Әлем • 28 Тамыз, 2020

Қатерлі жарыс қайта басталды ма?

682 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Осыдан 75 жыл бұрын АҚШ Жапонияның Хиросима мен Нагасаки қалаларына атом бомбасын тастады. Қуатты қарудың күшін көрген әлемнің алпауыт державалары содан бері ядролық қаруды игеруге талпынып, қырғи-қабақ соғысты бастан өткерді. Қырып-жою қаруларын шектеу туралы келісімдер де жасалды. Бұл тұрғыдан алғанда Қазақстан әлем елдеріне үлгі.

Қатерлі жарыс қайта басталды ма?

Еліміздің ядролық қару қаупін азайту, оны қысқарту, жою бағы­тындағы тəжірибесі Се­мей поли­гонының жабылуымен ті­келей байланысты. Мұны бірегей қадам, әлем тарихындағы ерекше оқиға десек қателеспейміз. Өйткені еліміздің өзінің қолындағы өте қуатты ядролық қаруды ұстап тұруға мүмкіндігі, экономикалық әлеуеті жететініне қарамастан одан саналы түрде бас тартуы адамзат үшін айтулы оқиға еді.

Бүгінде қазақстандық модель негізінде ядролық қарудан азат әлем құрудың дүние жүзілік тиімді моделі қалыптасып келеді. Бұл өз кезегінде Қазақстанның оңтайлы тәжірибесі жаһандық үдерістерге тікелей әсерін тигізіп отырғанын білдіреді.

Дегенмен кейінгі кезде атом бомбасын жасауда қайта жарыс басталғандай. Қазіргі таңда әлем­нің бірнеше елінде ядролық қару бар. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұ­рақты мүшелері – АҚШ, Ресей, Қытай, Франция және Ұлы­британия атом бомбасының заң­ды­ иегері саналады. Бұдан бөлек, Израиль, Үндістан және Пәкістан да ядролық арсеналы бар елдер­ қатарында. Иран да атом бом­басын иеленуге мүдделі. Ал Сол­түс­тік Кореяның жөні бөлек. КХДР билігі бірнеше рет ядролық қаруын сынақтан өткізіп, әлемді шулатқаны есімізде.

Өкінішке қарай, кейінгі жылдары ядролық қарусыздану жөніндегі келісімдер бірінен кейін бірі бұзылып жатыр. Мәселен, АҚШ тарапы Иранмен жасал­ған ке­лісімнен шықты. Сондай-ақ Қыс­­­қа және орта қашықтағы зы­­­мы­­рандарды жою шарты да бұ­зылды.

Келер жылғы ақпанда The New START деп аталатын стратегиялық шабуылдау бағытында қарулануды болдырмау жөніндегі Ресей мен АҚШ арасындағы келісімнің мерзімі бітеді. Әзірге Кремль де, Ақ үй де аталған шарттың мерзімін ұзарту туралы әңгіме қозғай қойған жоқ.

Естеріңізге сала кетейік, The New START шартына 2010 жылы осы екі елдің сол кезде­гі бас­шылары Барак Обама­ мен Дмитрий Медведев қол қой­ған-ды. Соған сәйкес, оқтұм­сық­тар саны 1550-ге дейін, құрлық­ара­лық баллистикалық зымыран­дар, сүңгуір қайықтардағы баллис­ти­калық зымырандар және ауыр бомбалаушылар саны 700 данаға дейін қысқартылуы тиіс. Жалпы, бұл бастаманы 1982 жылы Америка Құрама Штаттарының сол кездегі пре­зиденті Рональд Рейган көтер­ген еді. Кейінірек 1991 жылы үл­кен Джордж Буш пен Михайл Гор­бачев оның мерзімін ұзартты. Жалпы, АҚШ пен Ресей арасында осындай бірнеше келісім жасалып, екі елдегі оқтұмсықтар саны айтарлықтай қысқарған.

