Саясат • 03 Қыркүйек, 2020

Басты басымдық – Жолдауды заңнамалық қолдау

152 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мәжілістің VI сессиясының алғашқы отырысы өтті. Онда Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Палатаның жыл соңына дейін Мемлекет басшысының Жолдауын заңнамалық қамтамасыз етуге байланысты қандай заң жобаларын қарайтынын айтып берді.

Басты басымдық – Жолдауды заңнамалық қолдау

Н.Нығматулин Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезекті сессияны ашып, Парламент қабырғасында халыққа ар­на­ған Жолдауын жариялағанын алға тар­тып, онда ел дамуына қажетті негізгі ба­ғыттар мен батыл қадамдар көрсетілгенін жеткізді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің Жолдауында уа­­қыт талабына сай даму бойынша не­гіз­гі бағыттар мен батыл қадамдарды көр­се­тіп берді. Ол еліміздегі барлық сала­­лар­ға арналып отыр. Сондықтан осы баста­ма­ларды сапалы заңдармен қамта­ма­­сыз ету – депутаттық корпустың негізгі мін­деті. Ең алдымен мемлекеттік қызмет жүйесін жаңғырту үшін жыл соңына дейін «Мемлекеттік қызмет туралы» заңнамаға түзетулер пакетін қабылдау қажет. Пре­зидент сапалы жаңа ұлттық индустрия­ны дамыту үшін жаңғыртылған заңнама­лық негіз қажет екенін баса айтты. Бұл жерде жыл соңына дейін әзірленуі тиіс «Өнер­кә­сіптік саясат туралы» заң өте маңызды, бұл заң өңдеуші өнеркәсіпті дамыту­дың қағидаттарын, мақсаттары мен мін­дет­терін белгілейтін болады», деді Спикер.

Экономикалық өсімді қалпына кел­ті­ру туралы заң жобасы аясында Мәжі­ліс Төрағасы депутаттардың назарын Мем­лекет басшысының жаңа құрал – стра­тегиялық инвестициялық келісімді енгізу бастамасын заңнамалық қолдаудың өзек­тілігін айтты.

«Жыл соңына дейін Үкіметке квази­мем­лекеттік сектордың барлық сатып алуларын қамтитын бірыңғай заң әзірлеу тап­сырылды. Бұл тақырыпты депутаттар бірнеше рет көтерген болатын. Президент біздің алдымызға Үкіметпен және «Ата­мекен» ұлттық палатасымен бірге Салық кодексі мен заңға тәуелді актілерді қайта қарау туралы міндет қойды. Жыл соңына дейін біз Экологиялық кодексті қабылдауымыз қажет, оның жобасы бізде қаралып жатыр. Қазақстанның ұлттық парктері мен басқа да табиғи байлықтарын заңнамалық түрде қорғап, осы салада құқық бұзушылық жасаған азаматтарды қылмыстық және әкімшілік қудалауды қатаңдату қажет», деді Н.Нығматулин.

Мәжіліс Төрағасының айтуынша, де­пу­таттарға құқық қорғау және сот жүйесін реформалау, бизнесті құқық қорғау органдарының шамадан тыс араласуынан қорғау, азаматтарды, әсіресе балаларды кибербұзушылықтан қорғау үшін заңнамалық негіз қажет.

Осылайша, 2021 жылдан бастап проку­рор­ларға адам құқықтары мен бостан­дығына қатысты қылмыстық істер бойынша негізгі процессуалдық шешімдерді мақұлдау міндеті заң жүзінде жүктеледі. Учаскелік инспек­тордың мәртебесі заңнамалық тұрғыда жоғарылап, нәтижелі жұмыс істеу үшін мүмкіндіктер беріледі.

