Спорт • 27 Тамыз, 2020

«Қайрат» жарады, «Ордабасы» жерге қарады

784 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Еуропа лигасының алғашқы іріктеу кезеңінде «Қайрат» жеңіске жетсе, «Ордабасы» жеңіліс тапты.

«Қайрат» жарады, «Ордабасы» жерге қарады

Алматылық «Қайрат» Орталық стадионда армянның «Ноа» командасын 4:1 есебімен ойсырата жеңіп, Еуропа лигасының екінші айналымына шықты.

Ойынның сегізінші минутында ресейлік жартылай қорғаушы Кирилл Бордың арқасында «Ноа» күтпеген жерден алға шыққанымен, «Қайрат» ойыншылары тез есін жиып, араға төрт минут салып Қырғызстан ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысы Гүлжігіт Алықұлов гол соқты. Есеп – 1:1.

Есеп теңескеннен кейін алаңда белсенді болған «Қайрат» ойыншылары бірінші таймның соңында алға шықты. 35 минутта 36 жастағы бразилиялық шабуылшы Вагнер Лав алматылықтар сапында алғашқы голын соқты.

Екінші таймда Лавтың қанжығасы тағы майланды. 70 минутта Вагнер есепті 3:1-ге жеткізсе, 94 минутта Вагнердің сол қапталдан асырған добына бірінші болып баспен соққы жасаған Эсеола ойынның нүктесін қойды. Қорытынды есеп – 4:1, «Қайрат» келесі кезеңде!

 

«Қайрат» (Қазақстан) – «Ноа» (Армения) 4:1 (2:1)

Гол соққандар: Бор, 8 – 0:1; Гүлжігіт Алықұлов, 12 – 1:1; Лав, 35 – 2:1; Лав, 70 – 3:1; Эсеола, 94 – 4:1.

Допты иелік ету – 50% – 50%; соққы – 15:11; дәл соққы – 9:3; бұрыштама – 6:3; офсайд – 6:2; сары қағаз – 2:2; ойыншы алмастыру – 3:3.

 

Ал «Ордабасы» болса, өз алаңында Румынияның «Ботошани» командасына 1:2 есебімен жол беріп, Еуропа лигасы турнирін ерте аяқтады. 12 минутта «Ордабасы» алға шығуға мүмкіндік алды, бірақ сенегалдық жартылай қорғаушы Абдуллай Диакатенің 11 пенальтиден мүлт кетті. «Сен гол соқпасаңсаған соғады» деген футболдың танымал мақалы осы жерде тағы бір рет еске түсті. Себебі, ойынның 25 минутында «Ботошанидің» австриялық қорғаушысы Марсель Хольцманн гол соғып, командасын алға шығарды. «Орда» 31 минутта есепті теңестірді. Команда ойыншылары оңтүстік африкалық жартылай қорғаушы Мэй Махлангудың арқасында бір желпініп қалып еді, араға екі минут салып хорватиялық шабуылшы Марко Дуганджич есепті 2:1 жеткізіп, румыниялықтарды келесі кезеңге шығарды.

 

«Ордабасы» (Қазақстан) – «Ботошани» (Румыния) 1:2 (1:2)

Гол соққандар: Хольцманн 25 – 0:1; Махлангу, 31 – 1:1; Дуганджич, 33 – 1:2.

Допты иелік ету – 48% – 52%; соққы – 15:10; дәл соққы – 3:4; бұрыштама – 5:4; офсайд – 1:2; сары қағаз – 2:5; ойыншы алмастыру – 3:3.