1965 жылы 1 қыркүйекте Семей телестудиясының алғашқы ресми бағдарламасы көрерменге жол тартты. Бұл Алматы, Қарағанды және Өскеменнен кейінгі республика бойынша төртінші телестудия еді.
«Semei» телеарнасы жыл сайынғы республикалық фестивальдерге, телевизиялық байқауларға қатысу, салалық редакцияларға арналған хабарлар дайындау арқылы Қазақстандағы ең мықты студиялардың қатарына қосылды. Семей телестудиясы алғашқылардың бірі болып бейнемагнитофондар жиынтығын иеленді, өткен ғасырдың 80-ші жылдарында түрлі-түсті хабар таратуға көшті, студия ішіндегі телевизиялық бірлестіктердің жұмысына шаруашылық есеп тәжірибесін енгізді.
1990 жылдары S-VHS бейнеөндірісіне көшу жүзеге асырылды. Билік және бизнеспен серіктестік 90-шы жылдардың басында «Betacam» бейнетүсіру және монтаждау жабдықтарының жиынтығымен жабдықталған жалғыз аймақтық студия болуға мүмкіндік берді, бұл нарық жағдайына сәйкес жұмыс істеуге ықпал жасады.
Телеарна тәулік сайын 14 сағаттық қазақ және орыс тілдерінде хабар таратуды қамтамасыз етеді.
Қазіргі заман талабына сай әр бағдарламаның стилі мен дизайнын жақсарту бойынша тұрақты жұмыс жүргізілуде. Телеарнаның эфирінде көрермендер 19 циклдік тақырыптық бағдарламаларды: «Жаңалықтар», «Сәлем, Семей!», «Qala tynysy», «Dialog», «Арнайы репортаж» және осы сынды басқа да бағдарламаларды қазақ және орыс тілдерінде әртүрлі жанрларда тамашалай алады.
Жыл сайын телеарна көрерменге жаңа телевизиялық жобалар ұсынады. Биыл «Алтын арқау», «Тарихи Семей», «Өнеге» жобалар жарыққа шықпақ. Ауқымды техникалық жаңғыртудан кейін телебағдарламалар мен жаңалықтарды жазу FullHD форматында жүргізіледі.
Қазіргі таңда «Semei» телеарнасының студиялық павильондары толығымен жаңартылды. Техникалық жабдықтау жақсаруда: 4 К форматында жазуға мүмкіндік беретін жаңа камералар, квадрокоптер, «Osmo» стабилизаторы сатып алынды.
Тасымалданатын теледидарлық спутниктік станция (ТТСС) мен кадрлық әлеует жергілікті және республикалық маңызы бар телеконференцияларды сәтті өткізуге мүмкіндік беруде.
2019 жылғы байқаудың қорытындысы бойынша телеарна аймақтық мультиплекске енді, осылайша өз тарихында алғаш рет цифрлық форматта эфирлік хабар таратуды бастады. Қазіргі уақытта телеарна жергілікті «Alma TV», «Семсат ТВ» кабельдік операторларының пакеттерінде, Семей қаласының аумағында 50 шақырым радиуста сандық және аналогтық эфирлік хабар таратады. Ол «ID TV» желісінде де Қазақстан бойынша абоненттерге қолжетімді және semeytv.kz сайтында онлайн көрсетіледі.
Телеарна қызметкерлері Қазақстан Республикасы Президентінің, «Қазақстан» РТРК» АҚ Құрмет грамоталарымен, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің, Семей қаласы әкімінің дипломдарымен және Құрмет грамоталарымен, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысының қоғамдық ұйымдарының көптеген алғыс хаттарымен марапатталды.
Телеарна тұрақты жетілдіруде, хабар тарату сапасын және арнаның медиа-нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін жақсартуды жалғастыруда.