Пікір • 03 Қыркүйек, 2020

Халқымыздың игілігіне жұмыс істейтін заңдар қабылдаймыз - Сенатор

96 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Владимир Волков халық қалаулыларының халық игілігіне жұмыс істейтін заңдар қабылдайтынын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz. 

Халқымыздың игілігіне жұмыс істейтін заңдар қабылдаймыз - Сенатор

"Қазақстан Президентінің халыққа Жолдауы республиканың әрбір тұрғыны үшін маңызды оқиға, өйткені онда елдің одан әрі даму бағыттары белгіленген. Мемлекет басшысы пандемия мен әлем экономикасының құлдырауына байланысты өмірдің барлық салаларындағы дағдарыстан шығуға мүмкіндік беретін маңызды реформаны іске қосты.

Президент қиын кезеңге қарамастан мемлекет қол жеткізген жетістіктермен тоқтап қалмауы тиіс екенін әрі әлеуметтік, экономикалық және басқа да салаларды дамытудың жаңа мүмкіндіктері іздестіріле берілетінін атап өтті.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Жолдауда «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында құқық қорғау және сот жүйесін одан әрі реформалау жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау басты басымдық болып қала береді. Жан-жағымыздың қарқынды өзгеріп жатқанын, елдегі қазіргі жағдайды ескере отырып, полиция мен азаматтар арасындағы жұмыстың жаңа озық әдістері енгізілетін болады.

Азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту, оларды қылмыстық қудалау аясына негізсіз тартуды жою мақсатында Президент Қазақстанда өкілеттіктерін нақты бөле отырып, үш буынды: полиция-прокурор-сот үлгісін енгізуді тапсырды, бұл тежемелік және тепе-теңдік жүйесін нығайтуға мүмкіндік береді.

Жергілікті полиция қызметі "бір қадамдық қолжетімділіктегі полиция" қағидаты бойынша реформаланатын болады, онда учаскелік инспектордың мәртебесін заңнамалық деңгейде көтеру арқылы оларға басты рөл беріледі.

Сонымен қатар, Президент заң шығару мен заңдарды қабылдаудың баяулығына және нормативтік құқықтық актілерді құқықтық регламенттеу деңгейінің теңгеріміне ерекше назар аударып отыр.

Жолдаудың аясында қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу кодекстеріне жиі өзгерістер енгізу мәселелерінің маңызы зор екені айтылды, өйткені құқық қолданушылар мен азаматтар үшін қолданыстағы заңдардың тұрақтылығы маңызды.

Белгіленген жоспарды іске асыру үшін берілген барлық тапсырмаларды шешуге бағытталған бірқатар заңнамалық актілерді қабылдау қажет, ал депутаттық корпустың міндеті - халқымыздың игілігі үшін жұмыс істейтін сапалы заңдар қабылдау болып отыр", еді Сенат депутаты.