мұғалім мамандығының беделін көтеру үшін "Қарағанды облысының білім беру саласының құрметті педагогы" атты төс белгісінің бекітілгенін атап өтті.

– Бұл марапат үздік педагогтарға тапсырылады. Оның иегерлеріне 400 АЕК мөлшерінде ақшалай сыйақы төленеді – бұл бір миллионнан астам теңге. Аталған марапаттың бірінші иегерлерін сіздердің кәсіби мерекелеріңіз – Мұғалімдер күніне орай анықтаймыз, деді облыс әкімі.

Жалпы, мемлекет пен жергілікті атқарушы биліктің білім беру жүйесіне деген ерекше назары мен нақты қамқорлығын атап өту керек. Мысалы, осы жылдың 1 қаңтарынан бастап мұғалімдердің еңбекақысы орта есеппен 25%-ға өсті. "Дипломмен ауылға!" бағдарламасы аясында шалғайдағы елді мекендерге барып жұмыс істеуге ниет білдірген жас мамандарға 70-тен 100 АЕК мөлшеріне дейін көтерме еңбекақы тағайындалды. Студенттердің де шәкіртқасы өсіп, ол 25%-ға дейін ұлғайтылған.

Сонымен қатар, тамыз кеңесінде облыс әкімі өңірдегі  білім беру саласының инфрақұрылымын дамыту туралы да кеңінен әңгімеледі. Айта кету керек, биыл облыстағы  мектептерді, бала бақшалар мен колледждерді жөндеуге бұрын-соңды болып көрмеген қаржы – 16,8 млрд теңге бөлінді. Мысалы, бұл қаражат өткен жылғымен салыстырғанда, шамамен үш еседей артық. Бұдан бөлек, биыл облыстың қалаларында мектеп оқушыларының заманауи стандарттарға сай жабдықталған екі жаңа сарайы ашылмақшы.

Биыл коронавирус пандемиясына байланысты, шұғыл түрде қашықтан оқыту жүйесіне көшкен ұстаздар қауымы жергілікті атқарушы билік тарапынан қолдаусыз қалған жоқ. Ортақ мүдде жолындағы бірлесе іс-қимыл еткен әрекеттер өз жемісін беріп, өңірдің ұстаздар қауымы бұл сынақтан да абыроймен өтті. Осыған орай, жаңа оқу жылының қарсаңында облыстың 160 мұғалімі ведомстволық марапатқа ие болды және он педагог облыс әкімінің «Алғыс хатын» алды.

Биылғы тамыз мәслихатының жаңа оқу жылының ерекшеліктеріне арналғанын айта кету ләзім. Осы тұрғыдан келгенде, конференцияға қатысушылар қашықтан оқытуды ұйымдастыру және білім сапасын арттыру мәселелерін талқылады. Қалалық және ауылдық мектеп оқушыларына арналған жаңа білім жобалары ұсынылды.

Еске салар болсақ, биыл білім беру қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз мәслихаты Zoom платформасында және Facebook әлеуметтік желісінде онлайн режімде өтті. Оған білім қызметкерлері, ата-аналар қоғамдастығының және үкіметтік емес ұйымдарының өкілдері бар, барлығы он мыңнан астам адам қашықтан қатысты. Тамыз мәслихатына арналған жиын жергілікті Saryarqa телеарнасының тікелей эфирінде және YouTube-та көрсетілді.