Аймақтар • 28 Тамыз, 2020

Қостанайда 30 адамды өрттен құтқарған полицей марапатталды

112 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Конституция күніне орай, Қостанай облысының полиция департаментінде бірқатар үздік қызметкерлер марапатталды. Салтанатты шара департамент музейінде өтті. Облыс ПД бастығының м.а. полковник Нығмет Исмағұлов өз сөзінде Қазақстан Республикасының Конституциясы еліміздің сенімді ілгерілеуінің кепілі болғанын атап өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қостанайда 30 адамды өрттен құтқарған полицей марапатталды

- Полиция қызметкерлері әрдайым азаматтардың заңды құқықтарын қамтамасыз ете отырып, қылмыспен күресте алдыңғы қатарда келеді, - деді полиция полковнигі.

Шара барысында «Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен патрульдік полиция инспекторы аға сержант Нұрбек Есқабыл марапатталды. Полицей биыл әріптесімен бірге өрттен 76 жастағы зейнеткер мен сәбиді құтқарған. Жанып жатқан үйден барлығы 30-дан астам адамды аман алып шыққан.

«Ішкі 2-дәрежелі огандардың үздігі» төсбелгісімен көші-қон полициясы басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы полиция майоры Рәбиға Мұсабаева марапатталды.

Сондай-ақ, криминалдық полиция бастығының орынбасары Юрий Полюхов полковник атағын алды. Ол полицияда 23 жылдан астам уақыт қызмет етеді. Юрий Полюхов мерзімінен бұрын әскери атақ алу үлкен мәртебе екенін атап өтті. Бұл менің тәлімгерлерімнің, ұжымның еңбегі деп санайды ол.

- Бұл күні барлық әріптестеріме қызметте табыс тілеймін. Біздің әрқайсымыз қызмет барысында жүріп ел үшін ерен еңбек етудің үлкен абырой екеніне бір сәт те күмәнданбадық, - дейді полиция полковнигі.

- Конституция күнін мерекелеу қарсаңында барлығы 118 қостанайлық полицей марапатталды, оның ішінде 23 қызметкер Ішкі істер министрінің атынан марапатталды, - деді ПД бастығының орынбасары полиция полковнигі Ардақ Ынтықбаев.

Мереке күніне орай, полицейлер бүгіннен бастап күшейтілген қызмет режіміне көшті.

 

 

Қостанай облысы