Елбасы • 28 Тамыз, 2020

БҰҰ мінберінен берілген мерейлі мәртебе

187 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстанның Тұңғыш Пре­зиденті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Яд­ро­лық сынақтардан азат әлем үшін чемпион» мәр­те­бесіне ие болды. Бұл шешім БҰҰ Бас Ассам­блея­сы­ның 29 тамыз – Ядролық сынақ­­тарға қарсы халық­­аралық іс-қимыл күніне арналған арнайы сессиясында жарияланды.

БҰҰ мінберінен берілген мерейлі мәртебе

Биыл COVID-19 пандемия­сымен байланысты БҰҰ-ның жо­ғары деңгейдегі дәстүрлі іс-шарасы онлайн режімінде өтті. Отырысты ашқан БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-ші сес­сиясының төрағасы Мұхаммад Тижани-Банде Қазақстанның ядролық сынақтарға тыйым салу бағытын ілгерілетудегі же­текші рөліне тоқталды. Оның айтуынша, 1945 жылдан бастап әлемде 2000-нан астам ядролық сынақтар жүргізіліп, планета мен адамзатқа, бірнеше буын ұрпаққа зор қасірет әкелді. «БҰҰ құрылғаннан кейін 75 жыл өтсе де, ядролық қауіп әлі де бар, мыңдаған ядролық қару қоймаларда сақталып, пайдалануға дайын», деді БҰҰ Бас Ассамблеясының төрағасы.

БҰҰ-ның қарусыздану жөніндегі Жоғарғы өкілі Изуми Накамицу іс-шарада БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің үндеуін жеткізді. Бас хатшы өз үндеуінде жаһандық ядролық сынақтарға тыйым салудың асыл мақсатына жетудегі кешеуілдеу үшін ешқандай себеп жоқ екенін жеткізді және әлем мемлекеттерін Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартқа қол қойып, ратификациялауға шақырды.

Изуми Накамицу сонымен бірге қазіргі қиын геостратегиялық ортада халықаралық қоғамдастық ядролық сынақтарға қарсы норманы қуаттау үшін күш-жігерін арттыруы керектігіне тоқталды. Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу шарты ұйымының атқарушы хатшысы Лассина Зербо Қазақстанның ядролық қарусыз әлем құрудағы жаһандық күш-жігерге қосқан ерекше үлесін ескеріп, Нұрсұлтан Назарбаев­қа жаңа мәртебе беру туралы баста­ма көтерді. Елбасының 1991 жылғы 29 та­мызда әлемнің ең ірі ядролық полигон­дарының бірі – Семей ядролық полигонын жабу туралы шешімі ядролық сынақтарға алғашқы заңды тыйым ретінде тарихта қал­ғаны мәлім. Сондай-ақ Президенттің полигонды жабу туралы Жарлығы халықаралық күнді белгілеуде де маңызға ие.

БҰҰ Бас Ассамблеясының арнайы сес­сиясының барысында Елбасы Н.Назарбаев­тың іс-шара қатысушыларына үндеуін Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді оқыды. «1991 жылы тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан плане­тадағы ең қуатты ядролық қарудың төртінші арсеналынан бас тарту шешімін өз еркімен таңдады. Тарих бұл қадамның дұрыстығын растады – біз жарқын мысалмен бейбіт жолмен прогресс пен өркендеуге бет алуға болатынын көрсеттік», делінген Елбасының үндеуінде.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті халықаралық қоғамдастыққа Қазақстанның үлгісімен жүруге және ядро­лық ессіздікті тоқтату үшін күш біріктіруге шақырды. «Мен Америка Құрама Штаттары, Ресей, Қытай және Еуропалық одақтың басшылары планетаның болашағы үшін ерекше жауапкершілікте деп санаймын. Егер осы төртжақты форматта саммит өтетін болса, онда оның басты тақырыптарының бірі ядролық қаруды кезең-кезеңімен және пропорционалды түрде қысқарту туралы көпжақты келісімді әзірлеу болуы керек деп сенемін. Қазақстан осы саммитке өз алаңын ұсынуға дайын», деді Елбасы өз үндеуінде.

Бастамашы топ «Чемпион» мәртебесін иеленген тұлғалар ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу шартына қол қоймаған мемлекеттермен мақсатты ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізетініне сенімді. Сонымен қатар олар ұйымдағы ынты­мақ­тастықтың артықшылықтары туралы түсініктерін жақсарту, Қазақстанның ядролық инфрақұрылымын өз еркімен бөлшектеу секілді озық тәжірибелерімен бөліседі.

Финляндияның экс-президенті Тарья Халоненге де осындай мәртебе берілді. «Чем­пиондар», сондай-ақ ядролық сынақтарға жап­пай тыйым салу шарты ұйымының атақ­ты тұлғалар тобының мүшелігіне кіреді.

Бас Ассамблеяның отырысына қатысу­шылар Қазақстанға ядролық қаруды тарат­пау­дағы жетекші рөлі үшін алғыс білдіре отырып, бұл мәселені халықаралық қоғам­дастықтың назарында ұстаудың, сондай-ақ көпшілік жыл сайын Қазақстан бастам­а­шы­лық ететін Халықаралық ядролық сы­нақтарға қарсы іс-қимыл күнін атап өтудің маңызын сөз етті.