Барак Обаманың президенттігі тұсында Ақ үйдің ядролық қаруға қатысты ұстанымы нақтылана түс­ті. Осылайша, ол әлемді атом бом­­басынан азат етуге қосқан үлесі үшін Нобель сыйлығының иегері атанды. Алайда Б.Обама бір бармағы бүгулі күйінде қал­ғаны анық. Өйткені ол Сенатта келі­сімді ратификациялау кезінде АҚШ-тың ядролық арсеналын жаңғыртуға уәде бергені есімізде. Нәтижесінде АҚШ «смарт бомба» әзірледі. Салмағы 350 кило тартатын жаңғыртылған B61-12 моделі жер серіктерін пайдалана отырып, нысананы дәл көздей алады

Таяуда The Washington Post газеті АҚШ президенті Дональд Трамп Невададағы ядролық сынақ алаңын қайта жандандыруды жос­парлап отырғанын хабарлады. Бұл ақпарат халықаралық қо­ғамдастықты алаңдатқаны анық. Оның үстіне, АҚШ президентінің қарулану жөніндегі арнайы өкілі Маршал Биллингсли елдің қар­сыластарын кез келген сәтте тұ­қыр­­тып, атом бомбасын тастауға әзір екенін мәлімдеді. Бұған қоса, келер жылы Ақ үй ядролық қару­ға арналған бюджетті 37,3 млрд доллардан 44,5 млрд долларға кө­бей­туді жоспарлап отыр.

Жоғарыда The new START ке­лісімі туралы сөз еттік. Әзірге оны ұзарту-ұзартпау туралы айтылып жатқан жоқ. Бірақ АҚШ-тағы биылғы президенттік сайлау бәрін шешуі мүмкін. Алда-жалда ел тізгіні Джо Байденнің қолына тисе, АҚШ шарттың мерзімі ұзар­тылуына мүдделі болатыны анық. Ал Д.Трамп жеңіске жетсе, оқи­ғаның қалай өрбитінін тап басып айту қиын. Өйткені Ақ үйдің қазіргі басшысы кез келген сәтте пікірін өзгертіп шыға келеді.

Кремльдің де ядролық қаруға қатысты ұстанымы өзгеруі ық­ти­мал. Біріншіден, Ресей әлемдегі ядролық арсеналы үлкен мемлекет саналады. Қазіргі таңда сол­түстіктегі көршімізде алты мың­­ға жуық оқтұмсық бар. Со­ның 1500-ден астамы кез кел­ген сәтте қолдануға дайын тұр.

Екіншіден, Ресей жыл сайын ядролық арсеналын жаңартып отырады. Мәселен, құрлық аралық зымыран «Буревестник» әлем­нің кез келген нүктесін нысана­­ға ала алады. «Посейдон» ядро­лық торпедосының қуаты ерекше. Құр­­лықаралық «Сармат» зымыра­ны, дыбыстан жылдам ұшатын «Авангард», мұның бәрі – Ресейдің ядролық қаруды жаңғыртудағы жоспарына кірген. Қазіргі таңда осылардың ішінде «Авангард» қолданылып жүр. Ал «Сармат» 2021 жылы пайдалануға берілмек.

Биылғы жолдауында Ресей президенті Владимир Путин ядро­лық қаруды игерудегі жетіс­тік­те­ріне ерекше тоқталды. «Ұлт­тық­ қауіпсіздікті нығайтуға жасал­ған қадамдарымыз дәл уақы­тын­да, жеткілікті көлемде жасал­ға­ны­на сенімдімін. Атап өтерлігі, зы­­мыран-ядролық қару пайда бол­ға­лы бірінші рет тарихта осы сала бойынша ешкімді алды­мыз­ға тү­сірмей отырмыз. Әлем­нің дер­жа­валары Ресейде бар қару­ды жа­сауға талпынады», деп мәлімдеді.

