Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Президенті Дмитрий Медведевпен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
Нұрсұлтан Назарбаев Дмитрий Медведевті тарихи оқиғамен – АҚШ-пен арада Стратегиялық шабуылдық қару-жарақ туралы жаңа Шартқа қол қойылуымен құттықтады.
Өз кезегінде Ресей Президенті ядролық қарусыздану мен таратпаудың жаһандық үдерісіне қомақты үлес қосқан Қазақстанның рөліне жоғары баға берді.
Әңгіме барысында мемлекет басшылары Қырғызстандағы ахуалды да талқылады. Тараптар бұл елдегі ішкі саяси дағдарыстың азаматтар арасында көптеген құрбандықтарға әкеліп соқтырғанына алаңдаушылықтарын білдірді. Мемлекеттік биліктің болмауын бұзақы-тонаушылар пайдалануда. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төраға ел ретінде БҰҰ хатшылығымен тығыз байланыса отырып, жағдайды жедел қалпына келтіруге бағытталған тиісті шараларды қолға алып жатқанын атап өтті. Тараптар қантөгісті және күш қолданудың барлық түрін мейлінше тез тоқтату қажеттігін атап көрсетіп, Қырғызстанның бүкіл аумағында құқықтық тәртіпті қалпына келтіруді жақтайтын пікірлерін білдірді.