Аймақтар • 27 Тамыз, 2020

Зауыт жұмысшылары жұмыссыз қалуы мүмкін

975 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өскемендегі 5 мың жұмысшысы бар «Бипэк Авто – Азия Авто» зауытының ұжымы әділдік іздеп, конституциялық құқықта­рының қорғалуын сұрап, петиция әзірлеп жатыр.

Зауыт жұмысшылары жұмыссыз қалуы мүмкін

Өтініш мәтінінде «Ұзақ уа­қыт бойы мүдделі тұлғалар тобы Өскемен қаласындағы Қазақ­станның алғашқы автомобиль зауыты «Азия Автоны» толық шектеуге бағытталған жоспарлы жұмыстарын жал­ғастыруда. Конвейердің жұмы­сын тоқтатуға және респуб­ликадағы автомобиль жа­сау саласын дамыту жөнін­дегі хол­дингтің барлық инвести­циялық бағдарламасын тоқта­тып қоюға мәжбүрлейтін сот шешімдеріне дейін пайдалануда» деп жазылған.

Арызданушылар алда-жалда «Азия авто» зауыты жұмы­сын тоқтатса, мыңдаған адам жұ­мыссыз қалатынын да алға тар­тып отыр. Сондай-ақ Прези­дентке бағытталған хатта алпауыт компания кез келген дәрежедегі тексерулерге дайы­н екенін де атап көрсеткен. Қара­пайым халықтың көбін отандық темір тұлпармен қамтып отыр­ған көлік зауыттарының жетіс­тіктері де жоқ емес. Аталған компания көлденең кедер­гілерге қара­мас­тан, 2020 жыл­дың бірінші жар­тыжылды­ғында еліміздің автомобиль нарығының «абсолютті көш­басшысы» статусын сақтап қалған. Салық төлеуде де бұл за­уытта ешқандай мәселе туын­дамаған көрінеді.

Бірақ Индустрия және ин­фра­құрылымдық даму минис­трлігі «Азия Авто» АҚ және «Азия Авто Қазақстан» АҚ кәсіп­орындары келісім міндет­темелерін орын­дамағанын, ал өзге кәсіпорындар шанақты балқытып біріктіру және бояу бойынша технологиялық жаб­дықтарды іске қосу жө­нін­дегі міндеттемелерін келісім­нің жос­пар-кестесіне сай орын­даға­нын хабарлаған болатын.

Алайда «Бипэк Авто – Азия Авто» баспасөз қызметі­нің мә­ліметіне сүйенсек, өнер­кә­сіп­тік құрастыру бойынша ке­лі­сімді тоқтатуға бүгінгі таң­да заңды негіз жоқ. Шанақты дәне­керлеу мен бояудың қуатын күшейтуді қолданысқа енгізу жөнінде міндеттерді орындау мерзімі қосымша келісіммен 2020 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартылған.

Бұл мәселе компания қыз­­меткерлерін ғана емес, шығыс­­қазақстандықтарды да алаң­датып отырғаны рас. Бірі басқа авто­мобиль сату орталықтары ба­­ғаны күрт көтеріп жіберуі мүм­­кін десе, енді бірі шекарадан шет­елдік көлік қолжетімді баға­мен кіре бастайды деп болжайды. Ал экономика саласы ма­мандарының пікірінше, «Азия Авто» компаниясының жұ­мысы тоқтаса, қарапайым ха­лық үшін тиімсіз болуы мүмкін.

– Қазіргі таңда отандық ав­токөлік өнеркәсібіне мемлекет қолдау көрсетуі керек деп ой­лаймын. Отандық өнімнің қай-қайсысы болсын халыққа тиімді бағамен ұсынылады. Сол сияқты отандық автокөлік те халық үшін қолжетімді. Ал басқа орталықтардағы көлік класы жоғары болғанымен, бағасы орта жалақы алып отыр­ған тұрғындар үшін тиімсіз, – дейді менедж­мент саласының Ph.D докторы Ақмарал Тұрсын­бекқызы.

 

Мерей ҚАЙНАРҰЛЫ,

журналист

 

ӨСКЕМЕН