«Біздің алдымызда бизнесті күш құры­лымдарының шамадан тыс араласуынан заңды түрде қорғау міндеті тұр. Мемлекет басшысы азаматтарды, әсіре­се балаларды кибербуллингтен қорғау бойынша заңнамалық шаралар қабыл­дауды, азаптауға қарсы күрес, адам сау­дасына қарсы күрес заңнамаларын жетілдіруді тапсырды. Оған қоса, жыл соңына дейін қоғамдық кеңестер туралы заң қабылдауымыз керек, ол қазір біздің Палатада жатыр. Қоғамдық бақылау туралы заң мен Ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі заңды әзірлеу мен қабылдау тапсырмасы да өзекті. Міне, жыл соңына дейін бірнеше айда қарастыратын заң жобаларының шағын тізімі осы. Бұл бізді үлкен жұмыс күтіп тұрғанын көрсетеді. Тағы да қайталаймын, біздің басымдығымыз – Президент Жолдауында айтылған барлық тапсырмаларды іске асыруды заңнамалық қамтамасыз ету. Барлық депутаттық корпус пен фракция­лар Жолдауды заңнамалық қамтамасыз ету үшін қажеттінің бәрін іске асыратынына сенімдімін», деді Нұрлан Нығматулин.

Сонымен қатар жалпы отырыста Палата бірқатар маңызды құжаттарды жұ­мыс­қа алды. Атап айтқанда, «2021 – 2023 жылдарға арналған республикалық бюд­жет туралы» және «Қазақстан Респуб­лика­сының Ұлттық қорынан 2021 – 2023 жыл­дарға арналған кепілдендірілген транс­ферт туралы» қаржылық заң жобалары.

Палата отырысында депутаттар «Техникалық реттеу туралы» және оған ілеспе заң жобаларын да жұмысқа алды. Жаңа құжаттардың қатарында «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» заң жобасы бар.

Бұдан бөлек, депутаттар бірқатар рати­фи­кациялық заң жобаларын да жұмысқа алмақ. Атап айтсақ, ЕАЭО туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттама, Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы екі ел астаналарында елшіліктердің жер учаскелерін өтеусіз пайдалануға өзара беру туралы келісім, Қазақстан мен Солтүстік Македония, Болгария, Корея елдері арасындағы сотталған адамдарды беру шарттары туралы заң жобалар бар.

Сондай-ақ алдағы уақытта қарас­ты­рылатын құжаттардың ішінде ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің бас бостан­дығынан айырумен байланысты емес жазаларды орындауды беру туралы конвенция, сонымен қатар Қазақстан Рес­публикасының Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымының Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ұйымының (ЮНЕСКО) арасындағы ЮНЕСКО аясында Мәдениеттерді жақындастыру халықаралық орталығын (2-санат) құру, ЕАЭО шеңберінде ауыл шаруашылығы жануарларымен селекциялық-асыл тұ­қым­дық жұмыс жүргізуді біріздендіруге ба­ғытталған шаралар туралы келісімдер бар.

Жалпы отырыста депутаттар бірқатар заң жобаларын ратификациялады. Олар: Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Қырғыз Республикасының қосылуына байланысты ЕАЭО туралы шартты, ЕАЭО құқығына кіретін жекелеген халықаралық шарттарды және ЕАЭО органдарының актілерін қолдануы жөніндегі жағдайлар мен өтпелі ережелер туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасы.

Сондай-ақ Мәжілісте «Қазақстан Респуб­­ликасы мен Біріккен Араб Әмір­лік­­тері арасындағы сотталған адамдар­ды беру шартын ратификациялау тура­лы» заң жобасы қаралды. Осы мәсе­леге байланысты баяндама жасаған Бас прокурордың орынбасары Болат Дем­баев­тың айтуынша, Біріккен Араб Әмір­ліктерінде Қазақстанның алты азаматы – бес ер адам және бір әйел жазасын өтеп жатыр. «Қазақстанның алты азама­тының бесеуі бір қылмыстық іс бойын­ша қамалған. Олар топ құру, абай­сызда кісі өлтіру және тонау бойын­ша 15 жылға бас бостандығынан айы­рылған. Бір адам есірткі саудасымен ай­налысқаны, шамамен бес кило психо­троп­тық заттар сатқаны үшін өмір бойы бас бостандығынан айырылған», деді Б.Дембаев.

Жалпы отырыста Қазақстан Респуб­ликасы Парламенті Мәжілісінің депутаты А.Құрманованың, Н.Дулатбековтің, Н.Әбдіровтің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы қаулы қабыл­данды. Сондай-ақ Палата депутаттары Қазақ­стан Республикасы Парламенті Мәжі­лісінің Заңнама және сот-құқықтық рефор­ма комитетінің төрағасы етіп депу­тат Қанат Му­синді сайлады. Оты­рыс соңында Мә­жі­ліс депутаттары мем­лекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады.