Қоғам • 28 Тамыз, 2020

Самұрық-Қазына: трансформация бағдарламасы тұрақтылықты көрсетті

105 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры пандемиялық дағдарыс кезіндегі қызметкерлерді қашықтан жұмыс істеуге көшіру, жұмыс үрдісін цифрландыру, трансформацияның жаңартылған бағдарламасына қатысты баспасөз мәслихатын өткізді. Компанияның жаңалықтары жөнінде «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ цифрландыру және трансформациялау жөніндегі басқарушы директоры Дәурен Керейбаев айтып берді.

Самұрық-Қазына: трансформация бағдарламасы тұрақтылықты көрсетті

Нақты айтар болсақ, компа­ниядағы цифрлық трансформа­цияның жаңартылған бағдар­ламасы тұрақтылығын көр­сетіп, оң нәтижелерін берді. Д.Ке­рейбаев цифрландырудың сәтті тәжірибесін мысалға келтірді. Негізі, трансформация 2014 жы­лы іске қосылған, 2019 жылы бағдарламаны жаңарту шешімі шығарылды. Оның айтуынша, жаңартылған бағдарлама пандемия кезінде жақсы өзгерістер алып келді. Цифрландыру нәти­жесінде компаниялар тобында бір мезетте 84 пайызға дейін, яғни 20 мыңнан астам әкімшілік қызметкер қашықтан жұмыс істеуге көшірілген. Осы орайда компания жұмысының өнімділігі мен нәтижелігіне нұқсан келтіріл­мегенін ескерген жөн.

Д.Керейбаев былтырғы тұжы­рымдамаға жаңарту енгі­зілгеннен кейін трансформа­ция бағдарламасына бірқатар өзгерту енгізілетінін, олар әсіресе басқарушылық және өндірістік процестерді қайта құру мен жетілдіруге бағытталғанын, сондай-ақ компаниялардың негізгі бизнесі, адами капиталды дамыту және қауіпсіздік, оның ішінде ақпараттық технологиялар саласындағы жобаларға баса назар аударылғанын атап өтті. Сонымен қатар көпшілік трансформацияны шығындарды оңтайландыру деп санайтынын, ал бұл бизнес үдерістерді үздіксіз жақ­сарту екенін жеткізді.

Басқарушы директордың ақпаратынан белгілі болғандай, биылдың өзінде «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ компаниялар тобындағы трансформация жобаларын іске асырудан түскен таза пайда 29 млрд теңгені құрады.

«Компанияның әрбір жобасы қаржылық және қаржылық емес түрде көрсетілген нақты артық­шылықтарға ие. 2020 жылдан бастап 2024 жылға дейін біз трансформациядан 130 млрд теңге таза пайда алуды жоспарлап отырмыз. Трансформация – біздің портфельдік ком­паниялардың бизнесін жақсар­тудың тұрақты процесі. Бұған процестерді оңтайландыру, тех­но­логиялық өзгерістер және инно­вациялық шешімдер арқылы қол жеткізіледі. Осылайша біз олардың тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттырамыз», деді Д. Керейбаев.

Трансформацияның нақты пайдасы туралы айта келе, Дәу­рен Керейбаев Қордың бенчмарк, яғни салыстырмалы әдіс бойын­ша пайданы есептеуден бас тартқанын атап өтті. Сонымен бірге басқа да халықаралық компаниялар секілді үнемі жаңа шешімдерді іздеуге басымдық берілген. Мәселен, бүгінде қызметкерлер ұсынған 50-ден астам бастама қаралып жатқаны мәлім болды. Д.Керейбаевтың айтуынша, тиімді деп табылған жобалар қор портфелінің трансформация бағдарламасының қатарын толықтырады. Бұдан былай әр жобаның қаржылық-экономикалық моделі жасалады. Ол компания мен нарық­тың барлық ерекшелігін еске­реді, қаржы-экономикалық блок­пен тексеріледі және есептеу­лер келісілгеннен кейін ғана компанияның бизнес-жоспарына енгізілмек.

«2019 жылдың қорытындысы бойынша бізде алты қоржынды компанияларда, атап айтқанда «Қазатомөнеркәсіп», «ҚТЖ», «ҚМГ», «Қазпошта», «Самұрық-Энерго» және «KEGOC» компанияларында барлығы 149 жоба мен іс-шара болды. Нақты таза пайда 2018 жылы 28 млрд теңге көлемінде болса, 2019 жылы 69 млрд теңгені құрады. 2020-2024 жылдар арасында 130 млрд теңге көлемінде пайда күтілуде. Біз үшін өндірістік қауіпсіздік маңызды. Сондықтан бұл салаға инвестиция да көп бөлінеді. Мәселен, «ҚТЖ» компаниясы жаңа қауіпсіздік жүйесін қолданады. Жүйе кішігірім олқы­лықтарды да көруге мүмкін­дік береді. Жұмыс үрдісі техно­логияланған сайын IT жүйені қорғау да маңызға ие болды. 2019 жылы қорда компаниялар тобы үшін ақпараттық қауіпсіздіктің жедел орталығы құрылды. Бұл орталық 1 млрд теңгеден аса көп қаржы үнемдеуге алып келді»,  деп атап өтті Д.Керейбаев.

Осындай мысалдардың бірі – Big Data технологиясына не­гізделген Abai зияткерлік жүйесі. Жүйені әзірлеушілер – «ҚМГ Инжиниринг» мамандары. Жо­баның ерекшелігі геологтер жібе­ріп алуы мүмкін мұнай кен орындарын анықтауға жасанды интеллектінің көмектесуінде. «Интеллектуалды» кен орнының осындай технологиялары қа­зірдің өзінде «Ембімұнайгаз», «Қазгермұнай», «Өзенмұнайгаз» кен орындарында пайдаланылып жатыр.

Оның айтуынша, «Самұрық-Қазына» қоры басқарма төрағасы Ахметжан Есімовтің қатысуымен кеңейтілген отырыста цифрлық трансформация бағдарламасына қатысушылардың периметрі алты компаниядан сегіз компанияға дейін ұлғайған.

Сөз соңында Д.Керейбаев бүгінгі дағдарыс қор үшін цифрлы дамудың маңызын көрсеткенін айтты. «Бұрын ойымызға келмеген дүние қазір шындыққа айналып отыр. Мемлекеттер карантин жариялады, нарық құлдырауда, осы орайда цифрлы технология­лар маңызға ие болып жатыр. Біз де бұл бағыттағы ілгерілеуді жалғастырамыз. Трансформация – біздің жұмысымыздың үз­діксіз дамуы мен бүгінгі және келе­шектегі мәселелерге жауап із­деу», деп қорытындылады ол.

Соңғы жаңалықтар

Еріктілер күш біріктірді

Волонтер • Бүгін, 10:51