Қоғам • 31 Тамыз, 2020

Пробация есебіндегі азаматтар жеке кәсібін ашты

232 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгінде мемлекет тарапынан қар­жылай қолдау көріп, шаруа­сын дөңгелетіп отырған жас кә­сіп­керлер қатары артып келеді. Міне, осындай жас кәсіпкерлердің қа­тарында Қармақшы аудандық пробация есебінде тұратын азаматтар да бар.

Пробация есебіндегі азаматтар жеке кәсібін ашты

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Бастау Бизнес» жобасы бойынша бір айлық «кәсіпкерлік негіздері» курсын аяқтап, сертификат алған пробация есебіндегі үш азамат, жаңадан бастаған кәсіпті қолдау мақсатындағы Нәтижелі жұмыспен қам­туды және жаппай кәсіпкерлікті да­мы­ту­дың 2017-2021 жылдарға ар­налған мемлекеттік бағдарламасы аясында 555 600 теңге қайтарымсыз грант ұтып алды. Үшеуі де жеке кәсібін ашты. Біреуі тауық өсірумен айналысып жатса, қал­ған екеуі мал басын көбейтіп, жеке кәсібін дөңгелетіп отыр.

«Тауық өсіру арқылы өз жағдайыңды түзеп алуға да болады екен. Тауықты күтіп баптау да оңай емес. Олардың қорада  еркін қозғалуына жағдай жасау қажет. Қазір әлеуметтік желі деген жақ­сы болды, құсты күтіп-баптаудың түр­лі әді­сін ғаламтордан оқимын. Тауық та құнар­лы азық-түлік түрлерін қажет етеді. Бо­лашақта тауықты көбейтіп, цех ашып, ісімді одан әрі дамытқым келеді», дейді пробация есебіндегі азамат.

Ал аудандық пробация қызметінің аға инспекторы, әділет майоры Жақ­сыбек Жүнісовтің айтуынша, пробация есебіндегі тағы 2 азамат мал өсіріп, мал басын көбейтумен айналысып жатыр. Мемлекеттен алған көмегіне мал ұстайтын қора салып, мал сатып алған. Бір азамат бір айлық курсты аяқтап, сертификат алған. Қазіргі ол мемлекет тарапынан берілетін көмекті алу үшін құжаттарын дайындап жүр.

 

Дана ДОСТАНОВА,

Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД қызметкері