Кейбір елдердің басқаларға қарсы біріккен альянстарынан әлемдегі бейбітшілікті сақтауға қауіп төнгендіктен, халықаралық ұйымдар құрылған еді. Солардың ішінде БҰҰ – ең негізгі әлемдік ұйым. Оның үлгісімен БСҰ, ЕҚЫҰ және т.б. көптеген ұйымдар құрылды.2010 жылдың басынан бері Қазақстан төрағалық етіп келе жатқан, біз бүгін әңгіме еткелі отырған ЕҚЫҰ ең алдымен бір-біріне қарсы тұрған екі әскери блоктың арасындағы үнқатысу алаңы ретінде құрылған бейбітшілікті сақтау дәнекері болды. Оның ең басты мақсаты – екі блоктың арасында әлемдік бейбітшілікке қауіп төндіретін оттың тұтанып кетуін болдырмау еді. Қазір ЕҚЫҰ – 56 мемлекетті біріктірген аса ірі, бірегей халықаралық Ұйым.
Бүгінгі күні жаһандық қауіп-қатерлердің төркіні өзгерді. Сонымен бірге, қарсылас күштердің теңгерімділігі де ауытқып, жалпыәлемдік тұрақтылыққа төнген қауіптер де бұрынғыдан өзгеріп, әрқилы бола түсті.
Бірполярлы әлем атты идеяның аяғы аспаннан келген соң идеологиялық және саяси дипломатияда бей-берекетсіз плюрализмге жол ашылып, ол экономикалық немесе діни кикілжіңдердің әсерімен тереңдей түсті. Бір қызығы – халықаралық ұйымдар нарықтық экономика сияқты тыныш уақыттарда немесе бір күштердің әсерімен ғана жақсы әрекет жасай алады. Ал егер күштер тепе-теңдігі бұзыла бастаса және кикілжіңдер қарсы тараптардың өздері үшін қағидатты деп санайтын мәселелеріне араласқысы келетін болса, онда ұйымның да әрекеті әлсірей береді. Мұндай жағдайда ұйымдар үнқатысу алаңынан гөрі ешкім сөзін де, шешімін де тыңдамайтын желбуаз нәрсеге айналады.
Бүгінгі күні халықаралық деңгейдегі барлық үнқатысуларды әлемдік қоғамдастық жақсы қабылдағанымен, ЕҚЫҰ-ның қабылданған шешімді орындата алатын мүмкіншілігінің болмауы оның біршама әлсіздігін де көрсетеді. Бұл бір ғана ЕҚЫҰ-да емес, барлық халықаралық ұйымдардың басында бар кемістік. Оны еңсерудің бір амалы ұйым мүшелерінің санын көбейтіп, шешімдердің көпжақтылығын арттыруда сияқты. G-7-нің де алдымен G-8, енді G-20-ға айналу себебі сонда.
Грекия өзінің төрағалық еткен уақытында Ұйымның шешімдерді орындата алатын күшінің жоқтығына көңіл аудармады. Қазақстан төрағалығы кезінде Ұйымның осы осал тұсына көңіл бөлініп, оның болашақ перспективасына назар аударылар деген үміт күшейе түсті. Өйткені, Қазақстанның саяси және экономикалық салмағы әлемде басқаша бағаланады. Бұл орталықазиялық держава аса үлкен де емес (“отарлаудан” қорқатындарды үркітетіндей), сонымен бірге, аса кішкентай да емес (ықпал ете алмайтындардың қатарына қосатындай). Осындай жағдайдың үстіне Қазақстан ғаламшардағы пайдалы қазбалар кені қоймаларының бірі саналады. Бұл фактор оны бағаламауға болмайтын экономикалық сұхбаттасқа айналдырып отыр.
Қазақстан тәуелсіз мемлекет және ол толып жатқан ТМД, Ресей және Беларусьпен қосылған Кеден одағы, АӨСШК, ШЫҰ, ИКҰ, ТҮРКСОЙ және тағы да басқа ұйымдарға мүше болып табылады. Елдің осындай ерекшелігін Президент Нұрсұлтан Назарбаев та үнемі атап өтіп отырады. Ол елдің халықаралық ұйымдарға қатысуы – көптеген мемлекеттер мүдделері қиылысатын көпірге айналуына жақсы жағдай туғызады деп санайды.
Осы күні Қазақстан Азияны Еуропамен байланыстыратын газ және мұнай құбырлары жүйесінің ажырамас бір бөлігіне айналып үлгерді. Ал жуырда Түркіменстаннан тартылған газ құбыры да Қазақстан аумағы арқылы Қытайға жетіп отыр.
