Медицина • 01 Қыркүйек, 2020

Туберкулез дертін тізгіндеу үшін...

397 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Таяуда Көкшетауда «Игілік» туберкулез ауруының алдын алу және дерт деңгейін төмендету бағытындағы қоғамдық қоры мен «Қазақстанның коммунистік халықтық партиясы» бірлесіп келелі кеңес өткізді.

Туберкулез дертін тізгіндеу үшін...

Жиынды «Луч надежды» адам құқығын қорғау және туберкулезбен күрес мәселелерімен айналысатын қоғамдық қордың төрағасы Любовь Рубежанская ашты. Ол өз сөзінде төрткүл дү­ниені әбігерге салған пандемия кезінде өзге де жұқпалы аурулардың, оның ішінде тубер­кулез дертінің біршама бас көтергеніне тоқталды. Аурудың алдын алу мәселелері қандай жағ­­дайда да атқарылуға тиісті. Әйт­песе, тым өршіп кетуі де әб­ден мүмкін. Қазір жұқпалы ауру­лардың бұл түрі қоғамды алаң­датып отыр. Жаңадан ауру белгісі табылған адамдар көбейіп келеді. Оның бірнеше себебі бар. Мә­селен, жұқпалы ауруларды тарататын дерт ошақтарының азаймай тұруы. Облыс орталығында мекен-тұрағы белгісіз адамдар көп. Көкшетау қаласындағы бейімдеу орталығы бір мезгілде 50 адамды ғана қабылдай алады. Жыл басы­нан бері мұнда 200 адам әке­лінген. Мекен-тұрағы белгісіз адам­дардың медициналық талаптарды сақтамайтыны белгілі. Демек, олар әртүрлі жұқпалы ауруларды таратуы әбден мүмкін, оның ішінде құрт ауруы да бар.

Жиында облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова мұндай әлеуметтік қиын түйінді мәсе­лелердің бар екенін айта келе, мемлекет тарапынан кесел­дің алдын алу барысында нақты жұмыстар атқарылып жатқанына тоқталды. Былтырғы жылдың соңында 409 науқас амбу­латорлық жағдайда емделсе, карантин кезінде де 417 нау­қас ем алған. Сондай-ақ науқас­тарды бейнебақылау арқылы емдеу әдісі де қолданылуда. Қатерлі дертпен күрес нәтижелі болуы үшін 75 смартфон алынған. Дерттің алдын алу үшін кешенді жоспар түзіліп, облыстың қалалары мен аудан­дарындағы үйлестіру кеңес­терінде өзекті мәселе жүйелі қаралады. Сөз арасында жаман тұмаумен жағаласқан дәрігерлер қауымына алғысын білдірді. Олар­дың карантин кезіндегі шы­найы ерлікке пара-пар іс-қимылы дертке тосқауыл бола алған­дықтан, туберкулез дертін де жеңетіндіктеріне сенім біл­дірді. Сонымен қатар елді елең­детіп отырған бүгінгі мәселені те­реңнен қаузап, қоғамның наза­рын аудару үшін жиын өткізіп отыр­ған ұжымдарға ризашылығын айтты.

Ал қазіргі қалыптасқан жағ­дай алаңдатарлық. Туберкулез негі­зінен әлеуметтік дерт. 2020 жылдың жеті айы ішінде облыс­та 187 адамнан туберкулез дерті анық­талған. Құрт ауруы Біржан сал, Бурабай, Ерейментау тәрізді аудандарда біршама көбейгені белгілі болып отыр. Емделіп жа­­зы­лып шыққаннан кейін де екін­ші қайтара ауырғандар аз емес. Олардың саны – 82 адам. Бұл орайда ауру ошақтарының Бір­жан сал, Аршалы, Бұланды, Есіл, Жарқайың аудандарында бой көтеріп отырғаны айтылды. Талдау нәтижесіне қарағанда, дерт әсіресе жұмыс істемейтін адамдар арасында көбірек кездеседі. Цифр тілімен айтқанда – 51 пайыз. Сондай-ақ ішімдікке салынғандар мен мекенжайы белгісіз адамдар арасында да туберкулез дертіне шалдыққандар көп. Әлеуметтік-тұрмыстық жағ­дайы жоқтар арасында да бұл ауру­дың белең алатыны белгілі.

Бір өкініштісі, қауіпті дерт 18 жасқа дейінгі балалар арасында да көп кездеседі. Демек, ауру жасарып келе жатыр. Есепті кезең ішінде 17 оқиға орын алған. Балалар мен жасөспірімдер дертке шалдығу көрсеткіші жүз мың тұрғынға шаққандағы талдау бойынша 7,5 пайызды құрап отыр.

Дерттің алдын алу үлкен маңыз­ға ие. Ол кезде емдеу де жеңілірек, дерт ошағын оқшаулау да оңай. Бүгінде облыста 526 сырқат адам бар. Олар ұзақ уақыт бойы емделу үстінде. Осы орайда, адамдардың да өз денсаулықтарына барынша мән беруі керегі жиын бары­сында екпін түсіре айтылды. Алаң­дайтын негіз де бар, жыл сайын ем қабылдау қағидаттарын бұзатын алпыстан астам оқиға орын алады.

Карантин кезінде де туберкулез ауруының алдын алу және емдеу ісінде олқылық болған жоқ. Қазіргі заманауи техника ар­қы­­лы қашықтан емдеу ісі үзбей жүргізілді. Алматы қаласындағы фтизио­пульмонология ұлттық ғы­­лы­ми орталығының ди­ректо­ры Мәлік Аденовтің айтуына қа­рағанда, облыста туберкулез ауруы­ның алдын алу және емдеу барысында кешенді іс атқары­лып жатыр. Көкшетаудағы Қ.Құр­манбаев атындағы облыс­тық фтизиопульмонология орта­лығының заманауи әдістерге сүйе­не отырып, соны ғылыми жаңа­лықтарды басшылыққа алып, бірегей іс тын­дырудағы еңбегі атап айтыл­ды. Дегенмен, бұл дерттің бетін қоғам болып жұмылғанда ғана қайтара алуымыз мүмкін. Соңғы кезде карантин уақытында бір­шама қиындық туды. Әйтсе де, дәрігерлер қауымы дағдарып қал­ған жоқ. Соның нәтижесінде адам өлімі 2,5 пайызға азайды. Бұл дегеніңіз дәрігерлердің адал еңбегінің көрсеткіші.

Жиын соңында қоғам үшін аса қатерлі дерттің алдын алуға байланысты қорытынды жасалды. Ең алдымен мемлекеттік және құқық қорғау органдарының назарын аударып, ведомствоаралық байланысты нығайту, сондай-ақ ішімдікке, есірткіге салынудың жолын кесу тұрғысында құнды пікірлер білдірілді. Дертпен тұтас ел болып күрессек қана түпкілікті нәтиже болмақ.

 

Ақмола облысы