Таным • 28 Тамыз, 2020

Ұлттық құндылықтар кепілі

851 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Еліміз егемендік алған алғашқы жылдардан бастап бүгінге дейін болған өміршең өзгерістердің барлығы да Ата Заңымыздың аясында жүзеге асып келе жатыр. Өйткені Қазақстанның өсіп-өркендеуі мен қарқынды дамуының негізі – биыл қабылданғанына 25 жыл толып отырған еліміздің Конституциясы. Халқымыздың әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсаруы мен мемлекетіміздің саяси тұрақтылығының да алтын арқауы – Ата Заңымыз. Бұл басты құжат еліміздегі орнықтылықтың, халқымыздың ырысты ынтымағының кепілі. Сондықтан Ата Заңның әрбір тарауы, әрбір бабы, әрбір тармағы біз үшін аса қадірлі де қастерлі.

Ұлттық құндылықтар кепілі

Қолданыстағы Ата Заңымыз еліміздің тәуелсіздік алған жыл­дарынан бергі аралықта өмір­дің талап тілегіне орай, сынаптай сырғыған уақыттың сұраныс­тарын ескере отырып, өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп жетілдірілді.

Ата Заң біздің ұлттық құн­ды­лық­тарымыздың, рухани кодымыздың, діліміздің берік қорғаны және негізгі кепілі.

Еліміздің Негізгі Заңы­ның алғашқы бабында «Мемлеке­тіміздің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» екені айтыла отырып, мемлекет­тік биліктің бірден-бір бастауы – халық болып саналатынына баса назар аударылды. Консти­­туциямыздың ІІ-бөлімі «Адам және азамат» деп аталады. Онда адамға қажетті рухани игі­ліктерге айрықша мән берілген.

Ұлттық құндылықтары­мыз­дың ендігі маңызды саласы – дін. Оның белгілі бір халықтың, ұлттың өмірінде үлкен рухани-идеоло­гиялық рөл атқаратыны еш дә­лел­деуді қажет етпейтін жайт. Бұл «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң аясында реттеледі. 6 тарау, 25 бап­тан тұратын аталған заң Ата Заң­нан туындап отырғаны мәлім. Діни сенім-нанымға байланысты мәселелер Конституциямыздың бірнеше (19, 22) бабында айрық­ша аталған. Оларда – әркімнің қай ұлтқа, қай партияға және қай дінге жататынын өзі анықтауға хақылығы, кез келген адамның ар-ождан бостандығына құқы бар екені, оны жүзеге асыру жал­пыадамзаттық және азамат­тық құқықтар мен мемлекет ал­дындағы міндеттерге байланыс­ты болмауға немесе оларды шектемеуге тиіс екені ескерілген.

Рухани кодымыздың келесі бір сүбелі тармағы – ұлттық мә­де­ниетіміз. «Мәдениет ту­ра­­лы» заң 8 та­раудағы 40-бапта сараланып қарастырылған. Мұнда халқымыздың мәдени құндылықтары мен ұлттық мә­дени игіліктері, мәдени мұра­лар мен оларды сақтау, салт-дәстүр, тарихи-мәдени маңызы бар өнер жәдігерліктерін қор­ғау, қам­қорлық жасау мә­селе­лері жіліктеп берілген. Әри­не мұның да басты кепілі елі­міз­дің Ата Заңы. Өйткені Консти­ту­­цияның 37-бабында; «...Қа­зақстан Республикасының азаматтары тарихи және мәдени мұралардың сақталуына қам­қор­лық жасауға, тарих пен мә­де­ни мұралардың сақталуына қамқорлық жасауға, тарих пен мәдениет ескерткіштерін қор­ғауға міндетті», деп ерекше ес­кер­тілген болатын.

Осы аталған мәселелердің қатарында 38-баптағы Қазақ­стан азаматтарының табиғатты сақтауға және табиғат байлық­тарына ұқыпты қарауға міндетті деген қағиданы да ұлттық құн­дылықтар қатарында атап өтуді орынды деп білеміз. Себебі туған жер, оның әсем табиғаты, бүкіл – жерасты және жерүсті бай­лық­тары халықтың баға жет­пес игілігі әрі аса маңызды құн­­дылығы екенін еш уақытта ұмыт­пағанымыз жөн.

Еліміздің Туы, Елтаңбасы, Әнұраны мемлекеттік және ұлт­тық құндылықтар ретінде Ата Заңның 9-бабында атап көрсе­тілген. Олардың сипатта­масы және пайдалану тәр­тібі Консти­туциялық заңмен белгіленген. Ал 34-баптағы екі тармақта әркім Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтауға, басқа адамдар құқық­тарын, бостандықтарын, абыройы мен қадір-қасиетін құрмет­теуге, әркім Қазақстан Рес­пуб­­ликасының Мемлекеттік рәміз­дерін құрметтеуге міндетті екен­дігі қадап айтылған. Бұл мәселеге де еліміздің әрбір азаматы ерекше мән бергені орынды.

Біздің бүгінгі егемен еліміздің негізгі құндылықтарының бірі – отбасы. Ол мемлекеттің шағын бөлшегі іспетті. «Отан – отбасынан басталады», деген аталарымыз. Сондықтан бұл жайт Қазақстан Республикасының Конституциясында арнайы баппен қорғалған. 3 тармақтан тұ­ратын 27-бапта көрсетілгендей, неке мен отбасы, ана мен әке мем­лекеттің қорғауында болатыны, балаларға қамқорлық жасау және тәрбиелеу ата-ананың етене құқығы әрі міндеті екені, кәмелетке толған, еңбекке қабі­летті балаларға еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасау міндеттелетіні тайға таңба басқандай жазылған.

Әрбір елдің, әрбір халықтың, кез келген мемлекеттің өсіп-өркендеуі, табысты болуы білім мен ғылымға тікелей байланыс­ты екені айтпаса да белгілі. Сол себепті де бұл салаларды ру­хани игіліктердің, ұлттық құнды­лық­тардың қатарында атаға­нымыз жөн. Қоғамдық өмірдің атал­ған екі саласына екі бірдей заң ар­налған. Оқу-білім саласы – «Қа­зақстан Республикасының Білім туралы» заңымен реттеледі. Ол 12 тарау, 68 баптан тұрады. Ал «Ғылым туралы» Қазақстан Рес­публикасының заңы (5 тарау, 22 баптан тұрады) ғылым және ғылыми-техникалық саладағы қоғамдық қатынастарды реттейді. Бұл екі заңның да іске асырылуына Ата Заңымыздың тиісті баптарында кепілдіктер берілген.

Осы ретте аталған екі маңыз­ды мәселеге де ел Прези­денті Жол­дауының «Әлеуметтік жаң­ғы­рудың жаңа кезеңі» атты IV та­рауында баса назар ауда­рыл­ған.

Жиыны ІХ бөлім, 98 баптан тұратын Қазақстанның Ата Заңы – «Президент», «Парламент», «Үкімет», «Конституциялық ке­ңес», «Соттар және сот төре­лігі», «Жергілікті мемлекеттік бас­қару және өзін-өзі басқару», сон­дай-ақ қорытынды мен өт­пелі ережелерді қамтыған аса маңызды тарихи мәні бар құжат. «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясында Ата Заңға:

«... Конституция – конституциялық құрылыстың құндылықтары, институттары мен нормалары, әлеуметтік байланыстар мен мем­лекеттік биліктің қатынастарын мемлекеттік – құқықтық реттеу негіздері ресми түрде баянды етілетін ең жоғарғы құқықтық нысан. Конституция осы заманғы мемлекеттіліктің маңызды бел­гісі болып табылады», деген анықтама берілген. Олай болса, еліміз­дің әрбір азаматы, әрбір тұрғыны, Ата Заңымызды және одан туындайтын басқа да салалық заңнамаларды көз­дің қарашығындай сақтап, оны қадірлеп-қастерлеуі керек. Өйт­кені, мемлекетіміздің басты Заңы – Конституциямыз бүкіл қазақ­стандықтардың өмір сүруі мен өсіп-өркендеуінің, мемлеке­ті­міздің қарқынды дамуының бе­рік негізі, республика халқы­ның жарқын болашағының біре­гей кепілі, сонымен бірге тұ­ғыр­лы тә­уелсіздігіміздің те­мір­дей ті­ре­гі. Сон­дықтан мұны әр­қай­сы­мыз жа­дымызда ұстағаны­мыз абзал.

 

Ақмарал СМАНОВА,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті,

заң ғылымдарының кандидаты