Өркениеттілік мазмұнына келетін болсақ, Қазақстан жүздеген ғасырлар бойы түркі мен еуропалық мәдениеттің астасқан тұсында орналасып, ежелгі азиялық дәстүрді бойына сіңірді. Мәдениеттердің осылай, бейбіт қатар өмір сүргендігі Қазақстанның қазіргі саяси бағытына да өзінің ықпалын тигізді. Сондықтан да оның барлық оң бағыттағы үнқатысуларға белсенді қатысуына таңғалуға болмайды. Қысқарта тұжыратын болсақ, бүгінгі Қазақстан және алдымен оның көшбасшысы өркениеттер арасындағы үнқатысулардың бастамашысы бола алады. Бұл, әсіресе, қазіргідей әлемдік дағдарыстың кезінде әлемге аса зәру нәрсе. ЕҚЫҰ-ның бұрынғы мүшелерін, олардың арасындағы теңгерімділікті қалпына келтіре алатын да бүгінгі таңда жаңа төраға болмақ.
Осындай алтын көпір ЕҚЫҰ мүшелерінің бәріне бүгінгі күні қатты қажет, ал егер оны керек қылмаған жағдайда Ұйым өзінің бұрынғы беделінен айрылып қаларын уақыт көрсетіп отыр.
Сонымен қатар, бүгінгі күні ЕҚЫҰ-ны барынша ұлғайтып, БҰҰ-ның дәрежесіне дейін көтерудің қажеті жоқ. Бұл соншалықты дұрыс шешім болмас еді, өйткені, онда ол өзінің тиімділігін тіпті жоғалтып, БҰҰ-ның кішірейтілген көшірмесі сияқты болып қана қалар еді. Бірақ Ұйымның міндеті мен мақсаттарын айқындауда радикалды шаралар қабылдаудың мерзімі жетті.
“ЕҚЫҰ-ның тағдыры мен перспективалары” атты өзінің ресейлік ақпарат құралдарына шыққан мақаласында Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан төрағалық еткен тұста атқарылатын қажетті шаралар туралы айтып өтті. Соның ішінде грекиялық төрағалықтың бастаған істерін жалғастыру, адам құқы туралы дәстүрлі тақырыптардың көтерілуі, қоршаған ортаны қорғау, көлікті және коммуникацияны дамыту сияқты бағыттар бар. Осы мақаладағы ең өзекті мәселе қатарында ол мемлекеттер арасындағы теңсіздіктер мен соның кесірінен туындайтын кикілжіңдердің ғаламдық тұрақтылыққа тигізетін кесірлі әсерлерін атап өтті. Осы қатарда Ауғанстандағы жағдай, терроризм мен экстремизмге қарсы күрес мәселелері мақала өзегіне айналды. Біздіңше, қазақстандық төрағалықтың негізгі бағыты – әлемнің бір өркениетті ғана басшылыққа алып, бірполярлы болмағына қарсы шығу болатын сияқты.
Адамзат құндылықтарының әртүрлілігін ашық мойындай отырып, Қазақстан Президенті олардың арасында өзара сыйластықтағы үнқатысулардың кез келген формасын өткізуді қалайтынын білдіреді. Ол тіпті көзқарастар қайшылығы да бұл іске кедергі бола алмасын айта келіп, тек қана кез келген фундаментализмге жол берілмеуі қажеттігін ескертеді.
Астанада болған форумда Қазақстанның этносаралық және конфессияаралық қатынастар арасындағы үнқатысуларды талқылауға деген ұмтылысы оның ЕҚЫҰ шеңберіндегі өркениеттер арасындағы үнқатысулардың жаңа үлгісін жасауға делдал болмақ ниетін айқын аңғартты. Және осы жолда ол осы бағыттағы кикілжіңдерді реттеудің жаңа тәсілдерін табуды ұсынып отыр.
Әрине, төраға болған елдер өз мемлекетінің ұлттық мүддесінен шыға алмай жатады. Сондықтан да “ұстасқан жақтарға” әділетті төрағалық ете алмай қалуы мүмкін. Бірақ Қазақстанның мұндай біржақтылықтан алыс боларына деген сенім бар. Нұрсұлтан Назарбаев өзінің мақаласында мұндай күдіктердің бәрін сейілтіп өтті. Ол өз елінің ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуінің стратегиялық маңызы барын атап көрсетті. Түрлі үнқатысулар жасауға делдал болу арқылы Қазақстан әлемдік қоғамдастық алдында өзінің ерекше орнына қол жеткізе алады, дейді ол.
Болашақ Еуропаның, ЕҚЫҰ-ның мүддесі үшін Қазақстан лидерінің ниеті іске асып, алға қойған мақсаттары орындалғанын қалаймыз. Сонымен бірге, біз ол айтқандай, “барлық ЕҚЫҰ мүшелері бәрінің де мүддесін қамтитын ұжымдық мақсаттар мен басымдықтардың іске асуына дайындық көрсеткенін” қалар едік.
Дарио РИВОЛЬТА, ІРАLМО халықаралық саясат зерттеулер институтының вице-президенті (Италия).