Экономика • 02 Қыркүйек, 2020

Мұғалжар мен көшім жылқыларын қайтсек көбейтеміз?

1677 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ет және сүт өнімі бағытындағы жергілікті жылқы тұқымдары республикалық палатасының директоры Еркегүл Тілеген жылқының мұғалжар, көшім тұқымдарын көбейтуге арнайы Үкімет қолдауы қажеттігін Ақтөбе облысына келген Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровқа ұсыныс етті.

Мұғалжар мен көшім жылқыларын қайтсек көбейтеміз?

Мұғалжар, көшім тұқымдары­ның ерек­шелігі – қысы-жазы қорада тұр­май тебіндеп жайылады, қатты аяз бен боранға, қара суыққа төзім­ді, жал-құйрығы төгілген, орташа сал­мағы 400-500 килограмға жетеді.

Қазіргі кезде Ақтөбе облысының шаруашылықтарында асылтұқымды жылқылардың үлесі 17 пайыздан аспайды. Облыста осы түлікті асылдандыру жұмыстарымен көп шаруа­шылықтың арасынан «Мұғалжар» ЖШС ғана тұрақты айналысып келеді. Осы серіктестіктің 400-ден астам жылқысының арасынан ерекше туған құлын-тайларын ірік­теп бағып, асылдандыруға жылқы шаруа­­шылығының білгірі Серікбай Рза­баев ақсақал басшылық жасайды.

Жылқының мұғалжар, көшім тұқым­дарын асылдандыру жұмыс­тары 1939 жылы басталып, Мұғал­жар ауданында арнайы жылқы зауы­ты да салынды. Соғыстың алғаш­қы жылдарында құрылған атты әскерге осы шаруашылықтан жыл­қылар жіберіле бастағанда жабы­лып, бар түлігі төңіректегі шаруа­шы­лықтарға үлестірілді. 1953 жылы қайта ашылғанда Мұғал­жар­дың бойына таратылып кеткен жылқыларының тай-құлын­дары қайта әкелінді. Сөйтіп 1990 жылға дейін облыстағы Ембі, Жем, Орқаш бойындағы барлық шаруа­шы­лықтарды таңдаулы мұғалжар, көшім жылқыларымен көбейтті.

– Мұғалжар зауытының арқа­сын­да өңірдегі асылтұқымды жыл­қы­ларды сақтап қалдық. Қазір қазақ­тың бұрынғы қазанаты қайда деген сауалды жиі қоямыз. Бірақ неге еке­ні белгісіз, қазанатты Ресейдің ауыр салмақты жылқыларымен салыс­тырып жатады. Бұл дұрыс емес. Бүгінде тұқымын жаңартамыз деп Ресейден айғырлар әкеліп жатқандар көп. Бірақ ол жақтың жануарының басты айырмашылығы – тебіндей алмайды, алдарына үнемі жем-шөп, сұлы қою керек. Яғни, олардың табиғаты басқа, жерсінбейді. Біздің жылқылар қыстың қатты аязында да қарды тұяғымен аршып, тебіндеп жейді. Өз аяғымен қысы-жазы тебіндеп жүрген мал мүлдем жем жемейді, яғни шығыны аз. Жыл­қы­ның етін, қымызын ғана пайдалан­бай, алдағы уақытта қанын, сүйе­гіне дейін өңдеп, қалдықсыз өнім өнді­руге болады. Терісін де илеп, іске асы­руға мүмкіндік бар. Бірақ бұл ша­руа­ны біртіндеп іске асыруға уа­қыт және Үкіметтен үлкен қолдау қажет болып тұр, – деді Еркегүл Тілеген.

Қазақстанда шамамен 3 миллион­ға жуық жылқы болса, оның 7 %-ы ғана асылтұқымды деп саналады. Оның үстіне, осы 3 миллион жыл­қының 900 мыңы жылда соғымға кетеді. Соңғы жылдары Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай қазақстандық жылқы етін сатып алуға сұраныс білдіріп отыр. Дәл қазіргі жағдайда жылқы етін экспорттайтын болсақ, қазақ жылқысыз қалады. Мұны шешудің бір жолы – еліміздегі осы түлік санын 3-5 есе көбейтіп барып қана жыл­­қы етін экспорттауға кірісуге бола­ды. Өңірдегі шаруа қожалықтары да жылқы шаруашылығына мемле­кет­тік қолдау қажет деген пікірде. Өйткені күтімі, бағымы жақсы болса, жылқы тез көбейетін түлік.

 

Баянды СӘРСЕНБИНА

 

Ақтөбе облысы