Руханият • 03 Қыркүйек, 2020

Ауылдағы асар немесе «бірлік бар жерде тірлік бар»

755 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қарт Қаратаудың төсіндегі Көсегенің Көкжоны аймағында шоқжұлдыздай бір шағын ауыл бар. Ол – Үшбас деген Сарысу ауданының өрелі азаматтарына таныс ауыл. Оның тарихына көз жүгіртсек, бір жазылмаған дастан десек артық айтпас­пыз, сірә.

Ауылдағы асар немесе «бірлік бар жерде тірлік бар»

Бұл ауылда дүние есігін ашып, кіндік қаны тамған, мына кең өмірге сол топырақтан қа­нат қағып мемлекеттік, қоғам қайраткері дәрежесіне жеткен зерделі тұлғалардан кем емес. Қазақтың жоғары білімді ал­ғашқы тау инженерлерінің бірі, Алматыдағы мемлекеттік тау-кен политехникалық инс­ти­тутының (қазіргі Ұлт­тық Қ.Сәт­баев атындағы техни­ка­лық уни­верситетінің) ұйымдас­ты­рушысы әрі алғашқы ректоры Әшір Бүркітбаев, ертеректе (1920 жылдары) Оңтүстік Қа­зақстан облысының ішкі істер басқармасын басқарған Ағабек Байдуллаев, Жон ауылдық кеңесінің төрағасы болып отыз жылға жуық қызмет еткен абзал жан Жұмағұл Ахатов, Сарысу ауданының өсіп-өркендеуіне үлес қосқан белгілі азамат, аудандық атқару комитетінің төрағасының орынбасары қызметінде болған Қуаныш Пәрімбеков, Мойынқұм ауданының денсаулық сақтау басқармасының меңгерушісі, аудандық аурухананың бас дәрігері болып ширек ғасырдан астам уақыт абыроймен еңбек етіп «Еңбек Қызыл Ту» және «Октябрь революциясы» орден­дерімен марапатталған Ер­болат Досымбеков, Ішкі істер ми­нистрлігінде біраз жыл қызмет еткен, полиция полковнигі Се­рік Құлыбеков, Алматыдағы кө­лік және коммуникация инс­титутының профессоры, техника ғылымдарының докторы Қабыланбек Айтбаев және осы жолдардың авторы – меди­цина ғылымдарының докторы, профессор, Нью-Йорк акаде­миясының және Қазақстан Жур­налистер одағының мүшесі Са­ғындық Ордабеков және т.б. осы шөкімдей ғана алақандай ауылдың төл перзенттері.

Тың игеру жылдары (1954-1955) өңірдегі бірнеше ұжымшар біріктіріліп, «Түркістан» тың кең­шары ұйымдастарылып, көп жылдар бойы мемлекет қамбасына көлемді мөлшерде астық тапсырып отырғаны белгілі. Мал шаруашылығын дамытуда да кеңшар еңбеккерлерінің үлесі аз болған жоқ. Әрдайым «Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» еңбек ететін ауыл тұр­­ғындарының ынтымағына, ұйым­шылдығына риза боласыз. Тіпті қазіргі уақыттың енгізген өзгерістеріне қарамай, әркім бас пайдасын ойлап, «біреуі көкке, екіншісі көлге» тартып жатқан заманда бұл ауылдың бұрыннан қалыптасқан тыныс-тіршілігі, бірлігі бүлінбей келе жатқаны басқаларға үлгі боларлықтай.

Ауыл ақсақалы Ілес Айт­жа­новтың ұйымдастыруымен, ауыл азаматтарының қолдауымен игілікті іс-шаралар атқарылып келеді. Мысалы, көктем айында өзен бойынан тоған тұрғызып, арықтарды тазалатып, су шығару, бұзылған жолдарды бірігіп қал­пына келтіру, көктемде ағаш көшеттерін отырғызу, ауылдың кіре берісіне көрнекті арка орнату, жастарды имандылыққа тәрбиелеу мақсатында мешіт салу, мал аяғына бастармау үшін ауыл сыртындағы бейіттерді қоршау сияқты ауылдастардың пайдалы істерін көріп жүрегіңіз жылиды.

Негізгі қызметтен қолым қалт еткен сәттерде мен де, жолдың ұзақтығына, қиындығына қара­май, туып-өскен ауылыма, табанымда топырағының табы қалған, мөлдір бұлағының бал суын татқан аяулы Үшбасқа тар­тып кеткім келіп тұрады. Өйткені онда алаңсыз балалық шақта тай-құлындай тебісіп бірге өскен, әзілдеріміз жарас­қан құрдастарым, әке-шешемнің көзін көрген ардақты аға-жең­гелерім тұрады. Ауыл сыр­тын­дағы ескі бейітте, жер бесікте мәңгілік тыныштық құшағында әке-шешем, бауырларым жатыр...

