Қоғам • 03 Қыркүйек, 2020

Зәру

1099 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Адамдарға тез таралатын рух кеміргіш өсек пен өтірік тәрізді, мына ашкөз індет жүйткіген бойда әлемді әп-сәтте орап, төрткүл дүниенің төрінен орын алды. Адамзаттан ала алмай қалған өші бардай, жан-жағын жалмап, қарсы келгенді қармап, жолындағыны жайпап, әлдінің құтын қашырды, әлсіздің үнін өшірді. Әлі де арамызға уын шашқысы келеді...

Зәру

Денсаулық – жанымызға Алладан берілген Алатаудай бақ! Науқас адам сау адамның басынан тәж көргендей, деніміз саушылықта өмір жап-жарқын, ап-ашық, ғажап, керемет, өлім­нің өзі алыс көрінеді. Десек те, бұ тажалдың кешегі таяғын жеген біз не түйдік?

Тарихта Мұса (ғ.с) пайғамбар­дың Алламен тілдескен ғибрат­тары ішінде «Адамға ауруды не үшін бердің?» деген сұрағына «Пендем мені әлсін-әлсін есіне алсын деп бердім» деген жауабы бар. Кей бейбақтар әлі күнге кімге сеніп, неге сүйенетінін, қайдан келіп, қайда бара жатқа­ны­нан хабарсыз, білмейді, білгісі келмейді, ойсыз, қамсыз.

Негізінде, өзін жаратқан Жаратушыны, өзін өмірге әкел­ген ата-ананы, өзін ұмытқан адамның ақыры құрдым. Ал «Ауру, кесел, дерт деген не, олар қайдан және қалай пайда болды, кім ойлап тапты, не үшін, қандай мақсатта?» деген сұрақтарға «Ағзаның өсіп-өну қабілетінің бұзылуынан» деген уикипедия анықтамасы жауап бола ала ма?

Ойланайықшы, Алла тағала адамзатқа ауруды неліктен жібе­реді? Бұған ғасырлар бойғы ғы­лыми зерттеулер қажет емес. Себебі жауабын Алланың өзі «Пендем мені әлсін-әлсін есіне алсын деп бердім», деп айтып тұр. Зерделесек, «әлсін-әлсін». Ал біз тым болмағанда анда-сан­да еске аламыз ба? Міне, біз­дің бірінші осал тұсымыз – осы!

Дерт – күнәміз бен қателігі­мізге жаза немесе тағдырға беріл­­ген сынақ. Өйткені көзге көрін­­бейтін кез келген кесел адам­затқа даналық пен түйсік әкелуші құбылыс. Мәселен, науқас нені ойлайды? Әрине, үш күндік өмірді, өткенін, бүгінін, ертеңін, өкінішін, сағынышын, күнәсін, сауапты ісін, ұрпағын ойлайды. «Өліп қалсам не болады?» деген сұраққа жауап іздеп жүрегі діріл қағады. Одан да Жаратушысынан именіп, тәкаппарлығын тоқтатсын, шүкір етіп, тәубесіне келсін, қал­ға­нын Алланың өзі реттейді. Дерт тоқсан тоғыз десеңіз, оның тоқсан тоғыз емі бар. Онымен күресу құлшылық, емделу парыз. Дертке көңіл бөлмеу, бетімен жіберу, салғырт қарау, дер кезін­де қаралмау, айығуға ниеттенбеу, жанды дауаламау күнәнің ауыры.  Алла тағала пендесінің рухын жаңарту үшін, көлемі тозаңнан да ұсақ зәредей дертті төрт періштесімен жібереді. Осы төртеу адамнан қуатты, реңді, тәбетті және күнәні алып қояды. Егер пенде жүрегіндегі сеніммен дертінің шипасын Алладан күтсе, үш періште қуатын, реңін, тәбетін қайырады. Ал сабырмен тәубесіне келсе, күнәсі қайтарылмайды, яғни кешіріледі. «Өзім жазыламын» деген өзіндік жалаң сенім құр әншейін бос сөз болып қалады, өйткені рухтың иесі Алла! Сондықтан болар бабаларымыз науқас адамды күнәсіз санап бата алатыны. Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыз таң білінерде «Араларыңда науқастың көңілін сұраған жан бар ма?» деп, сахабаларына қайырылып отырған.

