13 Сәуір, 2010

ДІНБАСЫ – “ЖЫЛ АДАМЫ”

836 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Республикалық қоғамдық-саяси “Президент және халық” газеті республикалық “Уақыт таңдауы” - “Выбор времени” агенттігімен бір­лес­кен жобасы бойынша Наурыз мере­кесі қарсаңында дәстүрлі жыл таңдау­ларын айқындаған еді. Сол таңдау бойынша Қазақстан мұсыл­ман­дары діни басқарма­сының төр­ағасы, Бас мүфти, шейх Әбсат­тар қажы Дербісәлі “Жыл адамы” деп танылды. Әлбетте, Дінбасының “Жыл адамы” деп танылуы тектен-тек емес. Мұны оның соңғы 10 жылғы діни басқарма тізгінін ұстаған жемісті қызметіне берілген баға деуге болады. Осы мерзім ішінде мешіттер 1402-ден 2400-ге жетті. Білім және ғылым министрлігі жүйесінде лицензиямен қызмет ететін бір университет, бір институт және 7 медресе ашылды; барлық мешіттерде діни басқарманың сараптауынан өтіп, дінбасының бұйрығын алған діндарлар қызмет етуде; “Ислам және өркениет” газеті 50 мың таралыммен, “Иман” жур­налы 10 000-нан астам таралым­мен жарық көруде. Діни басқарма сараптауынан өткен кітаптар “Көк­­жиек”, “Хикмет”, “Алтын қалам”, “Атамұра” және т.б. баспалардан шығып, қалың оқырмандарының қолына тиіп отыр. Қадір түнін мешіттерде жамағаттардың көптеп қатысуымен өткізу, сүйікті пайғам­барымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) туған күні Мәулітті ай бойы тойлау дәстүрге айналды; қарилардың жарысы мен Рамазанның әр кешіндегі тарауих намазында Құранды қатым ету жүйеге түсті. Ал, өткен жылы бұған қоса ТМД аумағында ҚМДБ-ның ұйымдас­тыруымен Алматыда ханафи мәзһабы­ның негізін қалаушы Нұғ­ман ибн Сәбит, яғни Имам Ағзам Әбу Ханифаның туылғанына 1350 жыл толуына орай тұңғыш рет халықаралық ғылыми-теориялық конференция ұйымдастырылып, табысты өтті. Тамыз айында Әбу Ханифа атындағы республикалық медресе өз есігін ашты. Қазақ тілінде “muftyat.kz” сайты, орыс тілінде “meshіt.kz” сайты жұмыс істей бастады. Бұл екі сайтқа да кірушілер көбейді. Арасында шетелдіктер де аз емес. Діни басқарманың бірқатар облыстардағы өкілдіктері жанынан да қазақ және орыс тілдерінде сайттар іске қосылды. Дін насихаты бүгінгі уақыт талабына сай озық техника жетістіктерін тиісінше пай­даланып, жүргізілуде. Түйіп айт­қанда діни басқарманың қызметі мұнан 10 жылғымен салыстырғанда, жаяудың қасындағы аттылы кісідей деңгейге көтерілді. Мұны ел мұсылман­дары мен сырт көз де байқап, көріп-біліп отыр. Дінбасына “Жыл адамы” сер­ти­фи­катын “Президент және халық” газетінің бас редакторы Марат Тоқашбаев (суретте) табыс етті. “Егемен-ақпарат”.