Таяуда, тамыздың соңғы күндері, кезекті бір демалысымда ұлым мен немеремді ілес­тіріп, ауылға барып, тағы бір игілікті істің куәсі болдым. Үш­бас тұрғындары тайлы-тұяғы қалмай бас қосып, Бастөбе (тау аты) сыртындағы Қамыр әулие маңындағы бейітке жол салып, тас-шағал төсеп, көктемгі сел шайы­п кеткен көпірді қалпына келтіру үшін асар жасап, еңбек көрігін қыздырып жатыр екен. Дәл ерте кездегі кинолардан, теле­дидардан көрген қайнаған еңбек майданы тәрізді. Грейдер мен бульдозерлер жолдың бойын тегістеп, жүк көліктерімен жеткізіліп жатқан шағалды жол бойына жазып жатса, өзен бо­йындағы карьерден эксковатор жүк машиналарына шағал артып жатыр. Жиырма шақты адам үш топқа бөлініп, тоған ба­сында цемент ертіндісімен тас қалап, ерекше шеберлікпен тас-тоған кетіктерін өріп барады. Бетон қозғағыш тынымсыз, бірсарынды шыр айналып тұр. Шелек ұстап, бетон ертіндісін тасып жүрген жастар да тынымсыз еңбек етуде. Ақыл-кеңестерін айтып, қолғабыстарын беріп ара­ларында әзіл-қалжыңдары жарасқан қариялар да жүр. Бұ­лақ басындағы көгалда қазан-ошақтарын орнатып, бірнеше жиылмалы үстелдерге ақ дастар­қандарын жайып, сары самау­рындарын қайнатып бір топ қыз-келіншектер жүр. Қайда көз сал­саң да жүрегіңді жылытатын, мерейіңді өсіретін қайнаған қызу еңбек, игілікті іс.

– Дала жұмыстарының сая­бырлағанын пайдаланып, ауыл болып асар ұйымдастырдық. Ең­бек етіп жатқандар үшбас­тық­тар ғана емес. Тараздан, Шым­­­кенттен, Алматыдан, Жаңа­тас­тан, Ә.Бүркітбаев ауылынан кел­­гендері де бар. Олар осы ауыл­­­дан қанаттанап шыққан азамат­тар. Ауылда өтетін асарды естіп, ат сабылтып туған аулына келіп, көпшілікке пайдалы іске үлес­терін қосып жатыр. Білегін түріп тас қалап жатқандар Жәкел мен Ардақ Төлебаевтар, Ербол Сағындықұлы Тараздан келді. Күрек сілтеп, шаңын шығарып жол тегістеп жүрген запастағы полковник Серік Құлыбеков және оның ұлы Сәт Шымкенттен жетті. Мақсат Жақсылықов сонау Алматыдан ат терлетіп жетті. Жаңатастан келген Өсербай Жұма­ғұлов, Дулат Өтешев, Нұр­хан Тұрлыбеков, Сәкен Үм­бет­ұлы, Бақыт Зеберұлы осы ауылдың түлектері. Ә.Бүр­кітбаев ауылынан Ділдә, Күзбасар, Қуат­бай, Жамбай сынды құр­бы­ларыңыз бен олардың балалары келді. Техниканың біразы ауыл азаматтарыныкі болса, қуатты бульдозер Жаңа­тас­тағы «Қаратау» өнеркәсіп бірле­с­тігінен (директоры – облыс­тық мәслихаттың депутаты Мұрат­қали Сәрсенов), эксковатор-тиегіш жеке кәсіпкер Шынайдар Ералиевтікі. Бетон араластыратын қондырғыны Сәкен Мамы­тов алып келді. «Көп түкірсе – көл» деген, көпшілікке, ағайынға рақмет. Бір күнде-ақ көп тір­лікті бітіріп тастайтын бол­­дық. Біле білсек, жер-жерде ата дәс­түріміз асарды қайта жаң­­ғыр­тып, көпбалалы отбасыларына, жалғызілікті қарттарға жәр­дем көрсетіп жатқанымыз орынды болды. Бір адамның бітіре алмайтын ісін, көпшілік болып бір күнде бітіріп жатыр­мыз. Әрдайым, әр ауылда осындай бірлік болсын, ауыл азамат­та­ры­ның ой-өрісі кең болып, туған ауылына деген жанашыр­­лығы, көмегі мол болсын, – деп риза­шылық сезімін білдірді Ілес Айтжанов ағамыз.

Қазақтың «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деген қанатты сөзі рас екен. Сарысу өңіріндегі Үшбас аулының тұрғындары мына қырық құбылған заманның қаншама қиындықтарына кезіксе де, оларға еш дес бермей, қо­жы­рамай, іргелері сөгілмей, кері­сінше, тіршілік түтінін тік шы­ғарып, туған атамекендерінің өсіп-өркендеуіне, көркеюіне аян­бай, тер төге еңбек етіп, жас ұрпақтарын ата-бабаларынының қалыптастырып кеткен салт-дәстүрлеріне, «кіші Отандарын» ерекше сүюге, үлкендерді сый­лауға, еңбекқорлыққа, отансүй­гіштікке, патриоттыққа тәрбилеп жатқаны қуантады.

Ұрпақтар сабақтастығы жал­ғасып, ата-бабаларының ісін әрі қарай жандандырып, ел игілігін арттыра беретін сенімді, саналы ұрпақ өсіп келе жатқаны қандай жақсы!

Бұл да рухани жаңғырудың бір көрінісі емес пе!

 

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

дәрігер-хирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор

 

ТАРАЗ