Үш тарапқа бағыт алған адам­ның әрбір қадамына сауап жазы­лады, күнәлары кешірі­ле­ді. Бұл ұлы жолдағы, яғни білім алуға аттанған, мешітке қарай беттеген, науқастың көңілін сұрауға шыққан адамның аяғы­ның астына періштелер қана­тын төсейді. Шығыс меди­ци­на­­сы­ның атасы Әбу Әли ибн Сина­ның: «Ауырған адам, емдеу­ші адам және ауру бар. Қайсысы қайсысымен бірігеді, солар жеңе­ді», дегенін де ұмытпаған жөн. Есімізде болсын, рухты шаң басса, дерт ұялайды.

Бойымыздағы дерт өршіген­де иіс дегенді сезбедік, дәм де­генді ұмыттық, ауруханалар толды, жете алмай талықсыдық, тыныстар тарылды, бір жұтым ауа, бір түйір дәріге тәуелді бол­дық. Бір орнында үйелеген қой­дай айналшықтап қалдық, тыпы­р­лап іздене бердік, шула­сақ та жеңбедік, әбіржіп қи­нал­дық, жылап шаршадық, соңында амалдың жоқтығын түсіндік. Ақырында еліміздің елеулі азаматтарын, талайдың сүйеніштерін, қимастарын қара жерге көміп тындық, өзегіміз өртенді, азалы күйде қалдық.

Еліміздегі әрбір мешіттің имам-молдасы күллі мұсыл­ман әлемімен бірге Отанымыз­дағы барша науқас жандардың дертінен айығуына жұма са­йын дұға жасайды, бұған ұйыған жамағат «Әумин!» деп алақан жаяды. Міне, сол имамдарды нұқып, молдаларды шұқитындар жақындарын жер қойнына жаназалап тапсыруға жабық мешіттерден бет сипатар адам таппай дал болды. Сырқаттана қалса, дәрігердің біліктісін іздейтіндер ине салдыру үшін медбикелерге зар болды. Азын-аулақ ғалымдарымызды «теріп» алып кеткенде, олардың қадірін түсіндік. Ал бүгінгі зәруіміз не?

Бақыт қайда барады? Әлбет­те, татулығы ұйыған елге, бір­лігі тасыған жерге барады. Сон­дықтан бірін-бірі кінәла­ған, әрі-бері тартысқан емес, ты­ныш­тық сақтаған бейбіт ел болуы­мыз керек. Тыныштық кімге барады? Әрине, жүрегі мейірімге, рухы иманға толы, көкірегі ояу адамға барады. Сол үшін мешіттерден қашқан, Жаратушысын ұмытқан емес, иманын байытқан, Құдайын таныған білімді ел болуымыз қажет. Ал білім кімде болады? Арманы асқақ, талабы таудай, ғылымға құштар өскелең жаста. Сондықтан кешегі қасіреттен аман қалып, айыққан біз бүгінгі демімізге шүкір етіп, өмі­рімізге өзгеріс енгізейік. Ал­­да­ғы ық­тимал қатерлерден аман шы­ғуға нық сенімде бола­йық. Ен­ді­гі жерде өрбіген ұрпа­ғы­­мыз­ды иман­ның нәрімен суа­­ра­­йық, қадамын мешіт пен мед­ре­се­ден бастатайық, ғылым және білім­ге бағыттайық, еліміз­дің келешегіне даярлайық.

Шындап келгенде, біздің ел қашаннан иманға зәру. Иманды елде бірлік те, береке де, бәрі де болады. Сондықтан осы зәру­ліктің орнын толтыруға барынша ұмтылуымыз керек-ақ.

 

Нұрлан қажы БАЙЖІГІТҰЛЫ,

дінтанушы, имам