Оқиға • 28 Тамыз, 2020

Саққұлақ би кесенесі

887 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әйгілі Бөгенбай батырдың шөбересі, исі қазаққа есімі мәлім Саққұлақ би 1800 жылы Ерейменнің етегінде жарық дүние есігін ашқан. Топырақ та осы өлкеден бұйырған. Деректерге қарағанда, 1880 жылы өмірден өтсе керек. ХІХ ғасырдың соңында бой көтерген мазар сайын даланың жауыны мен желінен тозыңқырап қалып еді. Биыл қайта жаңарды.

Саққұлақ би кесенесі

Үстіміздегі жылы «Угольный ресурс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Азамат Қапышев аудан әкімі Абай Әлжановтың ұсынысын қолдап, Саққұлақ би мазарын тап-тұйнақтай етіп қоршап берді. Үш ғасыр бойы желдің өті мен жаңбыр суына төтеп беріп тұр­ған қасиетті ескерткіш ұрпағының ұм­тылысының арқасында өзгеше кейіпке енді. Қоршаудың ұзындығы 600 метр, биіктігі 2 метрге жуық. 

Ел құрметіне ие болған Саққұлақ би заманында кім болды деген сауал­дан сырға тартсақ, өлкедегі өр тұлғаның өнеге мен ғибратқа толы ғұмыр жолы былайша таңбаланар еді. Небәрі 12-13 жасында даланың данышпаны – әкесі Бапан бидің қасына ерген, даналығын бойына сіңірген. Көне аңыздарға қарағанда, тумысынан айрықша талантты Саққұлақ би 15 жасында ел ішіндегі дауға араласып, әділ билік айтып, төрелік еткен екен. Сол замандағы қисапсыз дү­ние­ден, рухани мол мұрадан кейінгі ұр­паққа жұқанасы ғана қалған. Әйтсе де, Саққұлақ бидің Шоқанға берген батасы, «Ақыл», «Төрт нәрседен қашық қыл», «Бұл да бір ғалымның бірі еді-ау», «Шыңғысқа көңіл айтуы», «Ғылым», «Байдалы биге айтқаны», «Мұсаның ажалында айтқаны» тәрізді мәнді де мәйекті сөздері сақталып қалған. Шешен сөзінде терең философиялық ой, білім, өмірге деген құштарлық, елдік пен ер­лікті көксеу жатыр.

Өзінің ел бірлігін сақтау, кейінгі ұр­пақты ғана емес, замандастарын да әділ­дікке, адалдыққа, арлылыққа тәрбие­леу бағытында айрықша еңбек еткен Саққұлақ би ел ұйытқысына айналады. Шаңырағында жеті ұл дүниеге келген. Олардың ішінде әке жолын қуғаны Нұралы мен Ералы есімді балалары.

Сайын сахара төсінде әділдік туын желбіреткен, қара қылды қақ жарған жарықтық Саққұлақ бидің кесенесі шикі кірпіштен салынған, сегіз қырлы күмбез күйінде болды. Сегіз бұрыштың оңтүстік батыс жағында төменгі екі қатардың кірпіші сәл-пәл бұзылған екен, қалған қабырғалары тұтас сақталған. Ұрпақтарының аты жазылған ескі тас­тың жанындағы қабырғаның тұсында Сақ­құлақ бидің өзінің және екі ұлының аттары таңбаланып, қабыр үстіне ескерт­кіш орнатылған.

Мазар Ерейментау қаласының күн­­шығыс жақ қапталында 18-20 шақы­рым жерде орналасқан. Уақыт тезіне төтеп берген мазардың 70 пайызы сақ­талып қалыпты. 2000 жылы би ұрпақ­тары кірпіш пен тастан қалап жаңа ма­зар салды. Күмбезінің биіктігінің өзі 12 метрге жуық. Ескі мазарға тиіскен жоқ, ол жаңа мазардың ішінде қалды. Былайша айтқанда, мұқият қоршап, қымтаған тәрізді. 

Өз заманында атақ-даңқы айшылық алыс жерге жеткен биді шығыстың жа­рық жұлдызы – Шоқан Уәлихановтың әде­йілеп іздеп келгені де бар екен. Бұл жайлы әдемі дерек ел аузында сақталып қалған. Аузы уәлі би Шоқанға бата беріпті. Сол бата осы күнге дейін айтылады. Аузынан жалын шығып тұрған Мұса Шорманов та атбасын бұрған. Екі арыстың арасында өрбіген әңгіме бүгінде тәлімі мол, тағылымды аңызға айналған. Қазақтың бай тілінің айрықша көркемдігін, тұла бойыңды қорғасындай балқытатын ыстық рәуіштегі тереңдігі мен кеңдігін, айшығы мен әдемілігін, сыңғырлаған ақ күмістей әуезділігін содан аңғаруға болады.

Ежелгі Ерейменнің бауыры тұнған тарих. Үш жүздің басын қосып, артынан Ақан серінің Құлагерінің мерт болуымен тарихта қалған Сағынайдың асы да осы өлкеде өткен. Ат қайғысы ғана емес, адам қайғысы да Ерейменнің ұшар басындағы қара бұлттың қатпарын қалыңдата түскенге ұқсайды. Саққұлақ бидің үміт еткен ұлы Нұралыны әлдекімдер у беріп өлтірген. Би перзентінің қайғысынан шөгіп қалды делінеді ескі аңыздарда.

Бұл өңірде республикалық қасиет­ті жерлер тізіміне енген ежелгі ескерт­кіштер аз емес. Соның бірі ретінде жа­мағатқа жақсы өнеге беріп, тәлімді таза жол сілтейтін Саққұлақ бидің мазарының қайта жаңғыруы ел жадындағы рухани жаңғырудың жемісі десек, артық емес.   

 

Ақмола облысы,

Ерейментау ауданы