Аймақтар • 02 Қыркүйек, 2020

Президент Жолдауына орай Жамбылда жаңа жобалар басталады

500 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялаған болатын. Президент Жолдауына орай, Жамбыл облыстық әкімдігінде актив жиналысы өтті.

Президент Жолдауына орай Жамбылда жаңа жобалар басталады

Жиында маңызды құжатта алға қойылған негізгі басымдықтар мен міндеттерді жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Басқосуда Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Жолдауда айтылған маңызды міндеттерге тоқталып, өңірде одан туындайтын міндеттердің жүзеге асырылу барысына тоқталды. «Президент коронавируспен күрес шараларына айрықша назар аударды. Босаңсуға әлі ерте. Коронавирустық инфекцияның таралуына қарсы тұру мәселелері ерекше бақылауда болуы керек. Облысымызда төсек-орын санын көбейту жұмыстары жүргізілуде. Дәрі-дәрмектер мен медициналық жабдықтар қоры қалыптасуда. Жақында ғана ашылған орталықта коронавируспен ауырған тұрғындар оңалту курсынан өтіп жатыр. Біз жамбылдықтардың сапалы медициналық қызмет алуы үшін барымызды салып жатырмыз», деді ол.

Сонымен қатар, Бердібек Сапарбаев Мемлекет басшысының ел дамуының ең өзекті мәселелерін атап өткенін және оларды шешу жолдарын көрсетіп, стратегиялық басымдықтарды айқындағанын атап өтті. Жолдауға сәйкес, облыста мемлекеттік басқарудың жаңа моделін құру бойынша реформалар жүйелі түрде жүргізілетін болады. Сондай-ақ, Бердібек Сапарбаев өз сөзінде жаңа жағдайдағы экономикалық даму, импортты азайту және Жамбыл кәсіпорындарының экспорттық әлеуетін дамытудың маңыздылығына да айрықша тоқталды. «Еліміздің жаңа экономикалық бағыты ел Президенті атап көрсеткен жеті негізгі қағидатқа негізделуі керек. Біздің өндірістік әлеуетімізді толығымен пайдалану тапсырылды. Өңдеу өнеркәсібіндегі түсті металлургия, машина жасау, ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу, құрылыс материалдары мен тамақ өндірісі секілді жаңа бағыттарды зерделеу қажет. Біздің облыста бұл бағыттардағы жобаларды зерделеуге және жүзеге асыруға барлық жағдайлар жасалған. Тиісті тапсырма менің орынбасарларыма және салалық басқарма басшыларына жүктеледі», деді әкім. Жиын барысында Бердібек Сапарбаев аудан әкімдеріне әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын бақылауды тапсырды. Тұрғындардың табысын арттыру үшін пилоттық жобаның мүмкіндіктерін пайдалану және аталған жобаны іске асырудың екінші кезеңіне дайындалу қажеттігін ескертті. «Мемлекет басшысы 2025 жылға дейін республикалық маңызы бар жолдарды қайта жаңғыртып қана қоймай, жол бойындағы сервиспен қамтамасыз ету міндетін жүктеп отыр. Осы орайда біз «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыруды одан әрі жалғастыратын боламыз. Бүгінде Меркі-Шу-Бурылбайтал автомобиль жолының 262 шақырымының құрылысы жүргізілуде. Ағымдағы жылдың соңына дейін аталған автожол құрылысын бір бағытта аяқтау жоспарлануда. Аудан әкімдері мен жауапты тұлғалар құрылыс жұмыстарының сапасын қадағалауы тиіс», деді Бердібек Сапарбаев. Сонымен қатар, облыс әкімі цифрландыруға қатысты мәселелерді жою, барлық азаматтардың интернетке қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша ауқымды жұмыстардың күтіп тұрғандығын айтты. Сондай-ақ, Президенттің мемлекеттік қызметтегі қағазбастылық мәселесін жоюға орай, өңірде көптеген процестер толығымен цифрландырылатынын жеткізді.

1

Жамбыл облыстық Қоғамдық кеңесінің төрағасы Әмзебек Жолшыбеков, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков, Қазақстанның Еңбек Ері, кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің төрағасы Мұқаш Ескендіров, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы облыстық филиалының төрағасы Ерболат Саурықов, «Жастар-зерттеу» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Парида Мамедова және өзге де азаматтар Жолдауда жүктелген міндеттерді жүзеге асыру жолдары туралы ойларымен бөлісті. Жиынға қатысушылар шағын және орта бизнесті қолдау, коммуналдық меншік нысандарын жекешелендіру, экология, «жасыл» экономика, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, мәслихаттардың, Қоғамдық кеңестің жұмысы, көппартиялық жүйені одан әрі дамыту, халықтың өз зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалануы, жеке тұрғын үй құрылысын дамыту, «5-10-25», «Нұрлы жер» бағдарламаларын іске асыру және балалардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау мәселелерін де талқылады.

 

Жамбыл облысы