Сондай-ақ картоп пен көкөніс, мал азығын өсіру бағытында да ілгерілеушілік бар. Жерден өнген ырыздықты жинауға 8 мыңнан астам астық комбайндары жұмылдырылса, олардың 3,5 мыңнан астамы жаңа заманғы өнімді техника. Осы арада облыстағы машина-трактор паркінің əр жыл сайын жаңартылып келе жатқанын айта кетуге болады. Мəселен биыл 67 комбайн, 219 трактор, 41 астық кешені сатылып алынды. Əзірге 654 мың гектар алқаптың егіні орылды. Гектар берекесі 9,4 центнерден айналуда. Орылған астықты қабылдап, кептіріп, ысырапсыз сақтау үшін сыйымдылығы 4,2 млн тоннаны құрайтын 65 астық қабылдау кəсіпорны дайындалған болатын. Оған ауыл шаруашылығы құрылымдарының астық сақтайтын қоймаларының сыйымдылығын үстейтін болсақ, 6,6 млн тонна астықты сақтауға толық мүмкіндік бар.
Күз жауын-шашынды. Ылғал көп. Сондықтан облыста бір тəулікте 100 мың тоннадан астам астық кептіруге қауқары жететін 240 кептіргіш құрылғылар дайындалды. Əр күні жылға азық болатын күзгі маусымда дала жұмыстарын іркіліссіз жүргізу үшін 73 мың тонна кепілдендірілген дизель отыны бөлінді. Оның 40 пайыздан астамына төлемақы төленді. Қазір аудандардағы терминалдарға үздіксіз тасымалдануда.
Ел ырыздығы үшін еселі еңбек етіп жатқан диқандарға мемлекет тарапынан өте жақсы қолдау көрсетілуде. Мəселен, осы жылы облыстағы ауыл шаруашылығы саласын қолдауға 72,6 млрд теңге қаражат бөлінгендігін айта кетуіміз керек. Сондай-ақ «Казагро» ұлттық басқару холдингінің қаржы институттары арқылы 32,3 млрд теңге шамасында қолдау көрсетілді. Бұл көлем 2019 жылы 18,6 млрд теңге деңгейінде болған.
«Кең дала» бағдарламасы бойынша «Аграрлық кредиттік корпорациясы» арқылы 265 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне 20,9 млрд теңге көлемінде несие берілді. Өткен жылғы мұндай несиенің мөлшері 18,6 млрд теңге деңгейінде болған. Ауылдық жерлерде нəтижелі жұмыспен қамту жəне жаппай кəсіпкерлікті дамыту мақсатында 381 тауар өндіруші 1,5 млрд теңге несиеге қол жеткізді.
Биыл ауыл шаруашылығы құрылымдары 37,3 млрд теңге субсидияға ие болды. Қазір маңдай терімен, айрықша күш-жігерімен ақық дəнді аялап өсірген облыс диқандары қолайлы сəтті қалт жібермей, ел ырыздығын шашпай-төкпей жинап алуға бар күш-жігерлерін жұмылдыруда.
Ақмола облысы