Орал қаласында “Ел ынтымақтастығы – кемел болашақтың арқауы” деген тақырыпта облыс жастарының форумы болды.
Жиынды ашқан облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлеймен жастардың еліміздің саяси өміріне белсене қатысып келе жатқанын, олардың мемлекеттік құрылымдармен ынтымақтастығының маңызы зор екенін атап өтті. Сан этнос өкілдері тату-тәтті тұрып жатқан Қазақстан бүгінде ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуде.
Форумға 150-дей делегат қатысып, өз пікірлерін ортаға салды. Атқарылған жұмыстарды қорытындылап, алда тұрған міндеттерді белгіледі. Жиын барысында түрлі аталымдар бойынша үздік жобалар анықталды. Атап айтқанда, “Отансүйгіштік және толеранттылық” тақырыбында Бөкей ордасы аудандық “Нарын жастары” қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Айболат Құрымбаев пен Орал қаласындағы №17 орта мектептің 11-сынып оқушысы Нармина Абдурахманова, “Көшбасшылық” бойынша Еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясының студенті Лилия Кужаева, “Мәдениет және салт-дәстүр” бойынша Теректі ауданы Новопавлов ауылдық округінің жастар жетекшісі Әсел Жақасова, “Саламатты өмір салты” бойынша Батыс Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінің студенті Индира Әдиеваның жұмыстары үздік деп танылды.
Жеңімпаздар дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталып, форум соңы өңірдегі этномәдени орталықтардың шығармашылық ұжымдары қойған достық фестиваліне ұласты.
Темір ҚҰСАЙЫН, Батыс Қазақстан облысы