Ресей президентінің сөзінің жаны бар. Дыбыстан жылдам ұша­тын зымыран жасауға келгенде солтүстіктегі көршіміз басқа ел­дерге қарағанда әлдеқайда алда тұр. Сондай-ақ ракетаға қар­сы қорғаныс жүйесін айналып өтуде де Мәскеудің басымдығы бай­қа­лады. Бірақ сарапшылар дәл осы ракетаға қарсы қорғаныс жүйе­сінде, сонымен қатар қанатты зымырандар жөнінен Ресейдің әлі де артта қалғанын айтады.

АҚШ пен Ресей өзара бәсекеле­сіп, кімнің қабілеті мықты екенін анықтап жатқанда әлемде тағы бір ядролық держава пайда болды. Ол – Қытай. Бұл ел 1964 жылдан бері атом бомбасын сынақтан өткізіп келеді. Стокгольмдегі Ха­лықаралық бейбітшілікті зерт­теу институтының (SIPRI) есеп­теуінше, Қытайда қазіргі таңда 320 оқтұмсық бар. Оның ешқайсысы тез арада қолдануға арналмаған.

Дегенмен Бейжің билігі іш­кі құпиясын сыртқа шаша бер­мейтінін ескерсек, SIPRI-дің есеп­теуі шынайы мәліметті көрсет­пеуі мүмкін. Қытай ешқашан оқ­тұм­­сықтарының нақты саны ту­­ралы тіс жарған емес. Тіпті жал­пылама ақпарат білдіруге де емеурін танытқан жоқ. Бұған қоса ядролық қаруды азайту жө­ніндегі келісімдерге мүше емес. Ендеше, Бейжің билігі өз арсеналын алаңсыз ұлғайта алады.

Бір анығы, Қытай орта қа­шық­­­­тағы зымырандар саны жө­ні­­­нен ешкімге дес бермейді. Яғни 5 мың шақырымға дейінгі қа­шық­қа ұшатын баллистикалық раке­таларға құмар. Мұның басты се­бебі мынада. Қазіргі таңда елде тууы мүмкін ықтимал қақтығыс аймақтық деңгейде өршиді. Бұған Тайваньдағы, Оңтүстік Қытай те­ңізіндегі даулар дәлел.

Әйтсе де, Қытайдың «Ахи­лес нүктесі» бар. Бұл елдің бал­лис­ти­калық зымырандары да, ядролық қарулары да негізінен құрлықта орналасқан. Алда-жалда қақтығыс туа қалса, қарсы тараптың бүкіл арсеналын жоқ қылуы қиын емес. Сондықтан Бейжің билігі сүңгуір қайықтарға арналған ядролық қаруды жетілдіруге мүдделі.

Қытай ешқандай келісімге кірмегендіктен, баллистикалық зы­мырандарын келешекте одан сайын көбейте түсетіні айтпаса да белгілі. Мұны басқа ядролық дер­жавалар жақсы түсінеді. Бірақ ядролық қарусыздану жөніндегі ке­ліссөз үстеліне Бейжің билігін отыр­ғызу оңайға соқпайтыны анық.

Қазіргі таңда қырғи-қабақ со­ғысы кезіне қарағанда ядролық қару саны айтарлықтай азайған. Дегенмен қазіргі бар атом бомба­ларының саны адамзатты жойып жіберуге жеткілікті.

Оның үстіне, ядролық қару­ды игеруге талпынған мемлекет­тер саны біртіндеп артып келе­ді. Мәселен, Үндістан мен Пәкістан­ның өз арсеналынан бас тарта қоюы екіталай. Солтүстік Корея­ның мәселесі бір басқа. КХДР әзірге ядролық держава атану еле­сінен айрылған жоқ.

Қорыта айтқанда, кейінгі кез­де жаппай қырып-жоятын қарулар­ды игеруге талпыныс қайта күшейе түсті. Атом бомбасы бүкіл адам­затқа төнген қауіп екені анық. Сондықтан әлем елдері жаппай қы­рып-жоятын қару жасаудан бә­секелестікке түспей, қайта ке­рі­сінше, ядролық қаруды жоюға, оны таратпауға күш салуы тиіс.